«Оқжетпестің» алғашқы ойыны

Өткен сенбі, жексенбі күндері еліміздің бірнеше қалаларында футболдан жоғары топтағы Қазақстан біріншілігі өз жалауын көтерді.

Биылғы Премьер-Лига ойындары 7 наурыздан 8 қарашаға дейін созылады. Чемпионатқа жылдағыдай 12 команда қатысып отыр. Былтырғы маусымда жетінші орыннан көрінген Көкшетаудың «Оқжетпесі» біріншілік аясындағы алғашқы ойынын Шымкентте жергілікті «Ордабасы» клубымен өткізді. Матч былтыр жүлделі үшінші орынға тұрақтаған шымкенттіктердің басымдылығымен өтті. Әйтсе де, бірінші таймда дүркін-дүркін біздің қақпамызды мазалаумен болған «Ордабасына» есеп ашуға мұрсат бермей, жерлестеріміз ойынның екінші кезеңіне дейін қақпаны берік қалпында сақтап қалды.
Ойын тағдырын тек келесі 45 минутта «Ордабасының» жаңа ойыншысы француз Рубен Бриджидо соққан жалғыз доп шешті. Матчтың соңына қарай шабуылды үдетіп, қарсыластар қақпасынан саңылау табуды көздеген «оқжетпестіктердің» дегені бола қоймады. Сөйтіп, құрамы біздің жерлестерімізге қарағанда, мықтырақ оңтүстіктіктер алғашқы үш ұпайын олжалады. Статистикаға сүйенсек, осымен қатарынан Шымкентте өткен 13 ойында «Оқжетпес» жеңіс дегеннің не екенін білмей, үнемі «Ордабасының» жолы болып отырыпты. Былтыр да команда бұл клубпен өткен үш ойында сүрінгені есімізде.
Енді жерлестеріміз біріншіліктің екінші ойынын 11 наурызда Алматыда «Қайрат» командасына қарсы өткізеді. Чемпионаттың алғашқы турының қалған ойындарында тіркелген нәтижелерді оқырман назарына ұсына кетейік. «Астана» – «Қызылжар» – 4:0, «Қайрат» – «Тараз» – 2:1, «Тобыл» – «Шахтер» – 3:1, «Қайсар» – «Ертіс» – 1:0, «Каспий» – «Жетісу» – 0:2.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар