Ұлы Жеңіс 75

Бір үйден алты бірдей азамат

қан майданда ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты

1941 жылы сұрапыл соғыстың басталған кезі еді. Жан-жақтағы қала, ауылдардан азаматтар соғысқа шақырту алды. Соның ішінде менің әкем мен бауырлары да бар болатын. Бұрынғы Ақмола қаласының Қазақ көшесіндегі 68 үйден (қазір Нұр-Сұлтан қаласы, Ш.Айманов көшесі, 16 үй) соғысқа аттанған ағайынды бауырлар мына кісілер еді. Жармағанбет Сәдуақасов әкем, Бекжан Хамзин атам, Жәкен Хамзин, Омар Хамзин, Шайхан Хамзин, Тәжмағанбет Сәдуақасов ағаларым.

Осы аты аталған ағайынды бауырлар соғысқа дейін бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрді. Отанды жаудан қорғау үшін өз отбасымен, туған-туыстарымен, бала-шағаларымен қоштасып, елі, жері үшін соғысқа аттанады. Соғыс уақытында өзімнің анам Қапаш, әжем Жайбөпе, Ақыш, Дәмен, Әзкен апаларым қан майданда жүрген солдаттарға арнап шұлық тоқып, күн демей, түн демей арнайы қалта, қолғап тігіп, жөнелтіп отырған екен. 1945 жылы сұрапыл соғыстың аяқталған кезі. Ел бөркін аспанға атып, қуанып жатты. Соғыстан біреуі жаралы болып оралып, енді біреулерінен қара қағаз келді.
Әкем Жармағанбет Сәдуақасов 1901 жылы туған. Майданға кетерде өзіне арқа сүйеп жүрген екі інісі Тәжмағанбет пен Орал Сәдуақасовтарды балалар үйіне тапсырып кетеді. Украин елінде, Харьковте болған ұрыста оң қолына оқ тиіп, соғыстан жаралы күйінде келеді. Елге келісімен балалар үйіне өткізген інілерін тауып алады. Аласапыран кезде бір-бірінен көз жазып қалмай, аман-есен қауышқан ағайындылардың сол сәттегі қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Әкем соғыс ардагері атанып, екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, Ұлы Жеңістің 20 жылдығы мен 25 жылдығына шығарылған мерекелік медальдармен марапатталады. Әкемнің осы орден, медальдарын таққанын көрген емеспін. Мақтанып тағып жүргендей боламын деп қымсынатын. Атаққа әсте қызыққан емес. Біз отбасында үш бала өстік. Үлкен апам Баян, ағам Ескермес, кенже қызы мен, Алтынайдар. Әкем 1976 жылы 10 ақпанда Аршаты ауылында 76 жасқа толған шағында дүниеден өтті.
Хамзин Бекжан атам да соғыстан оқ тиіп, жаралы болып оралды. Жакен ағамнан қара қағаз келді. Осы ағам туралы тарқатып айтар болсам, соғысқа кетерде жұбайы Ақыш апамыздың аяғы ауыр болады. Соғыс кезінде жазған хатында: «Егер ұл туса, атын Найман қойыңдар, себебі, жанымда жүрген майдандас жігіттер Павлодар елінен, найман руынан. Сол майдандас бауырларымның құрметіне Найман деп атағым келеді. Ал, қыз туса өздерің қоярсыңдар» депті. Содан жеңгеміз шекесі торсықтай ұл туып, есімін әкесі армандағандай, Найман деп атаған екен. Кейін сол Найман ағамыз отбасылы болып, Нұрлан, Ерлан есімді екі ұлдың әкесі атанды.
Хамзин Омар ағам соғыстан аман оралып, Дәмен атты жеңгемізге үйленіп, Бану деген қызы өмірге келеді. Ағам соғыс және еңбек ардагері атанып, 86 жасқа қараған шағында Астана қаласында өмірден өтті. Сөйтіп, қазіргі Қараөткел, бұрынғы Ильинка ауылында жерленді.
Хамзин Шайхан ағама келетін болсам, ол кісі зұлым жаумен Беларусь елінде шайқасып, Смоленск, Витебск, Брянск қалаларын жаудан азат етуге ат салысқан екен. Кезекті шайқастардың бірінде ауыр жараланып, оң көзі мен оң аяғына оқ тиіп, мүгедек болып елге оралады. Солдаттар ағамды санитарлық ұшақпен әкеліп, туған-туыс, бауырлары жылап қарсы алады. Кейін оқ тиген аяғына протез жасатып, сонымен жүреді. Отан үшін от кешкен ерліктері бірқатар орден, медальдармен атап өтілген. Шайхан ағамның балалары: Қырмызы, Орынбасар, ұлы Серік, кенже қызы Несібелді. Ұлдан туған немересі Ерден.
Тәжмағанбет Сәдуақасов менің әкемнің туған бауыры. 1944 жылы 18 жасында соғысқа аттанады. Соғыс аяқталған Германияда одан әрі әскери борышын өтеп, алты жылдан соң елге оралады. Соғыста да, одан кейін де алған марапаттары баршылық. Елге оралған соң отбасын құрып, балалы-шағалы болады. Тәжмағанбет ағам 72 жасында дүниеден өтіп, Аршаты ауылында жерленді. Соңында Рахметолла, Ғабдолла, Рабиға, Хамзе, Рақила, Қабидолла, Рамила, Абдолла атты ұрпақтары қалды.
«Ер есімі – ел есінде» демекші, елі, Отаны үшін шыбын жанын шүберекке түйген, ел даңқын ерлікпен асқақтатқан жандардың есімдері мәңгі ұмытылмайды. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп қазақ атамыз айтқандай, бұл ағайынды бауырлар бірліктің арқасында сұрапыл соғысты қайсарлықпен жеңген кешегі ержүрек ұрпақтың өкілдері. Бір үйден алты бірдей азамат ел басына күн туғанда Отан қорғауға аттанып, бүкіл халықтың көргенін бірдей көруі айтуға да, жазуға да тұрарлық естелік деп ойлаймын. Ұлы Жеңістің 75 жылдығында ұрпақтарым еске алды деп рухтары шат болсын!
Алтынайдар Жармағанбетқызы.
Суреттерде: Омар Хамзин және Тәжмағанбет Сәдуақасов; Шайхан Хамзин.

Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар