Жаңа заң жобасы талқыланды

Биылғы жылғы 7 ақпанда «Ашық үкімет» сайтында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасының тұжырымдамасы жарияланды. Осы заң жобасын талқылау еліміздің барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. Біздің облысымыз да бұл талқылаудан тыс қалған жоқ.

Атап айтқанда, Көкшетау қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметовтың қатысуымен митинг туралы заң жобасын қоғамдық талқылау жөнінде диалогтық алаңы өтті. Оған облыстағы қоғамдық ұйымдардың төрағалары, партия филиалдарының белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақтардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шарада сөз алған Жанат Қожахметов 1995 жылы қабылданған заң ескіргендіктен, қазіргі заман талаптарына сай келе бермейтіндігін айтып, жаңа заң жобасының негізгі тұстарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, жаңа заң жобасының бұрынғысынан ерекшелігі, енді митинг өткізу үшін ең алдымен рұқсат алу мәселесі емес, митингке қанша адам қатысатыны, қай жерде өтетіні, қандай мәселе көтерілетіндігі туралы ескертіп айту жағы қаралады. Егер митингке жиналатындар саны 250 адамнан асатын болса, міндетті түрде жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты болуы қажет. Сонымен қатар, жаңа заңда ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, журналистердің құқықтары мен міндеттері нақтыланған.
Талқылау барысында Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов, еңбек ардагері Қабиболла Ғазизов сияқты өңіріміздің белсенді азаматтары сұрақтарын қойып, өздерінің ұсыныстарын білдірді. Ашық пікір алмасу алаңында қызу талқылау жүріп, митинг өткізетін орындарға және оны ұйымдастырушылардың жауапкершілігіне, митингке рұқсат беру мерзімінің ұзақтығына, жаңа заңда журналистер құқықтарының БАҚ туралы заңға қайшы келетін тұстары бар екендігіне байланысты өзекті мәселелер сөз болды.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *