Азық-түліктің кейбір түрлеріне шектеулі баға енгізіледі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режимінде өткен брифингте Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов төтенше жағдай кезінде азық-түлік бағасының өсуін тежеу жөніндегі шаралар жөнінде айтты.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы басқармалары мен аудан әкімдіктері облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу шараларын қолға алған болатын. Басқарма басшысының айтуынша, төтенше жағдай кезінде енгізілген карантин барысында азық-түлік саудасының барлық нысандары толық режимде жұмыс істейді, тауарлар дефициті жоқ. Кейбір тауарларға дефицит туындаған жағдайда өңірлік тұрақтандыру қоры, сондай-ақ, қажет болғанда мемлекеттік материалдық резерві іске қосылады.

–Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті. Бүгінгі күні ол 46,3 мың тоннаны, оның ішінде кәсіпорындарда 35755,1 тонна, қоймаларда 2094 тонна, сауда нысандарында 6494 тонна, тұрақтандыру қорында 1994,7 тоннаны құрайды. Бұл тауарлар 50 күнге жетеді. Облыста күн сайын 300 тонна сүт өнімі, 77 тонна ірі қара еті, 123 тонна құс еті, 2,2 миллион дана жұмыртқа, 1000 тонна ұн және өзге де тауарлар өндіріледі. Картоп, сәбіз, пияз тәрізді көкөніс өнімдері 100 тоннаға дейін тасымалданады. «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорында 1995 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бар. Тағамдар орталық базардағы «Қамқор» коммуналдық павильоны арқылы сатылады. Сондай-ақ, өңірлік тұрақтандыру қорын молайту мақсатында қосымша өнімдер сатып алынуда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 750 миллион теңге бөлінді,–деді басқарма басшысы.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы аудан, қала әкімдіктерімен, өңірлік кәсіпкерлік палатасымен, облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментімен бірге азық-түлік өнімдері бағасына күн сайын мониторинг жүргізеді. Бағаны ұйымдасқан түрде көтеруге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық бірлесе жұмыс істеу нығайтылды. Бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы негізінен, тұрақты. Төтенше жағдай енгізілген кезден бері картоп пен қанттың бағасы көтерілгені байқалады. Сондықтан, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ел экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс қажеттіліктерін үзіліссіз қамтамасыз ету үшін азық-түлік және өзге де тауарлардың шектеулі бағасын белгілеу тәртібі бекітілген.

–Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін бекітті. Оған ұн, нан, күріш, макарон, ет, сүт өнімдері, күнбағыс майы және өзге де тауарлар тәрізді 19 тауар кіреді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік комиссияда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 9 түрінің шектеулі бағасын енгізу мәселесі қаралды. 2020 жылы тауарлардың шектеулі бөлшекті бағасы 10 пайыздан аспауы тиіс. Сауда және интеграция министрлігі тауарлар тізімін енгізу және оларға үш жұмыс күнінің ішінде шектеулі бөлшекті баға белгілеу бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың ұсынысын қарауда. Әзір шектеулі баға бекітілген жоқ. Ол бекітілгеннен кейін БАҚ-да жарияланып, саудамен айналысатын субъектілерге жеткізіледі. Оның сақталуына біздің басқарма, қала мен аудан әкімдіктері мемлекеттік бақылау орнатады,–деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов.

Бұл әрине, құптауға тұрарлық. Шектеулі баға белгіленіп, қатаң қадағаланып отырғанда ғана қазіргі күрделі жағдайды бас пайдаларына жаратып қалғысы келген сауда саласындағылардың дегені болмайды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар