«FlyArystan» әуе компаниясының билеттері жолаушыларға қолжетімді болады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде аталмыш әуе компаниясының сату және маркетинг жөніндегі директоры Жанар Жайлауова өзге авиакомпанияларға қарағанда өздерінде билет бағасының неліктен төмен екендігін айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бұл әуекомпанияның алғашқы рейсі 2019 жылдың 1 мамырында Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша орындалған. Осы уақыт аралығында әуекомпания барлық бағыт бойынша 1 200 000 шамасында билет сатып, соншама жолаушыны тасымалдап үлгеріпті. Қазіргі таңда алғашқы отандық әуефлотында 4 Airbus A320 әуелайнері бар. Борттың салоны 180 Recaro Slim орындықтарымен жабдықталған. 2020 жылдың наурызында әуе кемесінің саны көбейеді деп күтілуде.
Көкшетау-Алматы бағытындағы алғашқы әуе рейсі 2020 жылдың 12 наурызынан бастап қатынайтын болады. Ең арзан билет құны 8990 теңге. Жанар Жайлауованың айтуынша, билеттерді неғұрлым ерте сатып алсаңыз, бағасы солғұрлым арзанға түсетін болады. Қол жүгі бөлек төленеді. «Бізге тұрғындар тарапынан билет құнының неліктен арзан екендігі туралы сан сауалдар қойылып жатыр. Үнемділік бірнеше факторға байланысты. Айталық, компания жанармайды үнемді түрде жұмсайтын жаңа ұшақтарды пайдаланады. Сонымен қатар, бизнес кластың болмауы отыратын орындықтардың санын арттырып отыр. Әуе билеттерінің құны бірқалыпты емес және де бірнеше себептермен өзгеріп отыратынына назар аударған жөн. Бағаның өзгеруі сұраныс, мерзімділік, борттың қаншалықты толық екендігін, билетті сатып алу уақыты және басқа да факторларға тікелей байланысты. Айта кетуіміз керек, жолаушының таңдауына қарай тамақтану, қол жүгі, борттағы ұнататын орын және тағы басқа қосымша қызметтер ақылы. Билетті әуе компаниясының ресми сайтынан онлайн түрінде сатып алуға болады. Алдын ала сатып алудың бір тиімділігі салмағы 15 келі қол жүгіне бар-жоғы 3 мың теңге төлейсіз. Ал, рейс алдында қол жүгін төлейтін болсаңыз, онда әр келісі 1200 теңгеден болады. Сондай-ақ, ұшу күнін ауыс-тыру кезінде, я болмаса ақшаны қайтаруды рәсімдеу кезінде жоғары айыппұлдардың қолданылуы мүмкін. Сол себепті билеттерді сатып алар алдында міндетті түрде тариф ережелерімен, оның ішінде қайта брондау мен қайтару ережелерімен де таныс болған абзал», – дейді Жанар Жайлауова.
Жиында белгілі болғанындай, Көкшетау-Алматы бағытындағы ұшақ әр аптаның сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері қатынайтын болады. Қазірдің өзінде әуе компаниясының ресми сайтынан билеттер сатып алуға болады. Билет құны 8999 теңгеден 44999 теңге аралығында.
Брифинг барысында Ақмола облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Алмас Сағдиев сөз сөйлеп, өңірімізде туризм саласы жылдан-жылға өркендеп жатқандығын баса айтып, әуе компаниясы қызметкерлеріне тілектестігін білдірді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар