Абай – би, Абай – заңгер

ол жазған Қарамола ережесі осыны анық аңғартады

XIX ғасыр қазақ тарихындағы аса ауыр кезең болды. Бұл кезенде патша өкіметінің басқару жүйесінде елеулі өзгерістер орын алып, отарлау саясаты тамырын кең жайды. Бодандықтың тар қыспағы барлық салалардан байқалды. Қазақтарды шұрайлы жерлерден ығыстырып, жергілікті ұлт өкілдері үлкен биліктен аластатылды. Ғасырлар бойы елдегі дау-дамайларды шешіп, ағайын арасын бітістіріп отырған дәстүрлі билер сотын тарату – ұлт тамырына балта шабу еді. Осы тұста 1885 жылы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлы Қарамола ережесін жазды.

Біз көбінесе Абайды қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ағартушы, композитор, классик ақын, заманының әділ биі, ел басқарудың жүгін қайыспай көтерген нар тұлғалы қоғам қайраткері деп біліп келсек, бүгін абайтанушы ғалымдардың арқасында Абай Құнанбайұлын заңтанушы ретінде жаңа қырынан танып отырмыз. Сондықтан, ақын бабамызды Қазақ мемлекетін құруды санасына сіңіріп, оны келер ұрпаққа жеткізуге атсалысқан, өзі өмір сүрген дәуір шындығын терең зерттеген ойшыл, елінің әлеуметтік жайын, мұң-мұқтажын айта білген, қазақтың маңдайына біткен дара туған талант иесі ретінде бүгінгі ұрпаққа танытуымыз қажет.
Өткен тарихты, ата-баба дәстүрін жетік білген, даланың жазылған, жазылмаған заңдарын екшеп, сұрыптап кәдеге жаратқан Абай: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысын» білмек керек», – деп билікке келген азаматтардың көп оқып, көкейіне түйгені мол адам болуы керектігін талап етті. Абай бұл ережеге дала заңдарының принциптерін барынша кіргізіп, патшалық Ресей заңдарынан бойын аулақ салды. Қарамола ережесінің бүгінгі қолданыстағы заңдармен үндесуі де сондықтан десек, артық болмайды.
Ұлы Абайдың аса беделді би ретінде көрінуі Қарамола съезімен тығыз байланысты. Ол кезде қазақ тұрмысында орын алған мәселелерді шұғыл съездерде қарау әдетке айналған. Сондай құрылтайлардың бірі 1885 жылдың мамыр айында Шар елді мекеніне таяу жердегі Қарамолада өтеді. Семей губерниясына қарасты бес уездің атақты билері, ақсақал, болыстары қатысқан съезде Абай төбе би болып сайланады. Съезді сол кездегі Семейдің генерал-губернаторы Циклинский басқарып, қазақтың жаңа заң ережесін жасауды Абайға тапсырған еді. «Абай жазды» делінетін ереженің туу тарихы осындай.
Сайып келгенде, заң қатарлы мәні болған аталмыш ережеге салыстырмалы талдау жүргізетін болсақ, қазақ әдет-ғұрып құқығының (соның ішінде 74-баптан тұратын құжаттағы) көптеген нормаларының көрінісін қазіргі заманғы әкімшілік, азаматтық және қылмыстық заңнамалардан байқауға болады. Сотта іс жүргізудің тәуелсіз және объективті түрде өтетіндігіне кепілдік беретін судьяның бейтарап болуы ең маңызды қағидалардың бірі. Бұл жай Абай жасаған Қарамола ережесінің 5-бабында көрініс тапқан. Оған сәйкес, би егер дауласқан жақтың біріне туыс болса немесе олармен араздықта болса, онда өзін билік айтудан босатады.
XIX ғасырдағы және бүгінгі сот ісін жүргізуде дәлелдеменің ең жиі кездесетін түрі – куәлардың айғағы. Олардың маңызы өте зор болғандықтан, Қарамола ережесінің 21-бабында жалған куәлік еткен кісіні жауаптылыққа тартатын арнайы норма бекітілген. Ал, 26-бабында ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жауаптылықтан босатылатын даудың нақты түрлері көрсетіледі.
Ереженің 10-нан астам бабы қылмыстық құқық пен жазаға арналады. Оның ішінде ұрыс-төбелес, ұрлық, ұрлықты қайта жасау, адам денесіне зақым келтіру, зардап шегушілерге көмек көрсету мәселелері қарастырылған. Төбелесті ұйымдастырушының айыбы басқаларға қарағанда көбірек болған. Сондай-ақ, ережеде қасақана және абайсызда жасалған қылмыс түрлеріне байланысты билердің әртүрлі билік шешімдер шығаруы заңдастырылған.
Заң жобасында демократиялық тұрғыдан алынған әйел теңдігі, әйел бостандығы жайында сол кезде ешбір ресми заңда жоқ жаңа, озат қағидалар алынып, жер дауы, жесір дауы, мал дауы, мұрагерлік, барымта, ұрлық туралы да қатал, әділ баптар қабылданған. Осылайша Абай осы ережені жазу барысында өзінің көрнекті құқықтанушы, мол тәжірибелі би екенін танытады.
Қарамола ережесі қылмыстық істерге қатысты құқықтық құжат болғанымен, кейбір баптары біздің қолданыстағы Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу нормаларына ұқсас келеді. Ереже бойынша даулар негізінен, өзара бітімгершілікке жету арқылы шешіліп отырған. «Бітім» сөзінен «Бітімші» деген сөз өрбіп, екі жақты бір-бірімен келістіруші адам деген мағынаны берген. «Бітім» сөзі қазір де жиі қолданылады. Тіпті, Елбасы судьялардың VI съезінде: «Қазақстанның құқық жүйесін дамытудың ауқымды әлеуеті, әсіресе, әлеуметтік саладағы даулар мен қақтығыстарды шешудің баламалық жолдарының бірі – медиация. Бұл ретте дауларды бітімгершілік тәртібімен сотқа дейінгі шешу үлкен маңызға ие», – деген еді.
Абай – әділ биліктің үлгісі. Абаймен жолдас, сырлас, замандас болған Көкбай Жанатайұлы: «Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысы болса да көрген жоқ деп айта аламын», – деп естелігінде келтіруі тегін емес.
Қара қылды қақ жарған әділ би Абай Құнанбайұлы ел ішінде әділдік орнатып, зорлық-зомбылыққа жол бермей, ескірген кертартпа әдет-ғұрып, тәртіп, тұрмыс-тіршілікке қарсы тұрды. Әрқашан әлсіздің, жетім-жесірдің, кедей жатақтың жоғын жоқтап, өзінің беделін, байлығын соларды қорғауға жұмсаған қайталанбас тұлға болды. Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген сөздерімен шендестіре айтар болсақ, соңында өлмейтұғын сөз қалдырған Абайдай ғұлама, біртуар дара тұлғаның есімі ұрпақтан ұрпаққа жететіні, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға нұр болып құйыла берері хақ.
2015 жылдың 15 мамырында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен Шығыс-Қазақстан облыстық соты алғаш рет Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде «Қазақ даласындағы Ресей мемлекеті бекіткен заңдар және Қазақ елінің құқықтық жүйесі мен сот қызметі, билер дайындаған ережелер (ауылдық, болыстық және төтенше билер сотының жұмысына қатысты), Абай Құнанбайұлы жазған «Қарамола» ережесінің Қазақ елінің құқығы мен билер сотын жаңғыртуға қосқан үлесі» тақырыбында аймақтық ғылыми конференция өткізген еді.
Іс-шараға Жоғарғы Соттың судьясы Ә.Құрықбаев, құқықтанушы-ғалымдар А.Еспенбетов, Г.Баеркенова, Е.Буланов, К.Тастекеев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы Ғ.Есімов, Абай атындағы Қазақ ҰПУ кафедрасының меңгерушісі, профессор М.Қойгелді, құқық қорғау органдарының басшылары мен басқа да белгілі азаматтар қатысқан болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін» – деп атап көрсетті. Осы орайда, Ақмола облысы соттары арасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Абайдың даналық сөздерін оқу бойынша «Әр сөзінен ұғындырған ұлылық» тақырыбымен эстафета-челлендж 2020 жылдың 5-ші қаңтарынан бастау алды. Эстафетаға облыстың барлық судьялары мен сот қызметкерлері қатысуда. Бүгінгі күні барлық аудандық, қалалық соттар судьяларымен сот қызметкерлері қатысып, өз бейнероликтерін әлеуметтік желі арқылы көпшілікке таратуда.
Өз мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлайды» және «Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдамалардың мән-маңызы ашылуы керек» – деп атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл игі іске Ақмола облыстық соттары да хал-қадерлерінше атсалысып, түрлі шаралар қолға алынуда. Абайды тереңірек тану мақсатында Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетімен бірлесіп, Ақмола облыстық сотында ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.
Досжан ӘМІРОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар