Азық-түлік бағасы халықтың тұрмысына әсер етеді

Еңбекақы, зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері көбейді деген сөз шықса-ақ, базардағы азық-түлік тағамдарының бағасы бірден көтерілетіні белгілі. Бұл – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың жағдайын қиындата түседі. Осы орайда, біз облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспановқа жолығып, мән-жайды білуге тырысқан едік.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың ерекше бақылауында тұр. Бұл азық-түлік тауарлары тізіміне бірінші сұрыпты ұнның наны, бірінші сұрыпты ұн, күріш, қарақұмық жармасы, макарон өнімі, ірі қара мал мен құс еті, сүт, айран, ірімшік, тауық жұмыртқасы, сары май, күнбағыс майы, қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп, қант, тұз кіреді. Осы тағамдардың бәріне дерлік өткен жылдың басында баға көтеріліпті. Тек қант пен күнбағыс майының құны арзандаған.
–2019 жылы жедел штабтың 205 отырысы өткізіліп, бағаны тұрақтандыру жөнінде 1039 меморандум жасалды. Тауар өндірушілердің қатысуымен 844 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, нарық бағасынан 20 пайызға төмен бағамен 2016,7 миллион теңгенің азық-түлік тағамдары саудаға түсті. Өткен жылы өңірлік тұрақтандыру қорына 2065 тонна бірінші сұрыпты ұн, қарақұмық, күріш, сары май, күнбағыс майы, картоп пен сәбіз тәрізді тауарлар әкелініп, «Қамқор» коммуналдық павильонында сатылуда. Бүгінгі күні Көкшетау қалалық әкімдігімен бірге бұл өнімді өзге дүкендерде де сату жөнінде мәселе қаралуда. 2020 жылы осыған облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді. Өткен жылдың соңында «Capital Projects LTD» серіктестігінің құс еті «Рубин» мен «Алтын Плаза» сауда үйінде, орталық базарда, «Қамқор» коммуналдық павильонында келісі 750 теңгеден сатылды. Бұл нарық бағасынан 14 пайызға арзан. Бүгінгі күні Көкшетау қаласындағы «Бакалея» мен «Қамқор» коммуналдық базарында жергілікті жерде өндірілген бірінші санаттағы тауық жұмыртқалары арзан бағамен сатылуда. Он жұмыртқаның бағасы 260-270 теңге аралығында. Бұл нарық бағасынан 12 пайызға арзан, – деген облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы өткен жылдың соңында «Ақсай Нан-Көкшетау» серіктестігі өндірген әлеуметтік нанды тасымалдауда да ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Облыс орталығында «Гормолзавод» серіктестігінің 11 сауда орны ашылған екен. Степногорск қаласы мен Бурабай, Біржан сал, Атбасар, Зеренді, Бұланды аудандарында 185 сауда орны жұмыс істей бастады. Дүкендерде 550 грамдық нан 75 теңгеден сатылуда. Нан тасымалдау көлемін көбейту және өңірлерде сату рыногын ұлғайту жұмысы одан әрі жалғасуда. Өткен жылдың желтоқсанынан бері әкімдік пен «Көкше-Нан» серіктестігінің нан зауыты арасындағы келісім-шарт аясында үш фирмалық сауда орнында нанның бағасы 90 теңгеден 80 теңгеге дейін түсті. 2019 жылдың 24 желтоқсанында Көкшетау қалалық әкімдігі мен «Crumble» серіктестігі арасындағы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде «Тайынша» наны 15,7 пайызға арзандап, бір бөлке нан 95 теңге тұратын болды. Бұл бағыттағы жұмыс күн сайын бақылауда ұсталуда.
Біз осы жолы орталық базардан азық-түлік тағамдарын сатып алып жүрген Рымбала Ағзамқызын да әңгімеге тарттық.
–Мен көп балалы анамын. Жаңа ғана қалтам көтергенше ауыл шаруашылығы тауарларын сатып алдым. «Қамқор» павильонындағы азық-түлік тауарлары әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға арналса да, оны кез-келген адам сатып ала береді. Осы орайда, бізге арналған тауарлар алып-сатарлардың қолына түспейтініне кім кепілдік береді? Осыны тәртіпке келтіруге болады ғой. Қыс айларында облыс орталығында бұрын өтіп жүрген ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі де өткізілмейтін болды. Ол өткізілгеннің күннің өзінде тауарлардың сапасы төмен. Бұдан туатын қорытынды, тауарлардың сапасы мен бағасы дұрыс қадағалануы керек, –дейді ол бізбен әңгімесінде.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *