Қыста қардың көп түсуінен қарғын су алаңдатып отыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қанат Доспаев 2020 жылдың су тасқынына дайындық бойынша қолға алынған шаралар жөнінде айтып берді.

Биылғы жылдың қыс айларында қар көп түсті. Қар мен ылғал көлемі өткен жылдағыдан бірнеше есе артық. Көктем айларында көптеген елді мекендерді тасыған өзен суы алуы мүмкін. Қалың қар тек қана орман мен далада емес, елді мекендердің ішінде де жетерлік. Жергілікті әкімдіктер оны сыртқа шығаруға үлгере алмай жатыр. Көптеген елді мекендерде арық жүйесі жоқ. Наурыз айында қар аралас жаңбыр жауды. Қар күрт ерігенде, тоңазыған жерге су сіңбейді. Оның үстіне

ерімеген мұз өзенмен ағып, көпірлерге қауіп төндіреді. Облыста су тасқынына дайындық өткен жылдың жазында басталған. Елді мекендерді инженерлік қорғау жоспарына сәйкес 54 елді мекенде арықты тереңдету, су бөгетін жөндеу, жаңаларын тұрғызу, өзен арнасын тазалау жұмысы жүргізілді.
–10 ақпанда облыс әкімі су тасқынын апатсыз өткізу шараларының жоспарын бекітті. 4 және 21 ақпанда төтенше жағдай жөніндегі облыстық комиссияның отырысы болып, тиісті мемлекеттік органдарға хаттама түрінде тапсырма берілді. Мұндай отырыстар қала мен аудандарда өтті. Төтенше жағдайды ескерту және жоюдың облыстық және өңірлік штабтары құрылды. Төтенше жағдай резервіне 1 миллиард 179 миллион теңге аударылды. Өңірлерде 225,6 тонна жанар-жағар май, 24 мың тонна инерттік материалдар, 84,4 мың қап дайындалды. Облыстың елді мекендерінен 1 миллион 103,4 мың текше метр қар шығарылды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, 1921 адам, 979 арнайы техника, 122 мотопомпы, 48 жүзгіш құрал дайындалған. Ішкі істер министрлігінің бөлімшелерінде 524 адам, 111 арнайы техника, 12 жүзгіш құрал, 107 мотопомпы бар. Сондай-ақ, әр аудандағы департамент бөлімшелерінің 107 мотопомпысы су тасқыны қаупі мол аймаққа жіберіледі,–деген департамент бастығының орынбасары облыс аумағындағы су тасқыны күшейген кезде төтенше жағдай комитетінің өзге өңірлердегі 814 адамды, 161 техниканы, 31 жүзу құралы мен қаржысын жағдайға қарай пайдалану қарастырылғанын айтты.
–Қоныс аударушыларды қабылдаудың 192 бекеті дайындалды. Өзеннің қауіпті учаскелерінде судың деңгейі мен жағдайына мониторинг жүргізу үшін қосымша 97 бақылау бекетінің кезекшілігі ұйымдастырылады. Төтенше жағдай департаменті «Қазгидромет» филиалымен бірге Жабай өзені және Целиноград ауданындағы су айдындарын бақылау бойынша екі экспедициялық сапар ұйымдастырды. Ғарышмониторингі қызметін пайдалану үшін «ГеоСат» серіктестігімен келісім-шарт жасалды. Наурыздың бірінші онкүндігінің соңында өзен мұзын жару жұмысы басталады. Облыстың автокөлік жолдарында 3233 су өткізетін нысан және 181 көпір бар. Осы нысандардың қардан тазалануын жол қызметі тексереді,–деген төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев журналистер қойған сауалдарға жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар