Өзекті мәселелерді әдістемелік сүйемелдеу өз тиімділігін көрсетуде

Ақмола облысының әдістемелік қызметі білім беру жүйесін ұйымдастыруға қатысты педагогикалық инновацияларды дайындау және игеру бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Әсіресе, мұғалімдердің педагогикалық нәтижелі идеяларды әзірлеуіне, білім беру ұйымдарының даму стратегиясын құруына және жобалық қызметін жүргізуіне көмек көрсетеді.

Осы орайда, әдістемелік кабинеттің қызметі, бірінші кезекте педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, білім беру ұйымдарында педагог кадрларының кәсіби ұтқырлығын нығайтуға бағытталған жұмыстары жайында облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Жанаргүл Баймақова әңгімелеп берді.
–Жанаргүл Дәулетқызы, кабинеттің жалпы жұмысынан дерек алғандаймыз. Енді немен айналысатындарыңызға нақтырақ талдау жасап көрсек.
–Жалпы, аудандық, қалалық білім бөлімдерінде 209 әдіскер қызмет атқаруда. Бұл – өңірдегі 21 мыңнан астам педагогпен ынтымақты жұмыс атқаруымыздағы елеулі күш. Әдістемелік кабинеттің жұмысы негізгі төрт бағытта жүргізіледі: ұйымдастыру-талдау, мектепке дейінгі және жалпы орта, тәрбие, техникалық және кәсіптік білім. Қызмет өрісі жалпы және жеке шығармашылық жоспар жүйесімен жүргізіледі.
Облыста 556 жалпы білім беретін мектеп болса, мұның 373-і шағын жинақты мектеп. Бұл көрсеткіш жалпы мектеп санының 67 пайызын құрайды. Бағдарламаны жүзеге асыру және сапалы білімге қол жеткізу үшін 21 ресурстық орталық құрылып, бұларға 57 магниттік мектептер тартылған. Аталған құрылымдарды жандандыру мақсатында, жеті ауданда аймақтық семинарлар ұйымдастырылып, іс-шараларға 430 мұғалім қатысты. Семинарға қатысушылар көптеген мәселелерді көтерді. Мысалы, ауыл мектептеріндегі педагог кадрларының біліктілігін арттыру ауқымын кеңейтуде арнайы курстар мен қысқа мерзімді курстарды «on-line» режимінде ұйымдастыру қажеттігі туындап отыр.
Бұған қосып айтарым, ресурстық орталықтардың қызметіне мониторинг жүргізу магниттік мектептердегі оқушылардың білім сапасында ілгерілеушіліктің барлығын көрсетті. Сондықтан, ресурстық орталықтардың саны мен магниттік мектептердің үлесін көбейту керек.
–Жоғарыда айтылған төрт бағыт нені көздейді? Жұмыс қыруар көрінеді, қайтарым бар ма?
–Бірінші бағыт бойынша, мектепке дейінгі мекемелердегі жұмыстың негізгі мақсаты – білім берудің жаңартылған мазмұны жағдайында педагогтарға жүйелі және дәйекті түрдегі әдістемелік сүйемелдеу жүргізу. Бұл ұйымдарда оқыту мен тәрбиелеу сапасына қол жеткізу үшін және инновациялық білім берудің өсу нүктелерін анықтау мақсатында өңірде пилоттық инновациялық жобалар енгізілуде. Бұған 400-ден астам педагог қатысады. Мұндай жобалар облыстың 17 ауданы мен 2 қаласында іске асырылуда. Педагогтарға кәсіби қолдау көрсету мақсатында облыстық әдістемелік кабинетінің жанынан білім беру мазмұнын жаңарту және педагогтардың біліктілігін арттырудың өзекті мәселелері, нормативтік-құқықтық база, мектепішілік бақылау, жұмыс үлгісі бағдарламаларын құру, критериалды бағалау жүйесі және басқа да маңызды мәселелер бойынша мобильді топ құрылды. Мобильді топ бағдарламаны жаңартуды іске асырудағы кедергілерді анықтау үшін зерттеулер жүргізеді.
Бұдан әрі бастауыш және жалпы орта білім беру жүйесін әдістемелік сүйемелдеу бағытындағы жұмысты айрықша атап өткім келеді. Өйткені, білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету, ауыл мектептерін қала мектептеріне жақындастыру, шағын жинақталған мектептерде педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылады.
«Шағын жинақты мектепте педагогикалық үдерісті басқару мәселесі бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары (Жол картасы)» әзірленді. Сонымен қатар, жыл сайын облыстық «Үздік ресурстық орталық (тірек мектебі)» байқауын өткізіп, республикалық кезеңге жіберіп отырамыз. Табыссыз да емеспіз. Мысалы, республикалық «Үздік ресурстық орталық» байқауында Шортанды ауданының №3 қазақ орта мектебі жеңімпаз атанды. Ағымдағы жылдың қазан айында республикалық «Үздік ресурстық орталық» байқауын өткізу біздің облыста жоспарланып тұр. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі мерей.
–Ресурстық орталықтар демекші, ұйымдастырылғанына аса көп бола қоймаған құрылымға қолдау көрсету мәселесі қандай деңгейде?
–Мұғалімдердің тамыз кеңесінде облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаев ресурстық орталықтың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында бюджеттен қаражат бөлінуіне тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма бүгінгі күні 100 пайызға орындалғаны қуантады, яғни, облыстық бюджеттен 178 миллион теңге бөлініп отыр. Бүгінгі күні бұл қаражат аудандарға аударылған. Бөлім басшыларына мұны берілген өтінімдер бойынша мақсатты жұмсаулары тиіс.
–Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы әдістемелік жұмыс та маңызды деп білеміз.
–Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы әдістемелік жұмыс облыстың әдістемелік қызметінің негізгі бағыттары мен міндеттеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Оқу және оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі директор орынбасарларының кеңесі құрылды. Жалпы бүгінгі күнге дейін 10 отырыс өткізіліп, бұған 472 педагог қатысты. Жаңа білім беру бағдарламалары бойынша 415 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Біздің облыс «WorldSkills» халықаралық қозғалысына белсенді қатысып, жақсы нәтижелер көрсетуде. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде Ақмола облысының «Кәсіптік бағдар беру парақшасы» құрылды. Кәсіптік жұмыс бойынша үйлестірушілер экскурсиялар, әңгімелер ұйымдастырады, кәсіби сынамалар, сауалнама, бастапқы кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізеді. Атқарылған істердің нәтижесі «Мамандықтар әлеміне жол ашамыз» атты жыл сайын өткізіліп жатқан форумда шығарылып жүр. Нәтижені ұстаздарымыздың «Үздік педагог», «Үздік авторлық бағдарлама», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», «Үздік өндірістік оқыту шебері», «Үздік орта білім беру ұйымы», «Үздік кәсіби және техникалық білім беру ұйымы», «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауларының бірнеше дүркін жеңімпаздары екендігімен байланыстыра аламыз.
–Үш тілді білім беру өркениетті дамудың басты талабы. Бұл орайда, әдістемелік қызметтің әлеуеті қандай деңгейде?
–Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда тұр. Облыста 2015-2020 жылдарға арналған Жол картасын дамыту бағдарламасын іске асыру аясында, үш тілді білім беруді жүзеге асыру және химия, биология, физика, информатика мұғалімдерінің тілдік құзыреттілігін дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдеріне тілдік құзыреттілікті арттыру курстарынан кейінгі қолдау біздің жұмысымыздың маңызын кеңіте түседі. Жуырда Жақсы ауданында екі қала мен жеті ауданның мұғалімдері қатысқан аймақтық семинар өткіздік. Семинарда облыстағы 279 мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін 478 пән мұғалімінің жұмыс тәжірибесіне талдау жасалды. Анықтама ретінде айта кетейін, қазіргі күні 36 мектеп оқыту барысында толық инвариант және 243 мектеп ішінара вариатив тәсілдерін қолданады. Мұнда әдістемелік кабинеттердің ұсыныс-кеңестері кеңінен пайдаланылады.
Жалпы, «Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, біліктілік мұғалімнің ізденісі, жан-жақтылығы, ой қорыту әлеуетінің биіктігі арқылы айқындалады. Педагогтың кәсіби құзыреттілігі жоғары болған жағдайда ғана біз болашақтың тізгінін ұстайтын функционалды сауатты шәкірт тәрбиелей аламыз!
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар