Қамқорлықтарына қуантады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланды. Осыған орай жасалып жатқан қайырымдылық істердің шапағатын біз, яғни, зейнеткерлер де көріп жатқанымызға дән ризамын.

Шынымен де, волонтерлер – ізгі ниетті жандар. Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ қоғамның игілігі жолындағы ерікті еңбек мемлекетіміздің табысқа жетуінің бір шарты деп түсінеді. Осы ретте, Зеренді ауданына қарасты Ақкөл орта мектебінің тимуршылар командасын ерекше атап өткім келеді. Олар жалғызілікті қарттар мен зейнеткерлерге қолдарынан келгенше көмектесіп жүреді. Мектеп директоры Людмила Киселенко тимуршылар командасының жұмысын әрдайым қолдап отырады.
Өз басым аталмыш мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ұзақ жыл еңбек еттім. Зейнеткерлікке шыққаныма биыл 17 жыл. Жолдасым екі жыл бұрын қайтыс болған еді. Сол сәтте рухани демеу болған ұжымыма алғысым шексіз. Енді міне, шәкірттердің де көмегі тиіп жатыр. Қартайғанда жер үйде жалғыз тұру оңай емес екені түсінікті. Үйдің маңайын сыпыру, қар тазалау, отын кіргізу деген секілді шаруаларды атқару біз секілді қарттарға қиынға соғып жатады.Сондай кездерде маған қол ұшын беруге әзір тұратын мектептің 9 «а» сынып оқушыларына және аға тәлімгер Жұлдыз Әубәкіроваға алғыс айтқым келеді.
Былтыр күзде кішкентай тимуршылар аула мен бақты жинастыруға, одан кейін сатып алған отынымды кіргізуге көмектесті. Қыста да бірнеше мәрте келіп, есік алдын қардан тазалап кетті. Балалардың мұның барлығын біреу жұмсағасын емес, өз жүрек қалауларымен жасайтыны көңілге жылылық ұялатады. Оларға қараған сайын жүрегім елжіреп, жүзім жадырай түседі. Замандастары осындай оқушылардан үлгі алып, волонтерлердің қатары көбейе түссін деген тілегім бар.
Валентина КОРОТУН,
зейнеткер.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар