Мюнхен сапары: Қазақстанның сыртқы саясатының жаңа белесі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 14 ақпанда Германияға басталған жұмыс сапары сәтті аяқталды. Мемлекет басшысы қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының ресми ашылу рәсіміне қатысып, панельдік пікірталаста өңірлік қауіпсіздік мәселесі бойынша «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйлеп, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайында өзінің ой-пікірін ортаға салды.

Мемлекет басшысы Германияның ірі компаниялары басшыларымен – «BayWa AG» компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутцпен, «Rhenus SE&Co.KG» компаниясының басқарма мүшесі Михаэл Виферспен және «Reverse Logistics Systems GmbH» компаниясының басқарма төрағасы Патрик Видеманнмен екіжақты кездесулер өткізді.
Германияның ірі ауыл шаруашылығы компаниясының басшысы Клаус Лутцпен болған кездесуде энергия көздерін қайта қалпына келтіру және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру салалары бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Германия бизнесімен арадағы тығыз әрі жемісті ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін атап өтіп, кәсіпкердің назарын еліміздегі энергия көздерін қайта қалпына келтіру және тыңайтқыштар өндіру бағытының әлеуетін арттырудың маңыздылығына аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы күні Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты қарастырды, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
***
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының ресми ашылу рәсіміне қатысты.
Рәсім барысында қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингер, Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер және Франция Президенті Эмманюэль Макрон сөз сөйледі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конференция асында өтетін панельдік пікірталаста өңірлік қауіпсіздік мәселесі бо-йынша «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйлейді деп жоспарланған. Мемлекет басшысы өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайында өзінің ой-пікірін ортаға салады.
Мюнхенде өтетін іс-шараға қатысуға 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарының жетекшілері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар келді.
Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қарастырылады. Конференцияға қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялардың проблемалары, Таяу Шығыстағы ахуал, Еуропалық Одақ, АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлері, Еуропалық Одақ пен НАТО-ның келешегі, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлері, жалған ақпараттарға тосқауыл қою және басқа да мәселелерді талқылайды.
***
Германияға жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Анхел Гурриамен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы байланыстардың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенге жасаған жұмыс сапары барысында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді. Кездесуде мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, көлік-логистика, энергетика, коммуникация, ауыл шаруашылығы салаларындағы екіжақты ықпалдастық жайында әңгімелесті. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Қазақстан Президенті Мюнхендегі жұмыс сапарының екінші күні Кувейттің Премьер-Министрі шейх Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабахпен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы екі елдің мемлекетаралық байланыстарының достық сипатын және оның қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екіжақты және көпжақты форматтағы өзара ынтымақтастықты нығайту үшін әлеуеттің жеткілікті екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясының аясында Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесуспен және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен, Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанимен кездесті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар