Абайдың данышпандығы мәңгі жасайтын мұра

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде хакім Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған салтанатты шара болып өтті.

Айтулы шарада Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев құттықтау сөз сөйлеп, Ұлы Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жырлары әрдайым халқымен бірге өмір сүріп келе жатқанына тереңірек тоқталды. Одан әрі жалғасын тапқан рухани кеш ұлы ақынның әлеуметтік-гуманистік және діни көзқарастары, философиялық терең ой-толғамдарына, Абайдың қара сөздеріне, яғни, сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармаларына арналды. Сазгер-ақын Абайдың отыздан астам әні мен үш күйі бар. Бүгінгі таңда олардың барлығы нотаға түсіріліп, ерекше нақышта орындалып жүрген классикалық туындылар. Міне, солардың бірі – Абайдың ұлы Ақылбай мен немересі Исрайлдың орындау шеберлігі арқасында осы күнге дейін сақталған «Мамыр түні», «Абайдың желдірмесі», «Торы жорға» күйлері. Сол күйлердің бірі – «Торы жорға» Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әртісі Лаура Мұқатаева мен Мөлдір Сүлейменова жетекшілік ететін «Шаңырақ» студенттік ансамблінің және «Импульс» би студиясы тобының орындауында көрермендер назарына ұсынылды.
Абайдың барлық шығармаларында біздің ата-бабаларымыздың рухани құндылықтары берілген. Сол бабалардан жеткен асыл мұраларымыз бүгінде өзінің мән-мағынасын жоймай, одан әрі дамып, жоғары маңызға ие болуда. Абай орыстың атақты ақын-жазушылары Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой, Тургеневтің еңбектерін сүйіп оқыған ерекше тұлға. Олардың шығармаларын оқи отырып, озық ойлы Абай орыс мәдениетін, оның өнерін, білімін өз ұлтына үлгі ете білді. Бұл да Абайдың даналығын айғақтайды. Оны шұрайлы сөздің иесі, көркем әдебиеттің темірқазығы, өшпейтін жарық жұлдызы деп ерекше мақтанышпен айта аламыз. Ақынның өмірден алған жалынды туындылары келешек ұрпаққа таптырмайтын рухани азық. Өз заманында жазылған Абай әндері бүгінде өзінің маңыздылығымен танылып, ерекше із қалдырып отыр. Оған «Жауқазын» студенттік жастар театры орындаған «Татьянаның қырдағы әні», Бекбол Әбдуәлінің орындауындағы «Көзімнің қарасы», Семетай Ақылдастың орындауындағы «Сегіз аяқ» және «Айттым сәлем, қаламқас» әндері куә.
Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» деген болатын. Бүгінде Абай болмысын келешекке жеткізетін жастарымыз өсіп келеді. Солардың бірі – университеттегі Еркеш Ибраһим атындағы жас ақындар клубының мүшелері Абай атамыздың ақындығын, оның дара жолын әрі жалғастыруда. Сондай-ақ, қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Гүлназ Бөкен Абайдың алтыншы қара сөзі, орыс филологиясы кафедрасының студенттері Абайдың 17-ші қара сөзін нақышына келтіріп оқыды.
Қазіргі таңда қазақ халқының ұлы ақыны Абай атамыз Шығыс пен Батыстың мәдениетін жалғастыратын алтын көпіріне айналды. Ол қазақ мәдениетіне араб, парсы, орыс, неміс, венгр және ағылшын мәдениетінің жетістіктерін әкелген ғұлама. Қазақстанда ғана емес, Дели, Каир, Берлин, Ташкент, Бішкек, Киевте Абай атындағы көшелер бой көтерсе, Лондонда Абай үйі ашылған. Ұлы ақынымыздың құрметіне Мәскеуде, Тегеранда, Пекинде, Мысыр мен Ташкентте, Будапеште, сондай-ақ, Францияның Ренн қаласында ескерткіштер орнатылды. Ал, әдебиет саласының майталмандарына Абай атындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы беріліп келеді.
Абай өз өмірін поэзия мен туған халқына қызмет етуге арнады. Ол өз ойларын ешкімге таңбады. Біз оның сол бір сырлы саздарын бүгінгі рухани кеште де естіп, тағы бір тамсандық. Осы кеште Абай атамыз жайлы жас ұрпақ өкілдеріне сөз кезегі беріліп, сахнада Еркеш Ибраһим атындағы жас ақындар клубының мүшелері саксофонда попури орындап, көрермендерін Абай даналығына арналған шығармаларымен сусындатты. Баршамызға белгілі, мерейтой құрметіне Қазақстанда челлендж өткізілуде. Сол челлендж қатысушылары қазақтың ұлы ақыны мен ойшылының шығармаларын оқыды. Елімізде алғаш эстафетаны тоғыз жасар мектеп оқушысы бастап, оны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, әнші Димаш Құдайберген, тіпті, ресейлік композитор Игорь Крутой және әнші Валерия да жалғастырған болатын. Осыған орай, рухани кеш аясында Абай шығармаларына қаныққан институт оқытушылары мен студенттер челленджді бастап та кетті. Аманай Сейітқасымов, Фариза Тілеуберген және оған залдағы қатысушы ретінде келгендер де қосылды.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманай Сейітқасымов:
– Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай университетімізде кешенді іс-шаралар жоспары жасалды. Осыған байланысты Абай жылының ресми ашылуын концерттік бағдарламамен бастап отырмыз. Мұндай іс-шаралар жыл бойы ұйымдастырылып отырады. Ал, өткізіліп отырған шарамыз тойымыздың тұсаукесері болып табылады. Алда әдеби-мәдени, тарихи іс-шаралар өтеді. Ақмола облыстық сотымен бірлесе отырып, Абайдың қазақтың дәстүрлі сот билігі жүйесінде үлкен орын алатындығына орай, ауқымды конференция өткізбекшіміз. Ал, наурыз айының 13-інен бастап Абайға арналған апталық басталады. Онда мүшәйра, Абай өлеңдерін жатқа оқу, челлендж, флеш-моб сияқты іс-шаралар қарастырылып отыр. Соның ішіндегі ең үлкен іс-шарамыз жоғарыда айтылған халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Оған келуге Қазақстаннан, Ресейден, өзбек елінен белгілі ғалымдар, абайтанушылар қызығушылық танытып отыр. Өзіміздің мемлекет тарихы институтының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары қатысады деп күтілуде. Онда төрт-бес секция бойынша жұмыстар жүргізіледі. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша әрбір оқу орны осындай іс-шараны шетелде де өткізуі керек. Осы бағытта біз маусым айында Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласындағы мемлекеттік технологиялық институтында ашылған Абай орталығында үлкен шара өткізбекшіміз. Оның барысында ақын шығармашылығын насихаттаумен бірге, көрме ұйымдастырылады. Оған біздің білім ордасынан оқытушыларымыз, жас ғалымдарымыз, студенттеріміз баратын болады. Сондай-ақ, қыркүйек, қараша айларында да әр факультет пен колледжіміз өздерінің кешенді іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр. Көркемсурет-графика мамандығына оқып жатқан студенттер Абай көрмесін ұйымдастырады. Қазір бізде де челлендж басталып кетті. Әр факультет бірінен соң бірі Абай өлеңдерін оқуды эстафета түрінде жалғастырып әкетуде. Әсіресе, Абайдың «Сегіз аяқ», «Татьянаның әні», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері, қара сөздері, жыл мезгілдеріне байланысты өлеңдері мен насихат сөздеріне ықылас зор. Студент жас-
тарды Абайдың рухани құндылықтарының үлгісімен тәрбиелеуге жан-жақты көңіл бөлетін боламыз. Абай қашанда бізбен бірге. Оның баға жетпес мұрасын насихаттап жатқанымызға өте қуаныштымыз, – дейді.
Абай жылының ашылуына орай өткен рухани шарада Абай өлеңдерімен қоса, әдеби шығармаларынан үзінділер келтіріліп, Абай өлеңдерін жатқа оқудың ойын түріндегі нұсқасының да пайдаланылуы өте әсерлі шықты.
Абай Құнанбайұлының мерейлі тойына арналған салтанатты кеш соңы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылған «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» деген сөзімен аяқталды.
ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы отырған Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы баршамызға ортақ құндылық. Абайдың данышпандығы уақыт пен кеңістіктің еншісінде мәңгі жасарып, жаңғыра береді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар