Бурабай жаңаша дамып келеді

Щучинск-Бурабай курортты аймағы жыл өткен сайын көркейіп келеді. Аймақта бірнеше демалыс нысандары салынып, шетелдік және отандық туристер легі молая түсуде.

Курортты аймақты одан әрі дамыту мақсатында су және кәріз құбырының құрылысы бойынша 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аудан орталығындағы кәріз жүйесінің құрылысы жүргізіліп, 4,5 миллиард теңге игерілді. Бұл жұмыс 2020 жылы да жалғасады. Бұл жобаларға бюджеттен 4 миллиард теңге қарастырылған. Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – жол мәселесі. Өткен жылы қашықтығы 64,6 шақырым аудандық маңызы бар жолдар құрылысының және жөндеу жұмыстарының 3 жобалық-саметалық құжаттамасы жасалды. Текекөлдің айналасына жол салынады. Зеленный бор – Мәдениет көлік жолы жөнделеді. Бурабай – Қатаркөл автокөлік жолы күрделі жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, Бурабай кентінде 4 жоба бойынша қашықтығы 2,6 шақырым жол қалпына келтіріледі.
Үш жоба бойынша мердігерлер анықталып, жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында Щучинск қаласындағы жеті көшенің жолын жөндеу мәселесі қарастырылуда. Биылғы жылы облыстық бюджеттен қосымша 428 миллион теңге бөлінді. Бұл қаладағы 11 көшенің жолын жөндеуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні Щучинск-Бурабай курортты аймағының туристік қызмет көрсету инфрақұрылымына 6403 нөмірлік 178 нысан кіреді. Мұнда 13310 адам жайғаса алады. Отельдер мен қонақ үйлерінің қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында нысандарға санат беру жұмысы жүргізілуде. Өткен жылдың соңында 22 нысанға санат сертификаты мен «жұлдыз» мәртебесі берілді. Туризмге инвес-тиция тарту арқылы 16 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бурабай кентіндегі көп салалы кешен болып табылатын «Ақ бура» жаңа курортты аймағының құрылысы тәрізді ірі жобаларды жүзеге асыру курортты аймақты дамытуға үлкен серпін береді. Туристерді тарту үшін 29 саяхат жолы жасалды. Мұнда дем алушылар жаяу, атпен, велосипедпен және автобуспен жүріп, қайықпен жүзе алады.
Лапландия – Абылай хан алаңы – Этноауыл тәрізді туристік орындарды қамтыған «Shale Bus» атты пилоттық бағыт ашылды. Щучье, Бурабай көлдері маңынан Ракушкаға дейін жаяу жүргіншілерге арналған және велосипед жолдары салынды. Бурабай кенті мен Абылайхан алаңы маңында велосипед жалға беріледі. Мұндай қызмет «Айнакөл» отелі маңында да ашылады. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи бағында «Шале» бірыңғай стилін құру жұмысы жүргізілді.
Абылай хан алаңында бірыңғай стилде сувенирлік дүңгіршіктер орнатылды. Суға шомылу учаскелеріндегі биіктігі 3 метр темір қоршаудың орнына биіктігі 1,2 метр ағаш қоршау орнатылды. Бес бағыт абаттандырылды. Бағыт жөнінде үш тілде ақпарат стендісі мен қозғалыс бағытының белгілері орнатылды. Өткен жылы Бурабай кенті абаттандырылып, орталық алаңда шағын сәулеттік мүсіндер, орындықтар мен биік гүлдер ескерткіші орнатылды. Шыға берісте «Бурабай» жазуы ауыстырылып, 7 жылқының композициясы орнатылды. Сондай-ақ, 700 ағаш көшеті отырғызылды. Кенесары көшесі бойындағы аллея аумаққа бөлініп, жөнге келтірмекші. Ол үшін көшедегі автокөлік қозғалысы шектеледі. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында қалааралық және халықаралық автобустар тоқтайтын модульдік автовокзал салынады. Жекеменшік такси үшін автотұрақ салу қарастырылған. Бұл маңда туристерге қажетті қызмет көрсететін орталық орналасатын болады. Спорттық кешен, жүгіру алаңы, ойын-сауық паркі тәрізді бірқатар жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар іздестірілуде. Бұл мақсат үшін жер учаскелері анықталған.

Боранбай КӨМЕКЕЙ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар