Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!

Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді көктемнің жарқын мерекесі – табиғаттың жаңаруы және жасаруы, өмірдің салтанаты мен сенімі Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Тәуелсіздік жылдары Наурыз мейрамы қазақстандықтар үшін нағыз жалпыхалықтық, бейбітшілікті нығайтып, қоғамдағы келісімді жарастыратын қасиетті мерекеге айналды. Әр отбасы ұлттық тегіне және діни сеніміне қарамастан Наурызды мейірімділік пен бейбітшілік мейрамы ретінде атап өтеді.
Ерте заманда бұл күні дау-дамай мен алауыздық тоқтатылып, реніштер кешіріліп, татулық үйлесім тапқан. Наурыз адамдардың басын бір дастарханда тоғыстырып, олардың бойында бейбіт өмірге, ізгілік пен ынтымаққа құштарлық сезімін үстемелеген.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев біздің тәуелсіздігіміздің барлық жетістіктері қоғамымыздың бірлігі мен біртұтастығы арқасында келгендігін атап көрсеткен болатын. Бұл Қазақстанның баға жеткізгісіз құндылығы, сондықтан да, елімізді бейбітсүйгіш және өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекет ретінде барша әлем біледі.
Осы айтылып жатқан қасиеттер бізге дәл қазіргі уақытта, коронавирустың таралуына байланысты бүкіл еліміз бойынша төтенше жағдай енгізілген бүгінгідей кезеңде аса керек болып отыр. Қазіргі ауыртпашылықтарды тек қана қатаң тәртіп, азаматтық жауапкершілік, қиындықтарға қарсы тығыз топтасу және өзара сенім жағдайында ғана жеңіп шығамыз. Ең басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын қорғау. Баршамыз бірігіп, бұл сынақтан да өтеміз деген сеніміміз зор.
Қазіргі жағдайға байланысты біз Наурызды тойлауды жаңа форматта өткізгелі отырмыз. Бұл мейрам оң өзгерістердің хабаршысы, келісім мен жақсылық атаулының жаршысы болуға жазсын. Құрметті достар, бүгінгідей Ұлыстың ұлы күні Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, табыс пен жақсылық тілеген ең ізгі ниетімді қабыл алыңыздар. Наурыз мейрамы құтты болсын!

Ақмола облысының әкімі Ермек МАРЖЫҚПАЕВ.

Құрметті ақмолалықтар!

Сіздерді облыстық мәслихат депутаттары жылылық пен үмітке, жақсылық пен келісімге ұмтылдыратын, көктемнің шуақты самалымен бірге келетін ұлық мереке – Ұлыстың ұлы күнімен құттықтайды! Адамдар арасындағы өзара түсіністік, бірлік, бір-біріне деген көмек ауадай қажет қазіргі заманда ежелден келе жатқан осы бір дәстүрлі мерекеміздің мән-мағынасы арта түседі. Күн мен түн теңеліп, табиғат ана қайта жаңғыратын кезбен тұспа-тұс келетін Наурыз мерекесі әрбір отбасына береке мен бірлік, игілік пен молшылық, әр шаңыраққа бақыт пен амандық, саулық әкелсін!
Ақмола облыстық мәслихаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар