Әлеуметтік карталарды қолдану аясы кеңейіп келеді

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде вице-министр Ерлан Әукеновтің төрағалығымен Қазақстанның барлық өңірлерінде әлеуметтік ID-карталарды енгізу мәселесі бойынша облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдіктерімен селекторлық кеңес өтті.

Бүгінгі таңда әлеуметтік карталар Ақтөбе, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында енгізілген. Олар жол ақысын төлеуге, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдік берілген әлеуметтік топтама және басқа да әлеуметтік қызмет түрлерін алуға мүмкіндік береді.
Мысалы, Ақтөбеде «Қазпошта» АҚ банк картасының негізінде 40 мыңнан астам әлеуметтік карта шығарылған. Осыған орай, 6 ай ішіндегі ақша айналымы 841 миллион теңгені құрапты. Карталардың иелері мектеп асханаларында тамақтануға, жолақысын төлеп, тегін рецепт бойынша дәрі-дәрмек алуына болады.
Нұр-Сұлтанда Astra бірыңғай көлік картасы жұмыс істейді. 1,5 миллион картаның 120 мыңы оқушыларға арналып, 135 мыңы азаматтардың жеңілдікке ие санаттары үшін шығарылды. Орташа айлық ақша айналымы 1,5 миллиард теңгені құрайды. Бірыңғай мектеп картасын пайдалана отырып, қала оқушылары Bala pay және Feeb me электрондық жүйелері арқылы тамақтануды төлеуге мүмкіндігі бар.
Алматыда бұл жүйе «Оңай» көлік картасының базасында жұмыс істейді. 2,9 миллион дана болып шығарылған картаның 333 мыңы – мектеп оқушыларына, 422 мыңы – студенттерге арналған және 241 мыңы – жеңілдіктерге мүмкіндік береді, олар бойынша орташа айлық айналым 2 миллиард теңгені құрайды. «Оңай» карталарының иелері қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлей алады, музейлерге, кітапханаларға, киноға билеттер сатып алып, мәдени іс-шараларға қатыса алады. Алматыда мектеп асханаларында тамақтануды төлеу мүмкіндігін енгізу жоспарланып отыр.
Ерлан Әукеновтің айтуынша, ID-карталардың мүмкіндіктері кеңейтіледі. Ардагерлер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, табысы аз және көп балалы отбасылар негізгі нысаналы топтар болады. Әкімдіктер өнім берушілерді өздері таңдайды. Қазіргі уақытта 13 өңір кіммен жұмыс істейтінін анықтады.
Әлемдік тәжірибеде әлеуметтік ID-карталар бірқатар елдерде пайдаланылады. Мысалы, Австрияда, Эстонияда, Малайзияда, Италия мен Ресейде адамдар әлеуметтік төлемдер мен арнайы пластикалық карталар арқылы жәрдемақы алады.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар