Маманның пікіріне құлақ асайық!

Сақтық шараларын ұстану маңызды

Облысымызда коронавирустың алдын алуға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық шаралар тиісті деңгейде жүргізілуде. Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары мекемелермен, тұрғындармен жұқпалы індеттен сақтанудың жолдары туралы күн сайын ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізіп жатыр.

Қытайда өткен жылдың желтоқсан айында коронавирустың алғашқы деректері тіркелген бойда біз турагенттіктерге хат жолдап, жолаушыларға шет елдерге шыққанда қандай сақтық шараларын ұстануды, коронавирус тіркелген елдерге бару қауіпті екенін алдын ала түсіндіруді барынша ескерттік. Бүгінде облыста көшпелі туризммен айналысатын 26 турагенттік бар. Қазіргі таңда елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны күнбе-күн өсіп, жағдай күн сайын ушығып бара жатқаннан кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі шет елдерде демалыста жүрген отандық туристерді жедел елге қайтаруды қолға алды. Жалпы, 13 мемлекетте жүрген
отандастарымызды қайтару үшін 17 рейс жасау жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елімізде төтенше жағдай жариялау туралы» Жарлығы шыққаннан кейін облыс аумағында күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізілді. Өткен аптадан бері барлық қоғамдық көліктер, адам көп жиналатын орындар, әлеуметтік мекемелер залалсыздандырылуда. Бұл шаралардың тиісті деңгейде жүргізілуін қадағалау мақсатында департамент қызметкерлері БАҚ өкілдерінің қатысуымен бірнеше рет рейд жүргізгенін айта кеткім келеді.
Әлемде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланыс-ты Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылдың 26 ақпанындағы қаулысына сәйкес, елімізге шет мемлекеттерден келіп жатқан азаматтар үш санат бо-йынша бақылауға алынуда. Бірінші санатқа Франция, Иран, Италия, Испания, Германия мемлекеттері енді. Бұл елдерден келген азаматтар аурудың ешқандай белгілері болмаса да, бірден стационарларға жатқызылады. Еліміздің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, «1 а» санатына енгізілген елдерден бөлек, ҚХР, Оңтүстік Корея мен Шенген аймағының мемлекеттерін қосқанда жиырмадан астам мемлекет «1б» категориясына жатады.
Бүгінгі таңда Көкшетау қаласында карантинге жатқызылғандардың ешқайсысында зерттеулер нәтижесінде коронавирус инфекциясы анықталған жоқ.
Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында коронавируске шалдыққан науқастардың көбеюіне байланысты бүгіннен бастап аталмыш қалаларда карантин жарияланғаны белгілі. Біздің облыс елордаға іргелес жатқаннан кейін барша ақмолалықтарды елімізде қолға алынған сақтық шараларының бір жағынан шығысуға шақырамын. Облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ретінде тұрғындарға айтарым, төтенше жағдай аяқталмайынша, халық көп жиналатын орындарға бармаңыздар. Қолды гигиеналық құралдармен жиі жуып, антисептикалық сұйықтықтармен залалсыздандырып отыру керек. Тұмау белгілері бар адамдармен байланысқа түспеуге тырысыңыздар. Өкінішке орай, қоғамдық орындарда, көшеде тұрғындардың олқы қылықтары жиі көрініс тауып жатады. Көшеде кетіп бара жатып жерге түкіре салу дұрыс емес. Бұл эпидемилогиялық ереженің бұзылғаны ғана емес, оның үстіне мәдениетсіздіктің де белгісі. Әр азамат өз денсаулығына және айналасындағы адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен деймін.
Айнагүл МУСИНА,
Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін
қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар