Білім саласының биік міндеттері

Көкшетауда облыстық білім басқармасы алқасының кеңейтілген мәжілісі өткізілді. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, аудандық білім бөлімдерінің, ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары, білім беру кәсіподағының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Алқа мәжілісінде облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов «Ақмола облыстық білім басқармасының 2019 жылғы қызметінің қорытындылары және 2020 жылға арналған міндеттер туралы» баяндама жасады.
–Өткен жыл Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының қорытынды жылы болды және айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді ,–деді В.Гамазов. Облыста барлық жоспарлы межелер мен мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру көрсеткіштері ойдағыдай орындалды. Бағдарламаны жүзеге асыру жылдары 8388 орындық 87 мектепке дейінгі мекеме ашылып, 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100 пайыз қамтылды. Қазіргі күні 609 мектеп жасына дейінгі мекемеде 350-ден астам педагог қызмет етеді. Жеке меншік балалар бақшасының саны 108-ге жетіп, 44,3 па-йызды құрап отыр. Мектепке дейінгі тәрбие саласында мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің 13 жобасы іске асырылуда.
Бұдан кейін баяндамашы орта және кәсіптік білім беру бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталып өтіп, 2020 жылдың өзекті міндеттерін саралай көрсетті. Облыстағы 576 мектепте білім алатын 129 мың оқушыға 15 мың мұғалім дәріс оқуда. Жаңа оқу жылында мектептерге 485 жыс педагог келсе, оның 321-і ауылдық мектептерде жұмыс істеуде. Білім ошақтарындағы 6 мыңнан астам мұғалімнің біліктілікті жетілдіру курстарында, 7320 педагогтың жаңа жүйедегі аттестацияда өтуі сапалық көрсеткіштердің өсуіне ықпал еткен. Былтырғы түлектердің 242-сі «Алтын белгі» және 173-і үздік аттестат алуы осыны айғақтайды. Биылғы оқу жылының өзінде мектеп оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда, конкурстарда және ғылыми жобаларда 34 медальды жеңіп алды. Мұны білім ордаларының кең ауқымдағы материалдық-техникалық жабдықталуымен де байланыстыруға болады.
Техникалық және кәсіптік білім берудегі 33 колледжде 21 мыңнан астам адам білім алып жатса, мұның ішінде 16 мыңнан астам оқушы мемлекеттік тапсырыс бо-
йынша 13 мамандықты игеруде. Өткен жылы колледждерді бітірген 5 мыңнан астам адамның 95 пайызы жұмысқа орналастырылыпты. «Тегін кәсіптік білім», «Еңбек», «Жас маман», «Атамекен» бағдарламаларының мақсатты түрде жалғасын табуы кәсіптік білімнің мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр.
Әйткенмен, уақыт талабы білім саласының үнемі жетілдірілуін талап етеді. Баяндаманы талқылау барысында және қабылданған қаулыда биылғы жылдың биік межелері нақтыланып, іске басшылық етіп алынуы сала қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыратыны белгілі. Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан, «Мұғалім мәртебесі» Заңының талаптарынан туындайтын өзекті мәселелер екендігі атап көрсетілді.
Секциялық мәжілісте Целиноград ауданы оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Майра Байболатова, облыстық оқу-әдістемелік кабинеті мекемесінің директоры Жанаргүл Баймақова, Көкшетау қаласындағы жоғары колледжі директорының орынбасары Азықия Мағауина, дарынды балалармен жұмыс жүргізу бойынша облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Еркін Оразов, Ақмола облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Серік Алтаев баяндама жасап, пікір алмасулар ұйымдастырылды.
Басқарманың кеңейтілген мәжілісінің жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары А.Мысырәлімова білім саласы қызметкерлеріне қойылып отырылған жаңа міндеттердің толық деңгейде орындалуы күнделікті назарда ұсталатындығын атап көрсетіп, ұстаздар қауымының бір тобына марапаттар тапсырды.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар