Тұтынушылар көңілінен шықты

Өткен сенбі күні облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңында Ақкөл, Астрахан, Ерейментау, Егіндікөл, Зеренді, Жақсы, Шортанды аудандары және облыс орталығы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен ұйымдастырылған азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесін аралап көріп, дағдарысқа қарсы іс-шаралар аясында бағаны тұрақтандыру мәселесіне назар аударды.

Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған, көкшетаулықтар тағатсыздана күткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі бұл жолы да әдеттегідей ұйымшылдықпен өтті. Бұл күні таңғы сағат тоғыздан орталық алаңға ағылған халықтың қарасы көп болды. Бірі базар бағасынан арзан азық-түлік іздесе, енді бірі Наурыз мерекесіне осы бастан қамданып қалуға асыққандай. Жыл сайын облыс орталығында өтіп тұратын жәрмеңкелер шарықтап бара жатқан бағаны аз да болса тежеуге игі ықпалын тигізіп отырғандығы жасырын емес. Бұл жолы да сол дәстүр жалғасын тапты. Жәрмеңкенің өту барысын облыс әкімі Ермек Маржықпаев аралап көріп, азық-түлік бағасы мен сапасына назар аударды. Жəрмеңкеде ұсынылған азық-түлік түрлері қала базарлары және дүкендерімен салыстырғанда 15-20 пайыз арзанға сатылды. Қала тұрғындары әсіресе, жұмыртқа, ет, сүт, картоп және ұн өнімдерін молынан сатып алды.
– Бұл жолғы жәрмеңке көкшетаулықтардың көңілінен шықты. Тұрғындар қалаған азық-түлік өнімдерін сатып алды. Наурыз мейрамына дейін тағы бір рет осындай жәрмеңке ұйымдастырмақ ойымыз бар, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов.
Жалпы, бұл жолы жәрмеңкеге барлығы 38,7 миллион теңгенің 61 тоннадан астам азық-түлік өнімдері әкелінді. Нақтылап айтатын болсақ, 19 тоннаға жуық ет пен шұжық, 2,5 тонна балық, 150,5 мың дана жұмыртқа, 6 тоннадан астам сүт және сүт өнімдері, 7 тонна ұн, 14 тонна картоп, 1 тонна өсімдік майы жеткізіліп, саудаға түсірілді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар