Дүниені оймен кезген хакім Абай

Қазақтың бас ақыны, ойшылы, философы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, облыс орталығындағы әдебиет және өнер музейі «Дүниені оймен кезген хакім Абай» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.

Ақынның мерейтойына орай қазір жер-жерде түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Барлығының да түпкі мақсаты Абайды қалың жұртқа таныта түсу, Абайды таныту арқылы қазақтың өзін-өзі тануына ықпал ету болып табылады. Осындай мақсатпен әдебиет және өнер музейі өткізген әдеби-сазды кешке қатысушылар Абайдың даналығына бойлай түсіп, Абай шығармашылығымен танысуға тағы бір мүмкіндік алды.
Шара шымылдығы Абайдың әнімен және қара сөзімен ашылды. Оны Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің білім алушылары орындады. «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, мемлекет қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев өзінің алғы сөзінде Абайдың қазақ үшін налыған кездері аз болмағанын, оның шығармаларының өне бойынан тануға болатынын, Абайды ең алдымен өз қазағы тануы керектігін айтты.
–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінде Абайдың шығармашылығын XXI ғасырдағы Қазақстанның саясатымен, халқының болашағымен, келешегімен байланыстыра талдауы меніңше, Абайды жаңаша танудың әліппесі, идеологиясы болды ғой деп ойлаймын. Бүгінгі ұрпақ Абайды тек қана өзінің тілімен ғана тани алатыны жасырын емес. Абайдың даналығының көпшілікке таралмай жатқандығының себебі, оның терең ойларына ешкімнің де аударма арқылы бойлап бара алмайтындығынан да болып жатса керек. Сондықтан, Абайды тану ең бірінші өз ұрпағымызға, өз ұлтымызға парыз. Өз қазағы тануы арқылы Абайды әлемдік аренаға шығарудың мүмкіндігі туады, – деді Жабал Ерғалиев.
Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудармашы Ғосман Төлеғұл Абай шығармаларын басқа тілдерге аудару мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Абайдың еңбектері он тілге аударылып жатыр. Алайда, ақынның шығармаларын тәржімалау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Абай өлеңдерінің, қара сөздерінің философиялық тереңдігі сонша, оның ойын сол күйінде жеткізу өте қиын. Ал, керісінше Абай жасаған аудармалар зерделей келгенде өзінің көркем тілімен түпнұсқасынан асып түсетіні ақиқат.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Аманжол Есмағұлов заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» кітабында Абайдың болмысы мен даналығын халқына таныту арқылы халықтың даналығын танытты, Абайдың даналы болуы Құнанбайдай дананың баласы болуынан деген ойларын айтты.
–Құнанбайды шетелдіктердің көбі жақсы таныған. Солардың ішінде Құнанбай туралы жақсы сөз айтқан А.Янушкевич. Ол 1846 жылы өзінің досы Густав Зелинскийге жазған хатында былай дейді: «Құнанбай дала өңірінде аты кең жайылған адам. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты россиялық уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады…».
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Абайдың 175 жылдығына орай көптеген іс-шаралар жоспарланып отыр. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі де осы мерейтойға өз үлестерін қоспақшы. Әдеби-сазды кеш барысында аталмыш университет проректоры Аманай Сейітқасымов наурыз айында он екі мемлекет ғалымдарының қатысуымен Абайдың мерейтойына халықаралық конференция өткізілетінін, одан кейін студенттерді ұлы ақынның туған жері Жидебайға, Семейдегі Ахмет Риза медресесіне экскурсияға жіберу және Мәскеуде Абай өлеңдерін оқудан челлендж ұйымдастыру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Ал, колледж директоры Нұртас Ахат Кембридж колледжінен, Ресей, Қырғызстан, Башқұртстан мемлекеттерінен ғалымдарды шақыртып, мамыр айында халықаралық конференция өткізу жоспарланғанын айтты және осы шараға шет мемлекеттерден келген қонақтарға тарату үшін Абай туралы қалам тартқан көкшелік ақын-жазушылардың шығармаларының бір томдығын басып шығару туралы ұсыныс білдірді.
Әдеби кеште дәстүрлі әншілер Қажыбай Жахин, Әбсалық Салық, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның әншісі Төлеген Аман Абайдың әндерін домбырамен орындап, көңіл пернесін қозғады. Осы орайда, әдебиет және өнер музейінің қызметкері Нұрболат Әлменовтың шараны өз мәнерінде жақсы жүргізіп отырғанын айта кеткеніміз артық болмас. Кешке қатысушылар дүниені оймен кезген хакім Абай қай заманда болсын, өз биігінде қала береді деген ой түйді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар