Қоғамдық кеңесте

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы талқыланды

Облыстық әкімдікте өткен қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жасалатын қоғамдық мониторингтің қорытындысы тыңдалып, денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар нормативтік-құқықтық актілер бекітілді.

Қоғамдық кеңес төрағасы Сағынтай Елубаев облыстық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Сүлен Ілиясовты қызметімен құттықтап, ісіне сәттілік тіледі. Күн тәртібінде бекітілген алғашқы мәселе туралы Ақмола облысының мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті басшысының міндетін атқарушы Дархан Хайруллин баяндама жасады.
–Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қалыптасқан және ол мемлекеттің заңдары мен заңнамаларына сай жетілдіріліп келеді. Қызмет көрсету заман талабына сай электрондық форматқа ауысқаннан бері бірқатар мәселелер тездетіліп шешілуде. Өткен 2019 жылы облыс тұрғындарына 6 миллион үш жүз мыңнан астам қызмет түрі көрсетілді. Оның 85,5 пайызы электронды форматта атқарылды. Сондай-ақ, электрондық үкімет арқылы үйде отырып, анықтама алу жұмыстары алдыңғы жылдарға қарағанда біршама артты. Соңғы 6 жылды салыстырмалы түрде алатын болсақ, мемлекеттік қызметке сұраныс 5,5 есеге ұлғайды. Қазір азаматтардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына әлеуметтік бағалау жүргізу ерекше мәнге ие. Осы орайда, жыл сайын әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі. Өткен 2019 жылдың қыркүйек – желтоқсан айларына дейінгі аралықта қызмет сапасына байланысты жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижесі 87,6 пайызды көрсетті, республикада бұл орташа көрсеткіш 69 пайызды құрайды. Бұл жағынан біздің облыс бірінші орында, – дей келе, Дархан Хайруллин бірқатар салалар бойынша азаматтардың жазған жағымсыз пікірлерін де жасырмады. Мәселен, жер қатынастары, денсаулық сақтау, сәулет және құрылыс, білім беру, мүгедектерді әлеуметтік қамтамасыз ету, АХАЖ салалары бойынша кейбір өрескелдіктер айтылды. Азаматтардың пікірлерінде: «автотұрағы алыста және көлік қоюға ыңғайсыз», «халыққа қызмет көрсету орталығында сыпайылық жоқ, кезек көп, компьютерді көбейту керек», «терапевт мамандар жоқ, медициналық тексерістерді ақша төлеп өтіп жатырмын», «ауылда дәрігер жоқ, басқа көрші ауылдарға бару керек», «компьютерлер дұрыс жұмыс істемейді, техникалардың жағдайы нашар», «жедел жәрдем мүлдем келмеді, емханаға өзіміз бардық, қызметкерлер шақыртуға мүлдем келмеді» делінген. Осындай ыңғайсыз жағдайлардың туындауына қатысты облыс әкім орынбасарларының және өрескелдіктер жіберілген ведомстволар басшыларының қатысуымен арнайы жиындар өткізілген. Кеңес мүшелері Дархан Хайруллиннің мониторинг қорытындысы бойынша жасаған баяндамасын құптай келе, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізу туралы жасаған хабарламасына назар аударды. Бірқатар сауалдардан кейін бұл актілерді қабылдау жөнінде шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта дүниежүзін әуре-сарсаңға салған коронавирус мәселесі де кеңес отырысында талқыланып, облыстың бас дәрігері туындаған бірқатар сауалдарға жауап берді. Мәселен, маскалардың тапшылығы бойынша айтар болсақ, Қытай мемлекетінде коронавирус жайлаған тұста жеке кәсіпкерлер оларды сол жаққа сатып жіберген. Дәріханаларда болмағанымен, ауруханалар мен емханаларда облыс бойынша маска қоры жеткілікті. Сонымен бірге, облыста бұл аурудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан амал-шаралар, дәрі-дәрмек қоры, карантинге жабу орындарының дайындығы, тестілік аппараттар, дәрігерлердің науқастарға ем жүргізуге дайындығы жан-жақты баяндала түсті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар