Мақатбай партизанның ерлігі

Заман толқуымен шартарапты мекен еткен қазақтардың барған жерінде табысты еңбек етіп, қаншама биіктерді бағындырғаны мәлім. Сондай адамдардың бірі – партизан Мақатбай Оразалыұлының ерлігі бір төбе.

Жау басып алған жерлерде халық ерікті түрде қатысқан, өз Отанының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауға ат салысқан күрестің бір түрі партизан қозғалысы екені мәлім. Бұл жөнінде тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы: «Тұлба көлінің жағалауына таяу жердегі Саруул гүн мекеніне орналасқан Кайгародов жасақтары оны тастап шығады. Сол кезде Бакичтің қолы келе жатқаны туралы хабар жетеді де, К.Байкалов қосымша күш келтіруді тілеп хат жазып, оны қазақтар арқылы Сібір жақтағы Қызыл Армияға жолдап, өзі осынау шағын мекенде бекініс жасайды. Ара қақтығыс бекіністің үшінші күні немесе 1921 жылы 9 қыркүйекте басталып, К.Байкалов генерал Бакич пен есаул Кайгародовтың қоршауында қалды. Қоршау 42 тәулікке созылды. Екі жақ бірін-бірі жаза бастырмаған аңдысу үстінде ірі қақтығыстар, қыруар шығын болады. Бірде Ц.Хасбатор бір топ жасағымен қоршаудан үнсіз кетіп қалады. Қоршаудағыларға әсіресе сусын, аштық зардабы қатты өтеді. Сол қиын кезеңде жанкештілікпен су тасып, әкеліп тұрған Мақатбайдың септігі мол тигенін қоршауда болған адамдар ешқашан ұмытқан емес. Қоршаудың соңғы күні Қош-агач жақтан Исаков бастаған 21-дивизия көмекке келіп, қызылдарды құтқарып, бытыраған қолдарын тере жүріп, жойып, батыс өлкені ақтардан түпкілікті тазартқанын» жазады.
Тұлба көл маңындағы қоршауда болған Рахымжан деген кісі өз естелігінде: «О.Мақатбайдың еңбегі бар. Ол кісі жауып тұрған оқтан қорықпай қоршауда атысып жатқан қызылдарға көк биемен су тасып тұрған» дейді. Қазақ КСР энцоклопедиясының 7-томында: «Мақатбай Оразалыұлы Моңғол Халық Республикасының Баян-Өлгий аймағында туған (1892-1972). Моңғол Халық Республикасының батыр партизаны, ұлты – қазақ. 1921 жылы К.Байкаловтың басшылығымен Қызыл Армия бөлімдері және қолбасшы Хасбатор бастаған Халық Революцияшыл бөлімдері МХР-дің батыс өлкесін, Баян-Өлгий аймағын ақ гвардияшылдардан азат ету жолында шайқасқан кезде Мақатбай Оразалыұлы оған белсене қатысып, ерлік көрсетті. Мақатбай Оразалыұлы соғыстың қиын жағдайына қарамастан, комиссар К.Байкаловтың құпия хатын Қосағаштағы (қазіргі РСФСР-дің Таулы-Алтай автономиялы облысының ауданы) кеңес әскерлерінің гарнизонына табыс етті. Совет әскерлерінің бөлімдері жедел жәрдемге келді. Соның нәтижесінде Байкалов пен Хасбатор бастаған әскери бөлімдер жау қоршауын бұзып, ақ гвардияшылдарды тас-талқан етті. Ерлік еңбегі үшін оған Моңғолия Халық Республикасының партизаны деген атақ берілді. Мақатбай Оразалыұлы МХР-дің Алтын Жұлдыз, КСРО-ның Қызыл Жұлдыз ордендерімен және көптеген медальдармен наградталған» деп атап көрсеткен.
Ленинград қаласында тоқыма институтын тәмамдап, ұзақ жыл Ұлан-Батыр қаласында мамандығы бойынша еңбек етіп, тәуелсіздік алған жылдары атажұртқа оралып, Алматы қаласын мекен еткен немересі Тауфих Серғазықызы атасы туралы былай дейді: «Моңғолияның батысындағы Ойғыр деген жерде туған, Далай-лама Дамбижанцанның кезінде Алтайға асып кетіп, ел тынышталған соң қайтып келіпті. Арабтың төте жазуын жетік меңгерген көзі ашық, көкірегі ояу адам еді. Сол кездегі партия мен үкіметтің саясатын жақсы түсініп, шамасы келгенше қолдау, көмек жасаған адам».
Осындайда Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегені ойға оралады. Әлі есімде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ баспасөзі арқылы «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты хаты жарияланды. Хатта: «…Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгеріс алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991 – қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол жаңа 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңыздың отбасыңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін. Аспанымыз әрқашанда ашық болсын! Сіздермен атамекенде табысатын, емін-еркін қауышатын күнге тезірек жетейік. 1991 жыл қазақ елі үшін тарихта алтын әріппен жазылып қалатын күн болды…», – деген еді.
Елбасының осы лебізі сеңді бұзғандай әсер етті. Ұлы көш басталып, Моңғолияның батысындағы Мақатбайдың үрім-бұтағы ата-жұртқа ат басын тіреп, Алматы қаласы, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола облыстарының ауыл, аудандарын мекен ете бастады. Шежіреге жүгінсек, Оразалыдан Сағынбай, Сақитбай, Мақатбай, Сақабай, Кәрібай туған. Мақатбайдан Кәмел, Самал, Мүтәл, Мәдетхан, Дағай, Алақай, Амангелді өрбіген. Алақайдың баласы Табиғат Новомарковка ауылын мекендейді. Осы ауылға қонаққа келген Серғазықызы Тауфих апайға жолықтық. Әңгіме барысында атасы Мақатбайды Ұлан-Батыр қаласына арнайы шақырумен мерекелерге, жиналыстарға, туристік сапарларға қатыстырғанын айтады. Жол жүргенде жанында арнаулы адамы, дәрігері де болатын. Туыстарының үйіне баратын, арнайы көлікпен жеткізіп, уақытын келісіп, мерзімі біткенде алып кетіп, қонақ үйге қондыратын, арнаулы күтушілері болған дейді. Оң қолында жарақаты болған, үнемі матаны ауыстырып тазалап жүретін. Мақатбайдың туған жылы 1892 жыл деп еді, құжаттарында 1895 жыл деп жазылыпты, бұл жөнінде өзі дәнеңе етпес, бір жаңсақтық болған шығар деп аса мән бермесе керек. «Дүние жинамаған адам еді» дейді ара-тұра кеңесін тыңдап жүрген Ө.Оралды ақсақал. Әңгімесін Құдай бір, Құран шын, кітап ортақ деп бастайтынын айтады. Өмірден өтер алдында алған орден-медаль, марапаттарын, куәліктерін немересі Қайрөш Серғазыұлының үйіне сақтатқан. Қайрөш бұл материалдарды 42 жылдан астам бүлдірмей сақтап, 2014 жылы түгелдей Өлгий қаласының өлкетану музейіне тапсырыпты. Аманатқа қиянат болмасын деген шығар…
Ата жұрттан жырақ жүрсе де кеңес пен моңғол елінің достығын сақтап, Қызыл Армияға көмек жасаған бір адамның тарихы осындай.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар