Сын сәтте пәтер иелері кооперативтері неге жайбарақат?!.

Міне, елімізде әлемге тез тарап жатқан коронавирус пандемиясына байланыс-ты Президент пәрменімен төтенше жағдай жарияланғалы да екі аптаның жүзі болып қалды.
Әлем бойынша күн сайын қатерлі індеттен ажал құшып жатқан адамдардың санына қарап, бұл пәледен іш жиятындай жағдай бізде де қалыптасты деуімізге болады. Өйткені, бүгінге дейін біздің елімізде де 120 адамның осы коронавирусты жұқтыруы қатты ойландыратын жағдай. Қазір әрқайсымыз, баршамыз болып қалыптасып отырған жағдайды жете түсініп, осы індеттен сақтанудың, өз-өзімізді қорғаудың жолын қарастыруымыз керек. Өкінішке орай, қазіргі түрімізге қарағанда, көбімізде «коронавирус бізге жұға қоймас, айналып өтер» деген ой басым сияқты. Сол бұрынғыдай көшеде бір-бірімізді көрсек, қол алыспай тұра алмайтынымыз, кейде тіпті құшақтасып жататынымыз, үйге шақырып қойған қонағымызды да жөнелтіп, арқаны кеңге салуымыз соның айғағы іспетті. Мұны істетіп жатқан сол баяғы қазақы менталитет, яғни, «құдайдан» деп үйреніп қалған әдетке басатын жайбасарлық.
Дегенмен, біз солай ойласақ та, күннен-күнге өршіп бара жатқан коронавирустың олай ойламасы анық.
Содан болар, қазір ондай ойды былай ысырып, осы жұқпадан қайтсек сақтанудың барлық амалын қолданудан асқан міндет болмауы керек. Өйткені, коронавирус бірден-бірге жұғып, жылдам тараса, оған ие болу қиын соқса, кісі өлімі орын алса, бұдан ешқайсымызға, елге де, халыққа да жеңіл болмасы анық. Қазір соңғы мәлімет бойынша бес адамның ауыр халде жатқаны, көршілес өзбек мемлекетінің осы коронавирусқа қарсы бес күнде тұтас бір аурухананы салуға кірісіп кеткені тектен-тек емес.
Елімізде, сондай-ақ, облысымызда қатерлі індеттің алдын алу тұрғысында көп нәрсе істеліп жатқан сияқты. Газеттер, теледидардан беріліп жатқан хабарларға қарағанда, барлық шаралар қолданылып жатқандай.
Бірақ, күнделікті көзіміз көріп жүрген жайлардан ой түйсек, осы бір ортақ істен шет қалып отырған немесе соған жете бойламаған мекемелер де бар. Менің өз ойымша, сондай орындардың бірі – пәтер иелерінің кооперативтері. Мысалы, сол КСК-ларға әрбір үйдегі подъездердің есіктерінің тұтқаларына залалсыздандырғыш ерітіндімен шүберек орап қоюларына, подъездердегі тазалықты қадағалап, ондағы басқыштардың, олардың жақтауларының, пошта жәшіктерінің дымқыл шүберекпен сүртілуіне немесе мүмкіндігінше залалсыздандырылуына мән берулеріне болады ғой. Тым болмаса тұрғындардан ай сайын алып жатқан ақыларының есесінен осынау бір қиын кезеңде өздері біліп, сондай бір іске барса, халық та бағаламай ма?!
Жоқ, төтенше жағдай жарияланғалы қанша уақыт өтсе де, коронавирустан сақтанудың жолы тазалық, жоғарыдағыдай шаралар деп айтылып жатса да, пәтер иелерінің кооперативтері бұл жағынан сылбыр, тіпті, үнсіз. Соған қарағанда, коронавирустың алдын алу, тежеу жөнінде жоғары жақтан беріліп жатқан нұсқаулардың оларға қатысы жоқ сияқты.
Бұлай әрине, болмайды. Осы індетке қарсы күрес КСК-лардың да ортақ міндеті. Бір жұдырықтай жұмылса, билікпен, тұрғындармен бірге, өздеріне бекітілген үйлердің коронавирустан аман шығуын ойласа, бұл мекемелер де осы күрделі, ауыр сыннан неғұрлым аз шығынмен өтуімізге елеулі үлестерін қоса алады.
Сондықтан, бұл істен әзірше шет қалып отырған пәтер иелері кооперативтеріне жоғары жақтан бір дүмпу керек. КСК төрағалары мен төрайымдарымен көбі сонда ғана селт етіп, бұл жұмысты ұйымдастырмаса, әзір мойындары жар берер емес.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар