Қорғалжынның дәмді көжесі италияндықтарды да тамсандырған

Қазақтың пейілінде даланың кеңдігі жатыр. «Ақ мол болсын!» деп келетін бата да халқымыздың ақ көңілінен туса керек.

Халықта «Ағы бардың бағы бар», – деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек-ті. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде дастарханымыз ұлттық тағамдарға, аққа толы болады. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда халықтың көпшілігі дүкен сөрелеріндегі қоспасы көп дайын өнімді ала салады. Бұрынғы уақытта дастарханның сәні бауырсақ, құрт-ірімшік, қоспа, жент, талқан, сары май, қаймақ қатқан қою шәй еді. Аналарымыз ағарғаннан әртүрлі тағамдар жасап отырған. Қалаға таңсық болғанымен, осы ескі үрдісті ұстанғандар бар. Біз бүгін дәл осындай кәсіпті іске асырып отырған «Бытығай сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, қорғалжындық кәсіпкер Сәлімжан Ғалымжанұлы туралы сөз қозғамақпыз. Қорғалжындық кәсіпкер кәнігі төл өнімді жаңғыртып, замануи үлгіде ұсынып келеді.
Біреу білсе біреу білмес, Сәлімжан Ғалымжанұлы басшылық ететін қорғалжындық «Бытығай сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2016 жылы өз өнімдерімен Италияның Турин қаласында өткен «Slow food» халықаралық азық-түлік көрмесіне қатысып, италияндықтардың да жоғары бағасын алған.
– Ауыл қазақтың алтын бесігі ғой. Кішкентайымыздан ата-әже, әке-шешемізге көмектесіп, малға қарайласып өскен балалармыз. Беу, дүние-ай, десеңізші, сол алаңсыз балдырған шақ қандай керемет еді!.. Кіндік қаның тамған ауыл жаққа бүйрегіміздің бұрып тұратыны да сондықтан болар, – деп бастады әңгімесін Сәлімжан Қанапин. – Әлі есімде бала кезімізде анамыз бізге балдай дәмді көже пісіріп беретін. Жаздың аптап ыстығында әрі сусын, әрі тамақ. Керек болса, ұзақ аурудан әлсіреген кісінің де дертіне ем болсын деп көже берген емес пе?! Дәмі де тіл үйіреді. Мінекей, қазақтың ұлттық тағамдары осындай
қасиеттермен ерекше ғой.
1989-1991 жылдар аралығында Польшада өзімнің әскери борышымды өтедім. Сол жылдары бұл мемлекетте жекешелендіру жүріп жатқан кез еді. Мен де болашақта өз кәсібімді ашсам ба деп армандадым.
Әскерден елге оралысымен ата-анам, бауырларым, дос-жаран, туған-туыс, көрші-қолаң қуана қарсы алды. Ана жүрегі бала деп соғады емес пе?! Балам келді деп бәйек қағып, анам дастарханына бар дәмдісін қойып қарсы алды. Сіз менің анамның дайындайтын дәмді көжесінен бір дәм татсаңыз таңдайыңыздан балдай дәмі кетпейтініне шүбә келтірмес едім. Анамның дәмді тағамдарынан дәм тата отырып, өз ұлтымыздың ұлттық тағамдарын неге өндіріске шығармасқа деген ой маза бермеді. Содан «Бытығай сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, «Дәмді» көжені жасай бастадық.
Кәсіпкерлікке ден қойған алғашқы жылдары егіншілікпен де айналысқан едім. Кейін мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бо-йынша несие де алып, төрт түлік өсірдік. Мал өсіру оңай-оспақ шаруа емес. Қазір кәсіпкерліктің қай түрімен айналысамын десеңіз де өріс кең, жол ашық. Бұл біздің де ілгері басуымызға өз септігін тигізді деп ойлаймын. Ең бастысы қолға алған кәсібің бүгінгі нарық талабына сай келіп, өзіңе де, өзгеге де пайда тигізіп жатса болғаны. Қазіргі таңда ауданда жекеменшік наубайханам бар. Онда күніне 500 бөлке нан пісіріледі. Сонымен қатар, аудан орталығынан мал сою алаңын да аштым. Бүгінде бұл цех толық қуатында жұмыс істеп тұр.
Қазір төрт түлік төлдеп жатқан кез. Жұмыс тұралап қалмас үшін ауданнан қол созым жердегі ауылдардан сүт сатып алып, май, қаймақ, ірімшік, айран, қоспа, құрт сияқты ұлттық тағамдарды жасап жатырмыз. Аудан орталығында жиырмаға жуық дүкен бар. Біз өз өнімдерімізді осы сауда орындарына өткіземіз. Бізге аудан халқынан тапсырыс көп түседі. Басты мақсатымыз табиғи таза өнім шығару және атадан қалған кәсіпті өз ұл-қыздарымызға үйрету болып табылады, – дейді кәсіпкер.
Ағамыз дұрыс айтады. Ата кәсіп – ұрпаққа нәсіп. Жасырары жоқ, қазіргі таңда жастар жеңіл әрі тез дайындалатын тағамдарға әуес. Ал, қазақтың ұлттық тағамдарының құнарлы, дәрумендерге бай екендігі даусыз. Біз осы орайда, Сәлімжан Ғалымжанұлынан 2016 жылы Италияның Турин қаласында өткен халықаралық көрмесіне қатысқаны туралы әңгімелеп беруін сұрадық.
– Бұл көрме дәстүрлі түрде Slow Food – халықаралық қоғамның қолдауымен өтеді екен. «Salone del Gusto Internazionale» көрмесі аясында түрлі іс-шаралар, көптеген кездесулер өткізілді. Аталмыш іс-шараға әлемнің әр түкпірінен өндірушілер мен аспаздар қатысып, әр мемлекет өзінің ұлттық өнімдерін паш етті. Аудандағы кәсіпкерлік бөлімі мен ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандардың ұсынысымен бұл іс-шараға мен де қатысып қайттым. Көрмеге 150 мемлекеттен барлығы 5000 кәсіпкер қатысты. Қазақстаннан 11 делегат бардық. Мен өзіммен бірге қазақтың көжесін, жент пен талқанын ала бардым. Шетелдіктер дәмін көріп, таңдай қағып, тамсанып, құрамын сұрап, зор қызығушылық білдірді. Ерекше атап өтетін жәйт, бұл форумның аты да бекерден-бекер «Slow food» аталмайды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазіргі таңда, «Fust food» дегенге жастар әуес. Бұл тез дайындалатын тағам, мамандардың айтуынша, адамның ағзасына зияны көп. «Slow food» осы «Fust food»-тың кері баламасы.
Форумнан елге оралған соң менде көптеген тың идеялар пайда болды. Жалпы, адамда не көп, ой көп, мақсат көп. «Қазақстанда жасалған» брендін ілгерілету үшін болашақта «Бытығай-сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісін кеңейтіп, отандық өнімге өріс ашу басты мақсаттарымның бірі.
Алдағы Наурыз мерекесі қазақ халқының жыл басы саналады. Жаңа жыл елімізге өзінің тыныштығын, берекесін, ырыс-дәулетін ала келсін деп тілеймін. Ең бастысы, ақ мол болсын, ағайын!, – деп түйіндеді сөзін Сәлімжан аға.
Мүмкіндігі болса да, кәсіптің көзі екен деп байлықтың соңына түспей, қай жерде жүрсе де, қай кәсіппен айналысса да жан-жағындағыларға адамгершіліктің, кісілік пен кішіліктің үлгісі бола білген, жаны жомарт Сәлімжан Ғалымжанұлы сияқты кеңжүректі, ұлтжанды азаматтарға тәнті боласың. Әңгімеміздің өн бойында оның анаға деген құрметі, еліне, туған жеріне деген ыстық ықыласы әр сөзінен аңғарылып-ақ тұрды. Ұлттық өнімге өріс ашқаны отансүйгіштігінің белгісі емес пе?! Өскелең ұрпақ сөз жоқ, осындай жандардан үлгі алуы тиіс.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қорғалжын ауданы.

Суретте: қорғалжындық кәсіпкер Сәлімжан Ғалымжанұлының Италияға барған сапарынан көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар