Ерліктің ізі ешқашан өшпейді

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні. Осыған орай, Көкшетау қаласындағы Ауған жауынгерлері аллеясында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен салтанатты жиын болып өтті. Іс-шараға қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ауған жерінде ерлікпен қаза тапқандардың рухына тағзым етті.

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл. Ауған соғысы ардагерлерін облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан осы айшықты оқиғамен құттықтаған Айна Мысырәлімова оларға кешегі қырғи-қабақ соғыстың қиын-қыстау күндері ерлік көрсетіп, өнегелі іс қалдырғандары үшін шын жүректен алғыс білдіре келіп, бірқатар жауынгерлерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Қазақ жерінен осы соғысқа аттанғандардың 924-і шайқаста ерлікпен қаза тапқан, 21 адам хабар-ошарсыз кеткен. Ауған жеріне Ақмола облысынан да 1113 адам аттанды. Оның 61-і соғыс даласында ерлікпен қаза тапса, 3 адам із-түссіз жоғалып кеткен. Қазір облыста 768 ауған соғысының ардагері бар. Олардың 191-і Көкшетау қаласында тұрады.
Жиын барысында Ақмола облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қауымдастығының төрағасы Ыбырай Дуанбай, Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Ералин сөз сөйлеп, жиналған қауымға жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Одан әрі митингіге қатысушылар соғыста қаза тапқандардың ескерткішіне гүл қойып, ерліктің өшпес ізін қалдырған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Атаулы күнге орайластырылып өткізілген шара Красный Яр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінде жалғасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар