Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Үндеуі

Құрметті ақмолалықтар!
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2020 жылғы 16 наурыздан бастап елде төтенше жағдай енгізілді. Мұндай шара елімізде Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет қабылданып отыр.
Бұл коронавирустық инфекцияның таралуын төмендету бо-йынша жасалған қажетті қадам. Коронавируспен күресу үшін барлық медициналық ұйымдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.
Елімізге коронавирустық инфекцияның енуіне байланысты Ақмола облысы аумағында вирустың таралуының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлағым келеді.
Біздің маңызды міндетіміз – коронавирустық инфекция жағдайларын болдырмау және өңірдегі тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдайды сақтау.
Сіздер білетіндеріңіздей, Қазақстанның екі бас қаласы – Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин жарияланды. Осыған байланыс-ты барлық қызметтер күшейтілген режимге көшірілді. Ақмола облысына шет елдерден келетін азаматтар міндетті түрде карантинге жатқызылады. Бүгінгі таңда облысымызда 31 адам карантинде ұсталуда. Карантинге жататын орындарда барлық қажетті жағдайлар жасалған, азаматтардың денсаулық жағдайы қанағаттанарлықтай. Бүгінгі таңда коронавирус жұқпасының оқиғалары тіркелген жоқ. Алайда, бұл – аймақта енгізіліп жатқан алдын алу шараларын тоқтатпайды.
Соңғы аптада біз қорғану шараларын күшейттік. Олардың қатарында аймақтың әлеуметтік маңызды нысандарын жиі зарарсыздандырып отыру, барлық көпшілік шараларға тыйым салу, оқушыларды онлайн оқытуға көшіру, халық жаппай жиналатын орындарға шектеу қою сияқты шаралар бар. Сонымен бірге, маңызды жұмыс орындарынан басқа, барлық құрылымдардың қызметкерлері қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшірілуде. Ірі сауда орталықтарының жұмыс кестесі қысқартылды.
Біз облыс тұрғындарын вирустан саналы түрде сақтануға және барлық алдын алу шараларын бұлжытпай орындауға шақырамыз. Мұнымен қатар, ақмолалықтар интернет ресурстары арқылы жолданатын жалған ақпараттарға сенбеуі керектігін, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенулері қажеттігін атап өткім келеді. Бүгінгі таңда облысымыз жеке қорғану құралдарының тапшылық мәселесін өз күшімен шешіп отыр. «Тыныс» зауытының тігін цехтарының бірі маскалар тігуге қайта жабдықталды.
Күні кеше тұрмыстық химия заводы жұмыс бағдарын өзгертіп, антисептикалық тазартқыштарды өндірудің жаңа өнімін шығаруды бастады. «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен 15000 литр өнім дайындау жөнінде шарт жасалды.
Төтенше жағдай кезеңіндегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жеткізілуіне және бағаны тұрақтандыруға басты назар аударылады. Ірі сауда объектілерінің, ойын-сауық мекемелерінің және кейбір қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысына уақытша шектеу енгізілді. Алайда, азық-түлік дүкендері, супермаркеттер, азық-түлік базарлары санитариялық және дизенфекциялық шараларды күшейту арқылы күнделікті режимінде жұмыс істейтін болады. Сонымен бірге, барлық кәсіпкерлерден бағаның тұрақтылығын сақтауды және халыққа қажетті тамақ өнімдерін жеткізу арқылы облысымыздың тұрғындарына, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетулерін сұраймын.
Халықты қазір толғандырып отырған ең маңызды мәселелердің бірі – азық-түлік нарығының толымдылығы мен азық-түлік бағасының жайы. Қазіргі күні өңіріміз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тағамдарымен үздіксіз қамтамасыз етілген. Өйткені, азық-түлік өнімдерінің басым көпшілігі жергілікті жерде өндіріледі. Осыған орай, ақмолалықтардың азық-түлік өнімдері тапшылығы болады деп қорқуының, дүкендерден көтере сатып алуының еш жөні жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігіне біз толық кепілдік бере аламыз.
Сонымен бірге, өздеріңізге белгілі, қаламызда тұрғындардың азық-түлік өнімдеріне деген мүддесін қорғауға арналған тұрақтылық қоры жұмыс істейді. Қазір тұрақтылық қорында азық-түлік өнімдері жеткілікті. Бірінші қажетті тауарларды «Қамқор» базарынан төменгі бағамен сатып алуға болады.
Сондай-ақ, барша кәсіпкерлерді бағаны негізсіз көтеруге жол бермеуге, баға өлшемін сақтауға шақырамын. Олай болмаған жағдайда, жергілікті билік төтенше жағдайлар кезеңінің шеңберінде тиісті шараларды қолданатын болады.

Барлық медициналық мекемелердің толық дайындық жағдайына көшірілгендігін баса атап өткім келеді. Облыстық аурухана барлық қажетті дәрі-дәрмекпен және тазартқыш құралдармен жабдықталды. Нұр-Сұлтан қаласына карантин енгізілуіне байланысты қала маңындағы 7 село да карантиндік тізімге енгізілді. Ол селолар: Талапкер, Қараөткел (Ильинка), Қоянды, Қосшы, Жібек жолы, Ы.Алтынсарин және Тайтөбе. Бұл аталған село тұрғындары қалаға еркін кіріп-шығуларына болады, бірақ, төтенше жағдайлар талабын қатаң сақтауы тиіс. Егер астанаға баруға аса үлкен қажеттілік болмаса, аталмыш село тұрғындарының үйлерінен шықпай отырғандары жөн болар еді.
Біз тұрғындардың елеулі бөлігі қоғамдық көлік қызметін пайдаланатынын білеміз. Сондықтан, автобустарда күшейтілген дезинфекция жасалады. Тасымалдаушыларды санитарлық талаптарды жауапкершілікпен атқаруға шақырамын.
Тұрғындарға қызмет көрсету орталықтары қызметінің көпшілігі электронды форматқа көшірілді. Қажетті құжаттарды интернет ресурстары арқылы алуға болады, сондықтан, тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарына барудың соншалықты қажеті жоқ. Мектеп оқушылары мен студенттердің сабақтары қашықтықтан оқыту әдісіне көшірілді, сондай-ақ, барлық үйірмелер, репетиторлық орталықтар мен секциялар жұмысын тоқтатты. Бұл орайда, мұғалімдер мен оқытушылардың еңбекақысы сақталатынын еске саламын.
Егер мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер балалар бақшасына бара алмаған жағдайда, оның мұндағы орны сақталады. Наурыз мейрамынан кейін бала бақшалары жабылады. Қазіргі күні мектепке дейінгі мекемелерге балалардың 24 пайызы барып жүр.
Қызметкерлердің құқықтары жөнінде айрықша тоқталғым келеді. Төтенше жағдайға байланысты жұмыс берушілерді әлеуметтік мәселелерге – еңбекақысын толық көлемде сақтай отырып, еңбек адамдарын үйлеріне босатып, қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіру қажет. Егерде, кәсіпорын немесе мекеме өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болған жағдайда, олар қызметкерлерге төменгі мөлшердегі жалақыны төлеуге міндетті.
Еліміз үшін осынау күрделі кезеңде мемлекет айрықша қадамдарға баруда. Бизнеске толыққанды қолдау көрсетіледі, импорт алмастыру мақсатында жеке өндіріс орындарын ашатындардың бастамасына тиісті ықпал жасалады.
Ал, қызмет істеп тұрған кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік енгізіледі. Мәселен, кинотеатрлардың, ірі сауда нысандарының және басқаларының иелері бір жылдық мүлік салығынан босатылады. Сондай-ақ, дәл осындай жеңілдікті, жеке кәсіпкерлер жеке кіріс салығын өтеуде пайдаланады. Орта бизнес нысандарын тексеру шаралары қысқартылады.
Бұған қосымша, сіздердің назарларыңызды тағы да қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтауға аударғым келеді. Қолдарыңызды жиі жуып, ғимараттарды, бөлмелерді желдетіп, кісілермен қашықтықтан байланыс жасаған ләзім. Өзін-өзі дербестеу де маңызды. Бұл вируспен күрестің маңызды шарттары болып табылады.
Қауіптің кішкене белгісі байқала қалған жағдайда, 103 нөмірімен жедел медициналық қызметіне немесе 1403 нөмірімен колл-орталыққа хабарласыңыздар. Сондай-ақ, кеселді және вирусты жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды жасырған жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделетінін ескертемін.
Біздің облысымыз үшін бұл жыл күрделі болып тұр. Биылғы қыста қар рекордты көрсеткіште түсті. Өңірде су тасқынына қарсы шаралар белсенді түрде жүргізілуде. Бұл іске қаржы бөлінді. Қазірше тұрғын үйлерді және басқа нысандарды су алу фактісі тіркелген жоқ. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және айрықша бақылауда ұсталуда.
Құрметті жерлестер!
Қазіргі жағдайға байланысты біз Наурыз мейрамын жаңа форматта өткіземіз. Мүмкіндікті пайдаланып, барлық ақмолалықтарды алдағы Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Бүгінгі күні сабырлылық сақтау, мұқияттылық танытып, өз денсаулықтарыңызды барынша қадағалау аса маңызды болмақ. Сондай-ақ, жеке тәртіп, азаматтық жауапкершілік, түсіністік пен тұрақтылық қасиеттері қиындықтарға қарсы күресіміздің басты шартына айналуы тиіс. Жұмыла көтерген жүк жеңіл!
Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын!
Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар