Интернационалист-жауынгерлерге құрмет

Көкшетау қаласында Тәжікстан Республикасындағы тәжік-ауған шекарасын қорғауға қатысқан қазақстандық бітімгершілік батальонының шығарылғанына 19 жыл толуына орай тағылымды акция ұйымдастырылды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған шараға Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, 1993-2001 жылдары тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген ақмолалық жауынгерлер, белсенді жастар мен журналистер қатысты.
Шара «Мәңгілік алауға» гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Онда тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысқан бір топ көкшетаулық наградалармен марапатталды. Акцияға жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нариман Әбдірахманов, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Көкшетау қалалық «Тәжік-ауған шекарасында әскери қақтығыстарға қатысушылар» ардагерлер одағының төрағасы Қайдар Бәкіров шараның маңыздылығына тоқтала келе, алда келе жатқан Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
– Жауынгерлер ТМД шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең күрделі учаскесінің тыныштығын күзетті. Олардың басты мақсаты – жалпы саяси жағдайдың тұрақтануына дейін, тәжік-ауған шекарасындағы ахуалды ретке келтіру болды. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек пен босқындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті, – деді Қайдар Бәкіров өз сөзінде.
Сонымен қатар, ол Көкшетауда тәжік-ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткіш орнатылатынын атап өтті. Шара барысында акцияға қатысушылар интернационалист-жауынгерлер ескерткішіне де гүл шоқтарын қойды.
Айта кетейік, 1993 жылы ТМД мемлекеті басшылары Тәжікстан елінің Ауғанстанмен шектесетін қорғаусыз қалған шекарасына әскер жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. Сол жылдары Елбасының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің 500 сарбазы ТМД-нің сыртқы шекарасының күзетін күшейтуге аттандырылады.
Сол миссияда мемлекеттік мүддені алға қойып, шекара тыныштығын күзеткен ТМД әскері 356 жауынгерінен айырылды. Соның ішінде 54-і қазақстандық әскери қызметшілер. Қазақ жауынгерлері 8 жылдан кейін 2001 жылы 8 ақпан күні елге оралды. Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Памир тауларындағы Пшихавр шатқалында орын алды. Онда содырлармен болған атыста 17 қазақ жігіті көз жұмған болатын. Қазіргі кезде олардың ерлігі еленіп, елдің әрбір өңірінде ескерткіштер, мектептер мен аллеялар бой көтеруде.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар