Волонтер жылында қайырымдылық шаралары көп болады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Волонтер жылына орай, облыстық жастар ресурстық орталығының жанынан ашылған «Волонтерлерді қолдау орталығының» тұсаукесеріне және «Достар» мәдениет сарайында өткен Волонтерлердің облыстық слетіне қатысып, сөз сөйледі.

Алдымен, облыс басшысы «Birgemiz» тұжырымдамасы шеңберінде ашылған «Волонтерлерді қолдау орталығының» жұмысымен танысты. Орталықта волонтерлердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Интернетке қосылған ноутбук бар. Осы арқылы жергілікті волонтерлер облыстың әр ауданы мен еліміздің кез-келген өңіріндегі әріптестерімен байланыс орнатып, тәжірибе алмаса алады. Волонтерлердің басын қосатын орталықта түрлі брифингтер мен кездесулер, шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған. Орталық жұмысымен танысқан аймақ басшысы Ермек Маржықпаев өңірде волонтерлердің қатысуымен көптеген игі істер жүзеге асырылып жатқанын және әкімдік тарапынан оларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Бұдан әрі осы шара «Достар» мәдениет сарайында өткен Волонтерлердің облыстық слетіне ұласты. Онда жиналғандар алдымен, мәдениет сарайының фойесінде көрініс тапқан «Милосердие», «Рахат», «Жаңа толқын», «Лидер.кз», «Феникс» тәрізді волонтерлік ұйымдардың жұмысымен танысты.
Көрермендер залында өткен шараға облыс басшысы Ермек Маржықпаев, «Қазақстан волонтерлер лигасы» волонтерлер қозғалысының төрайымы Айсұлу Ерниязова, медицина саласындағы республикалық волонтерлер орталығының басшысы Абылайхан Әбдіраш, «Жақсылық жаса» қайырымдылық қорының төрайымы Татьяна Спиглазова, Целиноград ауданындағы «Жалынды жастар» волонтерлер қозғалысының мүшесі, «Мейрімді жүрек» акциясының бастамашысы Нұрсұлу Ермұханова, Степногорск қаласындағы «Поколение» іздеу отрядының мүшесі Валерий Ермоленко, «Рахат» волонтерлер клубының басшысы Аққу Аманжолова, Қазақстан халқы Ақмола облыстық Ассамблеясы жанындағы волонтерлер орталығының төрағасы Умар Шоназаров қатысып, сөз сөйледі.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Birgemiz» волонтерлер фронт-кеңсесінің ашылуында «Волонтерлік – мемлекеттің дамуы мен жалпы қоғамның дамуының көрсеткіші. Мемлекеттің жетістігі мен жеңісі күн сайын маңызды және пайдалы іспен айналысатын азаматтардың белсенді ісі мен патриоттық көңіліне байланысты» деп атап өткен болатын. Бүгін біз «Ұлттық волонтерлер желісі» мен белсенді ақмолалықтардың пікірлерін тыңдадық. Жақыныңа көмек көрсету біздің мәдениетімізде ғасырлар бойы қалыптасып келеді. Халқымызда мұны «асар» деп атайды. Бүгін слет жұмысы барысында Ақмола облысының волонтерлерді қолдау фронт-офисы ашылды. Осы фронт-офисте өте маңызды бастамалар жүзеге асатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев өз сөзінде. – Жалпы, биылғы волонтерлік қызметтің 7 бағытын дамыту жоспарланып отыр. Ақмола облысының еріктілері әртүрлі волонтерлік қозғалыстарға тұрақты қатысып келеді. Бүгінгі таңда өңірде волонтерлердің саны 2 мыңнан асады. Олар ауруханалар мен әлеуметтік мекемелерде жұмыс істеп, жоғалған адамдарды табуға, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге, табиғат пен мәдениет ескерткіштерін сақтауға,
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан сарбаздардың есімдерін қалпына келтіруге, ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге зор үлес қосып жүр.
Сонымен қатар, облыс басшысы биыл Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресей арасында экология және жасылдандыру саласындағы XVII өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетінін айтып, волонтерлерді осы ауқымды іс-шараның ұйымдастырылуына үлес қосуға шақырды.
Шара барысында ең белсенді деген 16 волонтер мен бірқатар волонтерлік ұйымдар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өңірде волонтерлікті қолдау мақсатында Ақмола облыстық әкімдігі мен «Ұлттық волонтерлер желісі» қоғамдық қоры, Ақмола облысы әкімдігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
Шарада айтылғанындай, облыста волонтерлік қозғалыс белсенді даму үстінде. Бүгінгі таңда өңірде барлығы 74 волонтерлік орталық, 12 қоғамдық қор мен ұйым тіркеліп, жұмыс істеуде. Оларға 2301 волонтер мүше болып отыр.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар