Әлемгүл – халықаралық деңгейдегі спорт шебері

Соңғы кездері халықаралық дүбірлі додаларда спортшы қыздарымыз тепсе темір үзетін жігіттерімізден қалыспай, еліміздің абыройын асқақтатып, даңқын асырып келеді. Сондай аруларымыздың бірі – есімі қазір спортсүйер қауымға жақсы таныс, киокушинкай-кан каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әлемгүл Сабырхан дер едік.

Әлемгүл спорттық жолын сегіз жастан бастады. Содан бері 15 жыл ішінде ол республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Сегіз дүркін Қазақстан чемпионы, сегіз мәрте халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды, 2015-2016 жылдары Әлем және Азия чемпионаттарында жүлделі орындардан көрінді. Ал, былтырғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, айды аспанға шығарды. Бұл жолғы жарыста спортшылар жеңіс үшін жанын салып бақты. Әлемгүлдің қарсыластары талай жарыстарда топ жарған кіл мықтылар болды. Дегенмен, олардың атақ-даңқы, бұрынғы жеңістері жас каратэшінің бойына үрей ұялата қойған жоқ.
Қыздардың күрес, каратэ, ауыр атлетика, бокс сияқты үлкен күшті қажет ететін спорт түрлерімен айналысуы бүгінде ешкімнің таңданысын тудырмайды. Содан болар, оның киокушинкай-кан каратэмен шұғылданғанына туған-туыстары да қарсы бола қоймаған. Спортшының әлем чемпионына дейінгі жолы бірден және кездейсоқ самғау арқылы емес, сатылап өсумен және көп тер төге отырып, жаттығудың арқасында келді. Ол бұл табысқа жетуге өзінің бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Тәкеновтың сіңірген еңбегінің зор екендігін ешқашан ұмытпайды. Білікті жаттықтырушысының тәлімімен спорттағы небір биіктерді бағындырып келеді.
Бүгінгі күні жасындай жарқырап, өрге ұмтылған талантты спортшыны алда әлі де талай дүбірлі жарыстар күтіп тұр. Біз де жерлесіміздің жоғарыда айтылған толағай жетістіктеріне қуанып, алдағы жарыстарда да жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектестігімізді білдіреміз!

Аслан ОСПАНОВ,

“Арқа ажарының” өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар