Ақпарат беру үшін де дайындалып келген абзал

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихаты «Ақмола облысының дәрі-дәрмекпен қамтылуы және «СК-Фармация» ЖШС-нің қызметі» тақырыбына арналды.

Баспасөз мәслихаты барысында халықтың қауіпсіз, тиімді, сапалы және негізгі дәрі-дәрмектер мен екпелерге қолжетімділігі және оларды жеткізіп берудің механизмдері қарастырылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Болат Әбішевтің айтуынша, «СК-Фармация» ЖШС Қазақстан Республикасындағы дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ететін бірыңғай делдал болып табылады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша тегін дәрі-дәрмекпен 93 мың науқас қамтамасыз етіліп, оған шамамен 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Дәрі-дәрмекпен қамту мәселелесі толығымен медициналық ұйымдардың тапсырыс беруі негізінде жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы дәрі-дәрмекпен қамту медициналық ұйымдардың ішіндегі 100 дәріханалық пункт арқылы іске асырылып жатыр, оның ішіне елді мекендердегі ұйымдар да кіреді. Мәселен, Көкшетау қаласында мұндай мемлекеттік 4 дәріханалық пункт, атап айтқанда, қалалық емхана, қалалық №1 емхана, темір жол ауруханасы, алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы бар, әлі де дәріханалық пункттерінің желісін кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
–Биылғы наурыз айының алғашқы онкүндігіндегі жағдай бойынша облысқа 924,3 миллион теңге қаржыға дәрі-дәрмек жеткізілді, соның негізінде 39 мың адам тиісті дәрілермен қамтылды. Көкшетау қаласында 13,7 мың адам тиісті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді, – деді басқарма басшысының орынбасары Болат Әбішев.
Тегін дәрі-дәрмектер тізіміне келетін болсақ, осыдан бір жыл бұрын бұл санатта 48 ауру түріне қатысты 280 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар кірген еді. Биылдан бастап, тегін дәрі-дәрмектердің тізімі ұлғайды, яғни, ол 140 ауру түріне ем болатын 620 дәрі-дәрмек түріне арттырылды. Соның ішінде балалар дертінің 65 түрі бойынша оларға 212 түрлі дәрі-дәрмек тегін беріледі. Анығында антибиотиктер, нестереоидтық кері әсер ету дәрі-дәрмектері, аллергияға қарсы препараттар қосылды. Аталмыш тізімге балалар жиі сырқаттанатын созылмалы тыныс алу жолдарының респираторлық жұқпалары, құлақ пен тамақтың қабынуы, аллергиялық әсерден мұрынның шырышты қабығының суық тиюі, желшешек, тамақтан улану секілді ауру түрлері қосылған.
«СК-Фармация» серіктестігінің Ақмола облысы бойынша өңірлік басшысы Роза Тілеспаеваның ақпараттық хабарламасы бойынша ағымдағы жылға 1385 атаулы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар тізімге алыныпты. 1200-ге жуық дәрі-дәрмек стационарлық ем жүргізуге арналған. Осылайша, серіктестік басшысы сандар бо-йынша бірқатар ақпараттар берді. Баспасөз мәслихатының маңызды бөлігі – сұрақ-жауап бөлімінде баяндамашылардың шараға дайындықсыз келгендіктері анықталды. Алдарындағы анықтамалық баяндамаларында көрсетілген ақпараттардан асып, журналистердің сауалдарына толық жауап бере алмады. Ең болмағанда, қазіргі уақытта әлем дүрлігіп жатқан короновирус тақырыбы бойынша да жүрек түкпірінде жатқан сауалдарымыз жауапсыз қалды.
Баршамызға белгілі, қазіргі уақытта қаланың кез келген дәріханасына кіре қалсаңыз, маска ала алмайсыз. Себебі, қала бойынша жоқ. Бұл орайда, Болат Әбішев вирустан маскамен ғана қорғанбайды дей келе, жеке гигиенаны сақтап, қолыңызды сабындап жуып, адамдар көп шоғырланған орындардан аулақ болуды, адамдардан бір метр алыс жүруді ұсынды. Осы орайда, қоғамдық көліктермен жұмысқа қатынайтын, не болмаса мектепке баратын оқушылар қалай қорғанбақ?!
Осы күні уақытша карантинде Көкшетау қаласы бойынша 8 адам жатқаны белгілі болды. Ал, фармация мәселесі бойынша біз сұрақтарға нақты жауап ала алмадық. Бұл орайда, баспасөз мәслихатына келетін спикерлердің құлағына алтын сырға, өз салаларын жақсы білетін мамандарды жіберіп, толықтай жан-жақты дайындалып келгендері абзал!
Оның үстіне, өзіміз Қазақстанда тұрып, ҚР Конституциясында тайға таңба басқандай етіп анық көрсетілген мемлекеттік тіл – қазақ тілі болса да, барлық ақпараттарды орыс тілінде алдық. Мұны мемлекеттік және лауазымды қызметте отырған кейбір адамдардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігінің, сыйластық пен жанашырлығының жоқтығы деп білеміз.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар