Адамгершілік тәрбиесі

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің және облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыс орталығындағы Достық үйінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Адамгершілік тәрбиесі» атты тағылымды іс-шара өтті.

Облыс орталығындағы орта білім беретін мектептердің оқушылары, «Мәншүк», «Қыз Жібек», «Үкілім-ай» қыздар клубтарының мүшелері қатысқан шарада Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева сөз алып, бүгінгі күні бала тәрбиесі қоғамда өте өзекті мәселеге айналып отырғанын, өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру маңызды екенін, осы ретте Абайдың ойларын тәрбие жұмысының өзегі етіп алу керектігін баса айтса, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов оқушылармен тарих жайлы әңгіме өрбітті.
–Қазақтың арғы тегі сақтардан шыққан. Бүгінгідей зауыт-фабрикалар болмаған сақ заманында қазақ жерінде көптеген асыл бұйымдар, қолөнер туындылары жасап шығарылды. Халқымыздың мәдениеті өте тереңде жатқанын осыдан-ақ көруге болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының кіре берісінде сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің, яғни, алтын адамның көшірмесі сақтаулы тұр. Бізді ұлт қылатын тіл. Қазіргі ата-әжелердің көшеде немерелерін жетектеп бара жатып, олармен орысша сөйлескенін көргенде қарадай қынжыласың, – деген бірлестік төрағасы Мейрамбек Қиықов жастарды тарихымызды, тілімізді құрметтеуге шақырды. Оқушыларға «Абайды оқыңдар» деген ақылын айтып, ұлы ақынның шығармалары әлемнің 116 тіліне аударылғанын, Абай туралы төрт мыңнан астам кітап жарыққа шыққанын атап өтті.
–Абайдың ойы теңіздей терең, қорғасындай салмақты. Ол өте дана, данышпан, өте қамқор адам болған. Абай туған халқын ғана емес, күллі адамзатты бауырындай жақсы көрген. Сол үшін де адам бойындағы еріншектік, қызғаншақтық секілді жаман қасиеттерді сынап, ұрпағын бес нәрседен қашық болуға, бес нәрсеге асық болуға шақырған. Толық адам болу үшін сендерге ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек керек, –деді Мейрамбек Қиықұлы бұл сөзін де оқушыларға қарата айтып. Оқушылар тіл жанашырының әр сөзін ұйып тыңдап, толғандырған сауалдарын қойды. «Үкілім-ай» қыздар клубының мүшелері Абайдың қара сөзі мен өлеңін жатқа айтып берді.
Шара барысында Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасының меңгерушісі Жанар Айтқожина жуырда осы кітапханада «Ұлы халықтың ұлы Абайы» орталығы ашылғанын хабарлап, қатысушыларды орталыққа келіп, Абай шығармашылығымен танысуға шақырды.
Қатысушыларды ерекше әсерге бөлеген дүние Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, қолөнер шебері Үкіжан Ементаеваның Абай өлеңін өз қолымен кестелеп жазған кілемшесі болды. Он саусағынан өнер тамған шебер Үкіжан Қалиақпарқызы бұл – Абайдың 175 жылдығына орай, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясына тартуы әрі өзінің Абай өлеңдерін оқу эстафетасына қосқан үлесі екенін айтты.
Өз сөзінде Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова шараның өтуіне белсене атсалысқан №17 орта мектеп пен Сәкен Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейінің «Мәншүк» және «Қыз Жібек», қалалық қазақ кітапханасының «Үкілім-ай» қыздар клубтарына ризашылығын жеткізді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар