Майданда жүріп Еңбек Ері атағын алған

ақмолалық Жаппархан Асайыновтың ерлігін білеміз бе?!.

Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майданда көрсеткен өшпес ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры жоғары атағының орнына Социалистік Еңбек Ері атағын алған адамдар да бар. Солардың бірі әрі бірегейі ақмолалық Жаппархан Асайынов. Ол бұрынғы Целиноград облысының Астрахан ауданындағы Қоскөл ауылының тумасы. Бұл елді мекен кешегі кеңес дәуірінде «Колутон» кеңшарының бөлімшесі болған. Қазір ауылда жиырма бестей ғана үй қалған көрінеді.

Кезінде Жаппархан ағамыз туралы Қазақстанның Халық жазушысы Ғабиден Мұстафин қалам тартып, ол туындысы «Жиырма бес» деген кітабына енген екен. Сондай-ақ, батыр ағамыз туралы деректерді 1970 жылы жарыққа шыққан «Герой Социалистического Труда Казахстана» атты кітаптың төртінші томынан да кездестіруге болады. Осы мақаланы жазу барысында ғаламторды олай шарлап, былай шарлап, майданда көрсеткен ерлігі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алған басқа адамдар туралы деректерді таба алмадық.
Ал, енді қызып тұрған соғыста осы атаққа қол жеткізген Жаппархан ағамыз қандай ісімен көзге түскен? Осыған тоқталмас бұрын алдымен, оқырманды ол кісінің өмір және майдан жолынан да қысқаша хабардар ете кетейік.
1940 жылы Қызыл Армия қатарына әскерге шақырылғанда, Жаппархан өзінің туған ауылы – «Красный Пахарь» колхозында қатардағы колхозшы болып еңбек етіп жүрген еді. Содан Ұлы Отан соғысының от-жалынына небары 22 жасында осы әскер қатарында тап болады. Соғыстың алғашқы күндерінен неміс-фашист басқыншыларына қарсы жан аянбай шайқасып, қаһармандық пен батылдықтың асқан үлгісін көрсетеді. Бұған майдан даласында төрт рет жараланып, соның төртеуінде де госпитальдан жазылып шығысымен, қайта ұрысқа кіргені дәлел.
Осы сөзіміздің айғағындай, қолымыздағы мына бір деректі құжатта да «Жаппархан Асайынов алғы шепте пулеметші, снайпер, барлаушы да болды. Ең бір күрделі деген әскери жағдайларда өзінің өжеттігімен және тапқырлығымен көзге түсті. Калинин қаласы үшін болған ұрыста алты жау солдатының көзін жойып, өзі қолға түсірген неміс пулеметшісін пулеметімен қоса, штабқа әкеліп тапсырды. Осы ерлігі үшін қатардағы жауынгер Ж.Асайынов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды» деп жазылған.
Алғы шепте төртінші рет жараланғаннан кейін ержүрек сарбазды жау шабуылынан бұзылған рельстерді қайта қалпына келтіретін 81-інші Қызыл Тулы темір жол полкіне ауыстырады. Жас болса да көпті көрген Жаппархан ағамызға мұнда да оңай соқпайды. Әскери бөлім талай рет оқ пен оттың астында қалып, небір тұйықтан жеке құрамның үйлесімді іс-қимылының арқасында ғана шығып жүреді. Осындай күндердің бірінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан темір жол станциясына тағы да жау ұшақтары шүйлігеді.
Олар тастаған бомбадан станцияда өрт шығып, әскери қару-жарақ тиелген эшалон отқа орана бастайды. Міне, осы сәтте Жаппархан ағамыз тағы бір көзсіз ерлікке барып, жанып жатқан бірнеше вагонды жандәрмен пойыздан ағытады да, қалған вагондарға қауіп төнбейтіндей етіп, жанындағы серіктерімен бірге оларды рельс бойымен әрі апарып тастайды.
Бұл шынында, жауға кек болып құйылатын қаншама оқ пен әскери техниканың аман қалуына септігін тигізген үлкен ерліктің нағыз өзі болатын. Сол жолы әскери бөлім басшылығы да ақмолалық өреннің осы ерлігін лайықты бағалап, оны Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына ұсынады. Алайда, ол ұсыныс қолдау тапқанымен, өзгеріске ұшырап, 1943 жылғы 5 қарашадағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Жаппархан Асайыновқа Кеңес Одағының Батыры атағы емес, Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
Міне, майданда жүріп, әдетте еңбек майталмандарына тиесілі осынау жоғары атаққа ие болған жерлесіміздің біз оқырманға жеткізсек деген жауынгерлік жолы осындай. Бұдан кейін әрине, бізді сол қырғыннан бері 75 жыл өтсе де, есімі мен ерлігін көпшілік жөнді біле қоймайтын осы ағамыздың туған жерінде көзін көрген үлкендер мен ағайын-туыстары, соңында қалған ұрпақтары бар ма екен деген ойдың да мазалағаны анық. Өйткені, даңқты майдангер қанды қасап соғыстың бар сынынан өтіп, 1945 жылы Ұлы Жеңіс қуанышынан кейін аман-есен елге оралған.
–Ұлы Отан соғысы тарихына есімі өшпестей болып жазылған Жаппархан Асайынов менің ет жақын туысым,–дейді бұл орайда, біз бірден бірге шығып, телефон арқылы тауып алған Астрахан селосының тұрғыны, көп жыл осы Астрахан ауданы әкімінің орынбасары, аудандық мәслихаттың хатшысы болып қызмет атқарған еңбек ардагері Қайырбек Қалиасқарұлы Құсайынов. –Менің әкемнің әкесі, яғни, атам Құсайын мен Жаппарханның әкесі Асайын бірге туған. Жалпы, Үсейін деген інілерін қосқанда, бұл кісілер үш ағайынды. Сол бір сұрапыл соғыс жылдары біздің әулеттен де алты адам қан майданға аттанып, екеуі оралмады. Әкем Қалиасқардың өзінен қара қағаз келіп, төрт айдан кейін ғана «аман-есенмін, ұрыс даласында ес-түссіз қалыппын» деген хабары жеткен. Әрине, күні бүгінге дейін мұндайда біздің бүкіл ағайын-туыс болып мақтан тұтатынымыз осы Жаппархан ағамыз.
Иә, 1943 жылы Еңбек Ері атағын алғаннан кейін ол кісі елге демалысқа да келіпті. Қайырбек аға онда есін әжептәуір біліп қалған 4-5 жастағы бала екен. Батырды елдің адамдары облыс, ауданнан келген басшылармен бірге өзінің үйінде қарсы алғанын, той болғанын айтады. Сол тұста қатар тұрған Қоскөл мен Ковыленка ауылдары өз алдына бір-бір жеке колхоз болса керек. Соғыстан соң осы екі ауылды бір колхозға біріктіріп, оған Ж.Асайыновтың атын береді. Ол шаруашылық қашан тың және тыңайған жерлерге түрен салынғанша «миллионер колхоз» атанып тұрыпты. Бертін егіншілік, мал шаруашылығында жақсы табыстарға жеткен «Колутон» кеңшары осындай 5-6 ауылдың негізінде құрылған көрінеді.
–Жаппархан ағамыздың соғыстан кейінгі бар өмірі сол кездегі ел астанасы Алматыда өтті,–дейді бұдан әрі Қайырбек аға. –Үкімет пәтер беріп, халық шаруашылығы саласында қызмет атқарды. Ақмолаға келіп, темір жол техникумына оқуға түсіп еді, денсаулығы көтермеді. Осылайша 1963 жылы небары 44 жасында соғыста алған төрт бірдей жараның салдарынан ерте көз жұмып кете барды. Өкінішке орай, соңында қалған үш тұяғының екеуі – Марат пен Мұраттың да ғұмырлары өзіндей қысқа болды. Әсіресе, Ленинград көркемсурет училищесін бітірген Мараты талантты болған деседі. Қазір тек үлкен ұлы Мағауия ғана Алматыда тұрады.
Осыны айтқан әрі орынды түрде мәселе көтере жүріп, аудан орталығының бір көшесіне Жаппархан Асайыновтың есімі берілуіне қол жеткізген Қайырбек ағамыз бізбен аз-кем әңгіме барысында көкейіндегі мына бір жайды да бүгіп қала алмаған. Осы Ақмола жерінде, дәлірек айтсақ, Атбасар ауданында Ирченко деген темір жол станциясы бар. Ол Ирченкоңыз Кеңес өкіметі орнаған 1918 жылы партизан болған адам. Кейін Үкімет Қаулысымен бір станцияға аты берілген. Ал, Астрахан ауданында, астанаға барар жолда тұрған мән-мағынасы бұлдыр Колутон станциясын неге Жаппархан Асайыновтың есімімен атамасқа?! Темір жол бойында ерлік жасаған батырға нағыз ізет осы болар. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соны біздің «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басшылығы ойланып көрсе. Қиын мәселе емес қой. Бар болғаны ерлікке – құрмет, ерге – тағзым.
Тәуелсіздігімізді алып, өз қолымыздың өз аузымызға жеткенін осындай игі істермен дәлелдесек, өскелең ұрпаққа да үлгі-өнеге емес пе?!.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерде: Жаппархан Асайыновтың 60-ыншы жылдары Алматыда түскен суреті; соғыс жылдары қаруластарымен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар