Мемлекеттік қызметті үйден шықпай, онлайн түрінде алуға болады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Бауыржан Ерімбетов мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде көрсету тәртібі туралы кеңінен баяндап берді.

–Елімізде коронавирус жұқпасы таралуына байланысты бірқатар шектеу шаралары қолға алынғаны белгілі. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын уақытша тоқтатты. Алайда, тұрғындар мемлекеттік қызметті электронды форматта ала алады. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы eGov.kz электронды үкімет порталында қол жетімді. Кейбір сервистер мен қызметтерді eGovmobile мобильді қосымшасы, Telegrambot, facebook, Вконтакте әлеуметтік желілері арқылы алуға болады, – деді  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Бауыржан Ерімбетов.

Сонымен қатар, ақмолалықтар онлайн режимде мемлекеттік қызмет алу кезінде толғандырған сауалдарына қоюлары үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарының 1800-ден астам білікті мамандары мен 1414 байланыс орталығының қызметкерлері тегін консультативтік көмек беретін болады.  Мұндай Call-орталықтар бір мезетте 1000 адамға кеңес бере алады деп жоспарлануда. Call-орталықтар дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Брифингте филиал директоры наурыздың 21-іне дейін құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырып үлгерген азаматтар дайын құжаттарды сол халыққа қызмет көрсету орталығында құжатты тапсыру орнынан ала алатынын жеткізді. Бүгінгі таңда облысымыздағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында 21 дайын құжатты беру терезесі жұмыс істейді. Облыс тұрғындарына құжаттары тек осындай жолмен беріледі. Көкшетау қаласына келсек, наурыздың 30-ынан бастап қала бойынша Әуезов көшесі 189 мекенжайында орналасқан №1 халыққа қызмет көрсету орталығында бірыңғай тапсыру терезесі жұмыс істеуде. Сондай-ақ, онлайн режимде көліктерін қайта тіркеген және жүргізуші куәліктерін ауыстырған автокөлік иелері дайын құжаттарын облыстық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып алуларына болады.  Сөзінің соңында филиал директоры барша ақмолалықтарды үйден шықпауға, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды ұстануға,  мемлекеттік қызметтерді онлайн түрінде алып, осылайша жақындарының денсаулығын сақтауға шақырды.  ­­

Брифингке қатысқан филиал директорының орынбасары Нұрбек Қайыржанов өткен аптадан бері мемлекеттік қызмет түрлері қашықтықтан көрсетіліп жатқаннан кейін тұрғындардан электронды сандық қолтаңба (ЭСҚ) алуға өтініштер көптеп түсіп жатқанын айтты. Себебі, электронды форматта көрсетілетін   барлық мемлекеттік қызметтерді алу үшін азаматтардың ЭСҚ-сы болуы міндетті.

–Төтенше жағдай және карантин кезінде азаматтарымыз электронды сандық қолтаңбаны үйден шықпай-ақ алулары үшін бір топ бағдарламашылар жұмыс істейді. ЭСҚ-ны онлайн алу үшін  тұлғаны сәйкестендіру қажет. Ол үшін фотоға түсіп, жеке куәлігіңіздің суретін жібересіз және видео арқылы байланысқа шығатын халыққа қызмет көрсету орталығы маманының сұрақтарына жауап бересіз, ­– деді Нұрбек Қайыржанов. ЭСҚ-ны осындай тәсілмен алу жеке тұлғалар және  заңды мекемелердің бірінші басшылары үшін қолжетімді. Бүгінгі таңда тұрғындарға 20 мыңнан астам ЭСҚ қашықтықтан берілген. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылған күннен бастап қазақстандықтарға 750 мың онлайн қызмет көрсетілген.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар