Спорт

Желаяқтарымыз ерледі

Ақмола облысының әйелдер құрама командасы республикалық біріншілікте 4х200 метр қашықтыққа эстафеталық жүгіруден бас жүлдені иеленді.

Өскемен қаласында екі күнге созылған жарысқа еліміздің әр өңірінен 249 спортшы қатысты. Жерлестеріміз әртүрлі деңгейде бес медаль иеленді. Атап айтқанда, құрамында Маргарита Назаренко, Ксения Яценко, Эльвира Тахауова және Юлия Сыромяжко бар әйелдер командасы 4х200 метр қашықтыққа эстафеталық жүгіруден республика чемпионы атанды. Ал, Тахиржан Қадырқұлов ұзындыққа секіруден екінші орынды иеленсе, Василий Счастливый биіктікке секіруден, ал, Эльвира Тахауова 800 метрге жүгіруден үшінші орынға тұрақтады.
Сонымен қатар, 4х200 метрлік эстафеталық жарыста Ақмола облысының ерлер құрамасы (Артем Трайбер, Антон Герасимов, Валерий Нисневич және Илья Алиев) да үшінші орыннан көрінді.

Ардагер әлі бабында

Көкшетаулық 68 жастағы велошабандоз «Trackman 2020» жарысында республика чемпионы атанды.

Нұр-Сұлтан қаласында ардагерлер мен әуесқойлар арасында тректегі велоспорттан Қазақстан Республикасының «Trackman 2020» ашық чемпионаты өтті.
Жарысқа Қазақстан, Ресей және Германиядан келген 60-тан астам спортшы қатысып, бақ сынады. Олардың ішінде КСРО спорт шебері, 68 жастағы көкшетаулық ардагер велошабандоз Валерий Карагаев 1000 метр қашықтықта және соңынан еру әдісі бойынша екі алтын медаль иеленді.

Үшінші мәрте – чемпион

Щучинск қаласында 2004-2005 жылғы қыздар арасында баскетболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Біріншіліктің финалдық кездесуінде ақмолалық баскетболшы қыздар Нұр-Сұлтан қаласының командасынан басым түсті. Ал, жүлделі үшінші орын қостанайлық баскетболшы қыздарға бұйырды. Жерлестеріміз біріншілікте шебер ойын өрнегін көрсетіп, Камила Аманжолова чемпионаттың үздік ойыншысы атанды.
Команда жаттықтырушылары Татьяна және Виктория Волковалардың айтуынша, біздің қыздар 2017-2018 жылдары да республика чемпионы атанған. Биыл тағы міне, үшінші рет жеңіс тұғырына көтеріліп отыр.
Аслан ОСПАНОВ,
Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар