Жедел штаб шешім қабылдады

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен еліміздегі төтенше жағдайға байланысты құрылған облыстық жедел штабтың кезекті отырысы болып өтті.

Облыс әкімі елімізде коронавирус жұқпасының тіркелу фактісінің өсіп бара жатқандығын айтып, осыған орай, 31 наурыз күнгі сағат 19.00-ден бастап Ақмола облысының аумағында уақытша сипаттағы карантиндік шектеу шаралары енгізілетіндігін мәлімдеді. Әсіресе, аурудың ошағы елорда маңы, Целиноград ауданы болғандықтан, алаңдаушылық туып, талап күшейтілуде. Жалпы, тұтастай алғанда, осы кезеңде Ақмола облысының аумағына транзиттік жүк автокөлігін, сондай-ақ, азық-түлік тауарларымен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен, өндірістік тауарлармен, сонымен қатар, облыстың өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету материалдары тиелген жүк автокөліктерін қоспағанда, барлық автокөлік құралдарының кіруіне және шығуына тыйым салынады. Сонымен қатар, ішіндегі азық-түлік дүкендері мен дәріханаларды қоспағанда, ірі сауда орталықтары, саябақтар, монша кешендері, санаторлық-курорттық объектілер, сұлулық салондары, шаштараздар, азық-түлік, автомобиль, тұрмыстық заттар мен құрылыс базарлары, сондай-ақ, адамдар жаппай жиналатын басқа да объектілер шектеу шаралары уақытында өз қызметін тоқтатады. Дәріханалар мен дәріхана киоскілері жұмысын штаттық режимде жалғастырады.
Облыс тұрғындары өте маңыздылығы болмаса үйлерінен шығуын шектеуі қажет, маска мен біржолғы қолғап киіп, қолдарын антисептикпен жууы тиіс. 65 жастан асқан азаматтар өзін-өзі оқшаулау арқылы режимді сақтаулары тиіс. Жалпы, облыста тиісті қызметтердің карантин режимін енгізу дайындығы қамтамасыз етілді. Сондықтан, тұрғындар далаға шыққан күнде міндетті түрде маскалар мен медициналық қолғаптарды киіп, антисептиктерді пайдаланып отыруы керек.
– Тұтастай алғанда облыстың барлық аудандары карантин режиміне дайын. Жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық қорғаныс бригадасының және жергілікті әскери басқару органдарының әскери міндеттілерді шақыруға дайындығы қамтамасыз етілді. Облыс шекарасына кіреберіс жолдарда 8 блок-пост, ал, облыс орталығының шекарасында 12 блок-пост орнату жоспарлануда. Қиындықтар туындаған жағдайда полиция департаментінің жиынтық жасағы мен Ұлттық Ұланның 5510 әскери бөлімінің әскери қызметшілері көмекке келеді. Әрине, бұл шаралардың барлығы белгілі бір дәрежеде азаматтарымыздың құқығын шектейді. Алайда, оның бәріне түсіністікпен қарау керек. Өкінішке орай, жұқпа қарқыны өсіп келеді. Бүгін түнде ғана аурудың төрт фактісі тіркелді. Мұның бәрі аурудың басталған ошағы Целиноград ауданына қатысты деректер, – деді өңір басшысы.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар