Ұлы халықтың ұлы Абайы

Абай – өз заманының жыршысы. Оның шығармаларында сол кездегі қазақ қауымының тұрмыс-тіршілігі барлық ерекшеліктерімен, өзіндік бояу-өрнектерімен айқын да толық бейнеленген. Абай заманы патшаның отарлау саясаты әбден шығандап тұрған шағы еді. Бұл кезде қазақ даласындағы өмірдің патша әкімшілігіне тәуелді болмаған, отаршылдықтың қатал заңына бағындырылмаған бірде-бір саласы қалған жоқ еді.

Отаршылдықтың бір ғасырдай уақытқа созылған бірінші кезеңінде патша қазақ даласының сыртқы жаудан қорғалуын қамтамасыз еткен болды да, кең тұсаумен алыстан бағып, бодандыққа бірте-бірте бойын үйрете берді. Қазақ даласындағы ел-жұрттың ішкі өміріне тікелей араласпай, сырттан билеп, ықпалын елдің жоғарғы билеушілері арқылы жүргізді. Қазақтың үш жүзін жеке хандықтар күйінде бөліп ұстады.
Абайдың өмірі мен шығармашылық қызметі отарлау саясаты кезеңінің дәуірлеп тұрған шағына тұспа-тұс келді. Әкесі Құнанбай аға сұлтандық құрып тұрғанда, сол әкесі ырқымен оқудан шығарып алынып, ел билігінің шет жағасына араластырылған жас Абай елдің әлеуметтік-саяси өміріне елеулі өзгеріс енгізіліп, тұрмыс-салты мүлде басқа арнаға түсіріле бастаған кезде де сол ел тіршілігінен қол үзе алмай, неше түрлі талас-тартыс пен даулардың қалың ортасында қалып қояды.
Ел ішінің небір күрделі мәселелері қазақтың ежелгі төрелік айту жолымен шешіліп келген әке билігі кезінде әрдайым әділет жағында болып, талай жапа шеккен әлсіздердің қорғанышы ретінде жұрт алдында беделі артып, жақсы атағымен таныла бастады. Сол тұста ол ел тағдырының бұдан былайғы тетігі патша әкімшілігінің қолына көшкеннен кейін елдің өткен тарихын, қазіргі тұрмысын, салт-дәстүрін білмейтін, тілі-діні жат билеушілер алдында елдің сөзін сөйлей алатын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар қажет екенін қатты сезініп еді.
Абай осы зәрулікті түсінгендіктен де ел тіршілігінен бо-йын аулақ ұстай алмады. Халықтың қалауымен біраз уақыт әкімшіліктің билік ісіне араласты. Ел ішінің тыныштығын көздеп, зорлықшыны тезге салып, жәбірленушінің теңдігін әперетін жерде, бірде төреші, бірде би бола жүріп, өзінің ақыл-парасаты мен қажыр-қайратын іркіп қалған жоқ. Сөйтіп жүріп ол халықтың Абайы атанды.
Бірақ, озбырлық саясатын маздата түскен отаршылар саясаты ел ішін бүлдірмей қойған жоқ. Ең алдымен, патша әкімшілігінің халық арасындағы қол шоқпары саналған болыс-билердің, старшын-ауылнайлардың жүгенсіздігі елде алауыздық туғызды. Бұрын ру-ру, ауыл-ауыл болып, ақсақалдар айналасына үйірілген бұқара енді жікке бөліне бастады. Ағайын арасында алалық туды. Ел ішінде пысықайлар әйтеуір, бір билікке қол жеткізуге тырысып бақты. Осыдан келіп мансапқорлық пайда болды, оның арты парақорлыққа ұласты. Ақыр-аяғында бұрын мал бағып, көшпелі тіршіліктің қамымен жүрген қара халық қалаға шауып, ұлыққа арыз айтатын болды. Пәле-жала, ұрлық-қарлық, талау-тонау, зорлық-зомбылық етек алды.
Мұның өзі халықтың тұрмыс салтын, тіршілік үрдісін түбегейлі өзгертті. Бір ұрпақтың көз алдында халықтың мінез-құлқы, ықылас-пейілі бұрынғыдан мүлде өзгеше қалыпқа ене бастады. Қыр өмірінің осындай қиян-кесті қарбаласында ақын жанының жадау тартып, құлазыған шақтары аз болмады.
Бұл кезде жас шамасы жер ортасына келіп, ақыл-парасаты толысқан ақын енді жастық көңілдің жалт еткен сезімінен гөрі мынау күрделі тіршіліктің көкейкесті мәселелеріне ден қойып, соның қабат-қабат оқиғалары мен құбылыстарының төркінінде жатқан себеп-салдарына ой тоқтата үңілетін болған. Сондағы оны көп толғандырған өзекті мәселе туған халқының тағдыры, болашағы болатын. Ақын тығырыққа қамалып, тұйыққа тірелген елінің келешегін ойлап күйзелді. Сол тас қамаудан қол ұшын беріп алып шығатын басқа күш жоқ екенін, жол тауып шыға алатын халықтың өзі ғана екенін түсінгендіктен де, сөзін қайта-қайта соған арнады. Елдікке шақырып, емірене айтты, талмай шегелеп, ұғындыра айтты, ағынан жарылып, жалбарына айтты. Тіпті сөзі өтпей бара жатқанда шамына батырып, ызалана айтты.
Ақын өз заманының ащы шындығын өлең сөзбен өрнектеп кеткен халық өмірінің шежіресіне айналды. Абайдың заман бейнесін, елдің тіршілік болмысын, халықтың мінез-құлқын аз сөзбен бір арнаға шоғырландырып, мейлінше ширыға жазған шымыр шығармасы «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым». Бұл өзі қазағым, жұртым, елім деп өткен ақынның дара да дана қаламынан туындаған көркемдік дәрежесі биік, мағынасы тереңде жатқан туынды.
Өз халқының тағдырына алаңдаған Абай қолына қалам алып, «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп тебіреніп, халқына деген бар күйініш-сүйінішін сыйғыза отырып, ел өмірінде, адамдар қарым-қатынасында әбден орын теуіп қалған теріс мінезден безінді, күйініп айтқан жан күйзелісіне ырық берді. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» – Абайдың көлемі отыз жолдан тұратын, 11 буынды қара өлең ұйқасы түрінде жазылған өлеңі. Ол алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарық көрді. Өлең сыни реалистік сарында жазылған, мазмұны қазақ халқының сол замандағы бүкіл болмыс-бітімін, қоғамның тарихи және рухани ахуалын көрсетеді.
Абай – ұлт ақыны. Оның ақындық мұраты сөз өнері арқылы халқына, еліне қызмет ету болды. Ұлтын ағарту ісіне, өнегелі жолға түсуге үгіттей отырып, ол сол ұлттың бойындағы заман қайшылықтары тудырған ұнамсыз мінездерді аямай сынайды, келеңсіз, зиянды мінез-құлықтарға, надандыққа, имансыздыққа қарсы ой білдіреді. Ақын жолынан тайып адасқан көпті тура жолға түсіріп, әлеуметтік және моральдық ахуалын түзеп, былайша айтқанда, адамды, заманды жөндемек болды. Ол мұрттың ауызға түсуі, екі ұрттың бірінің қан, бірінің май болуы секілді көріністер арқылы заман мен адамның бойындағы адамшылыққа жат әдеттер мен қылықтарды аяусыз сынап, үлкен философиялық ой ұсынады. Үлкен адамгершілік, қайраткерлік, оқымыстылық биікке көтерілген ақын үні бірде айбарлы, бірде кекті, бірде мұңлы. Қазақ халқын бөлмей-жармай, түгел қамтып, тұтас шолып, баршасына бағыштап, айтылған өлеңнің әлеуметтік салмағы орасан зор. Ақын ең алдымен, көз алдымызға мұрты аузына түскен, бір ұрты май, бір ұрты қан, алғашқыда шырайы сартша жылтырап тұрған қазақтың кескінін алып келеді. Ел сиқын бұзған, оның берекесін кетірген әкімсымақтарға деген оның ызасы да мол.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? –
деп, ол ел ішіндегі адамгершілік жағынан да, мінез-құлық жағынан да татымсыз топты бөліп көрсетеді.
Халқының келешегін ойлап егілген, аямай сынау арқылы сол ұнамсыздықты түзетуді мақсат тұтқан Абайдың ақындығы түпсіз терең мұхитпен тең. Ғажайып суреткер, нәзік лирик, көркемсөз шебері, ең алдымен, ойшыл ақын. Абай шығармашылығы уақыт озған сайын дәуір талабына сай әр қырынан өсіп-өркендеп отыратын асыл мұра ретінде ұрпақтар санасынан берік орын алады.
Сөз соңында айтарымыз, Абай даналығынан сусындап, ақын мұрасын игілігімізге жарата жүрейік. Өйткені, одан алар тағылым мен ұлағат бүкіл өміріміздің алтын соқпағы.

Айнұр НҰРМҰХАНОВА,
Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мамандандырылған гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар