Айран – атамыздың атаулы асы ма?!.

Өткен сенбі күні облыс орталығындағы «Тәуелсіздік» алаңында және «Алтын Ғасыр» сауда үйінің алдында  Ерейментау мен Есіл аудандарының ауыл шаруашылығы құрылымдары жәрмеңке өткізді. Жәрмеңке – тән азығы ғана емес, жан азығы да.

Ықылым заманнан бері солай болып келген. Бүгінде тарих қойнауына сүңгіп кеткен ұлан-асыр Қоянды, Қараөткел,
Атбасар жәрмеңкелері Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың ән-жырын әуелеткен даланың дархан сахнасы іспеттес еді. Осы жәрмеңкелерге жиналған қарақұрым ел күнделікті тұрмысқа қажетті керек-жарағын ғана алып қоймай, сонымен бірге, өнер жұлдыздарының жаңа әндерін естіп, кейін кең далаға самал желмен бірге желпілдетіп таратқан.
Бүгінгі жәрмеңкедегі азықтың рухани жағы көңіліңді құлазытады. Өткен жәрмеңкеде «Айран мерекесі» өткізілді. Күллі әңгіменің арқауы айран болды. Айранның жетістігі, ағзаға пайдалылығы, тағы басқа жөн-жосықсыз қаншама марапат айтылды. Әрине, ақтың айыбы жоқ, ағарғанды кінәлау жараспас. Дегенмен, Алаштың ақ дастарханындағы ең қадірлі тағам айран емес еді ғой. Жеңді білектей қарта, туырылып жатқан қазы, сапырып ішер сары қымыз. Мысалға дейік, ілкі заманда шаңыраққа сәлем беріп, бейсауат жолаушы табалдырықтан аттасын. Қай қазақ болса да айран ұсынбас еді. Алдымен сапырып қымыз ұсынар еді. Кейін босағадан бағланның басы көрініп, батасын берер еді. Мұрты көкке шаншылып, келелі кеңес құрар еді. Ал, біз бүгін таңырқап, тамсанып айран, шалапты мақтаймыз. Тіпті, жүзі басқа жұрттың алдында ұят екен.
Ендігі бір сәл оғаштау дүние қиырдан шөп тасуы. Көшенің дәл ортасында
2,5-3 тонна шөп артқан «КамАЗ» автомашинасы тұрды. Қойдың арасына кіріп кеткен кәтепті қара нардай болып. Бес жүз шақырымнан тасымалданған, ауылдағы ағайын зордың күшімен жеткізген шөптің шығынын енді есептей беріңіз. Әрі қаланың шет жағында тұратын, мал ұстайтын тұрғындар мал азығын әлдеқашан дайындап алған. Анық шөп қажет болса, іргедегі аудандардан тасымалдап, ал, шалғайдағы аудандар өтімді өзге өнім әкелсе қайтер еді.
Азық-түлік туралы жалғыз-ақ мысал. Көпшілік көп тұтынатын сиыр еті жәрмеңкеде келісі 950 теңгеден сатылды. Сан еті мен қол еті жоқ. Еті ояздау қара қабырға мен толарсақ. «Жібек жолы» базарында да қара малдың еті келісі 950 теңгеден сатылып жатыр. Былай  қарасаң, жәрмеңке мен базардың арасында айырма жоқ. Қарашаның қара дауылы түндігін желпілдеткен ауылдағы ағайынға арзанға сат деп аузыңды аша алмас едің. Мал бағудың азабы жетерлік. Тек жәрмеңке мен базардағы бағаның арасында елу теңге айырма болса ғой!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар