Ұстаз мамандығын мақтан етемін

«Адам білім үшін емес, білім, тәрбие адам үшін» ұстанымын басшылыққа алып, оқу-тәрбие барысын жетілдіру әрі дамыту арқылы ғана білім мен тәрбиенің беделін арттыруға болатынын уақыт өзі дәлелдеп отыр.

Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында екені айқын. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның бар өміріне апат әкеледі»,– деп әлемнің екінші ұстазы, ұлы ғалым Әл-Фарабидің айтқан пікірін қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаевтың: «Жас бала – жас шыбық, жас күнінде қай түрде иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйі қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең сындырып аласың» деген асыл сөздерімен толықтыра түскен жөн. Осыны мектепте оқушыға тәрбие негізін қалайтын әрбір сынып жетекшісі өз ұстанымы ретінде қабылдауы керек. Мектеп табалдырығын аттаған пәк сезімді, адал ниетті, өмірге деген құмарлығы артып тұрған бүлдіршінді сапалы білім мен саналы тәрбие соқпағынан сүріндірмей алып өту сынып жетекшісінің парызы. Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бәсекеге лайық маман тәрбиеле, бәсекеге лайық ұлт жаса» деген бастамасының өзі стратегиялық негізгі міндет.
Тәрбие барысында баланың ақыл-ойын, іс-әрекетін, танымдық қабілетін дамыту сынып жетекшісінің құзырындағы мәселе. Әр оқушыға сенім арта біліп, жеке тұлға ретінде қалыптастырсақ, болашаққа барар жолдың айқын екенін көреміз. Бүгінгі толғандырып отырған тақырып «Қазіргі сынып жетекшісі қандай?». Мен осы орайда, осы сұрақ төңірегінде ізденіс жұмыстарын жүргіздім. Менің ізденісім біріншіден, мектептегі озық тәжірибелі сынып жетекшілердің тәжірибе жұмыстарымен танысудан басталды. Екіншіден, білім мен тәрбиеге арналған баспа беттерінен еліміздің әр түкпіріндегі сынып жетекшілердің тәрбие, қазіргі уақыттағы сынып жетекшінің атқаратын жұмыстары туралы жазылған ой-тұжырымдамаларын қарастырдым. Менің осы екі бағыттағы ізденіс жұмысымнан түйгенім, қазіргі жаңару кезеңінде қоғамның алға даму үрдісінде заман талабына сай сынып жетекшісі болу үшін ең алдымен, жан-жақты тәрбие беруші, оқу-тәрбие үрдісін жүйелі ұйымдастырушы, ізденімпаз, жаңашыл технологиялармен қаруланған, адамгершілік қасиеті мол, еңбекқор, электрондық оқулықтармен жұмыс істей білетін, ата-аналармен, мектеп әкімшілігімен біріге отырып, бала тәрбиесіне ықпал жасайтын, жүріс-тұрысы, киімі, сөйлеу мәнері әр балаға үлгі болатын, бала жанының бағбаны бола білетін болуы керек деп ойлаймын. Баланы тәрбие нәрімен сусындату, сыныпқа жетекшілік ету, алдыңа келген жеткіншектермен жұмыс жасау мен үшін бақыт. Сондықтан да, мен «Бастауыш білім беру» мамандығын таңдадым. Ендігі менің алға қойған мақсатым, қазіргі заманға сай сынып жетекші болып, осы жолда аянбай еңбек ету. Бір сөзбен айтқанда, мен өз таңдаған мамандығымды мақтан етемін!

Алтынай ЖОЛДАҢҒАРОВА,
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар