Облыста 10 мыңнан астам оқушы дәстүрлі оқыту әдісімен білім алады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн өткен баспасөз мәслихаты қашықтықтан оқыту жүйесіне арналып, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова қазіргі жағдайды баяндап берді.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушыларының қашықтықтан білім алатындығы әу бастан белгілі болып, 6-шы сәуірге дейін дайындық жұмыстары жалғасуы тиіс-ті. Үшінші тоқсанның каникулы да тәмамдалып қалды. Осы орайда, біздің облыстың жалпы орта білім беретін мекемелері қаншалықты дайын? Интернет ұстамайтын шалғайдағы ауылдар қайтпек?  Бұл жайлы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Балапайқызы жан-жақты таратып, айтып берді:

–Бүгінгі күні біздің облыста 556 жалпы орта білім беретін мекеме бар. Онда 127 мыңнан астам оқушы білім алуда. 6 сәуірден бастап барлық оқушылар қашықтан оқыту әдісі бойынша төртінші тоқсанның сабағын бастауға дайындалып жатыр. Дегенмен, осы 556 мектептің 187-сі  бұрынғы дәстүрлі түрде оқытылатын болды. Бұлар – шағын жинақталған мектептер, яғни онда білім алушылар саны 80 оқушыға жетпейді. Нақтылай түссек, бұл бастауыш мектептерде 3-4 оқушысы бар, негізгі мектептерде 20-30 ғана оқушы білім алатын және орта мектептерінде 50-60 оқушы оқитын білім ордалары. Сонымен бірге, ауыл мектебінде Интернет болғанымен, тұрғындарында онлайн сабаққа шығуға мүмкіндігі жоқ шалғай елді мекендердің де оқушылары аудан әкімдері мен білім бөлімдері басшыларының шешімімен дәстүрлі сабақ өткізетін болды, –деді.

Осылайша, бұл 187 мектептегі 10265 оқушы дәстүрлі түрде бұрынғы қалыппен білім алуды жалғастырады. Ал, қала, аудан орталығы және селолық округтер секілді оқушылары өте көп мектептер қашықтықтан оқытылады. Осы қашықтықтан оқытылатын мектептерге елді мекендердегі оқушылар санына қарамастан, облыстың төрт үлкен ауданы кіріп отыр. Бурабай, Ерейментау, Зеренді, Целиноград аудандарының барлық мектептері қашықтықтан оқытылатын болды. Целиноград ауданы айтпаса белгілі,  Нұр-Сұлтан қаласына өте жақын орналасқан және қазіргі таңда індеттің ошағына айналуда. Бурабай ауданы – трассаның үстінде тұрған үлкен аумақ.  Зеренді ауданы – облыс орталығына өте жақын орналасқан, ал, Ерейментау Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысының ортасында орналасқан жол үстіндегі аудан. Осындай себептердің салдарынан аудан әкімдері мен білім бөлімінің басшылары қашықтықтан оқыту керек деген шешім қабылдады.

Дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Республика бойынша бүгінгі күні қашықтықтан оқыту әдісімен дайындық мақсатындағы онлайн сабақтар өткізілуде. Ертеңгі күні сынып жетекшілер оқушылар мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 3-ші сәуір күні сынып сағаттары өтеді. Бұл ата-ана, оқушы және мұғалім арасындағы байланысты орнатуға арналған іс-әрекеттер. Нақты сабақ 6-шы сәуірден басталады. Онлайн сабақтар әр түрлі платформаларда өткізіледі. Оның барлығы мектеп оқушыларына түсіндірілген. Сонымен бірге, ватцап, телеграмм, мессенжерлері арқылы мұғалімдер тапсырмалар беріп, онлайн сабақтарын жүргізе алады. Брифинг барысында облыста қашықтықтан оқитын 1 мыңға жуық оқушыда ноутбук, компьютер секілді байланысқа шығатын құралдардың қажет екендігі айтылды. Бұл мәселені мамандар облысының білім беру ұйымдарындағы, мектептердегі компьютерлерді оқушыларға уақытша бере тұру негізінде шешіпті.

–Мұндай онлайн сабақтар бұрын болмаған, сондықтан ата-аналарды түсіністікпен қарауға шақырамыз. Өздеріңіз балаларыңызға көмек көрсете отырып, шыдамдылық танытуларыңыз керек. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов облыстық білім басшыларымен ақылдаса отырып, осындай шешім шығарып отыр. Халық арасында оқушыларды қазіргі уақытта каникулға жіберіп, шілде-тамыз айларында төртінші тоқсанды оқытады деген негізсіз пікірлер жайлы білім беру саласы де айтылды. Өздеріңіз білесіздер жазда балалар демалу керек. Сондықтан, осы төртінші тоқсанды республика бойынша онлайн түрде, қашықтан оқыту әдісімен оқытқалы отырмыз. Сабақ жоспар бойынша 25 мамырда аяқталады. Егер қосымша өзгерістер болса, хабарлаймыз  –деді Ботагөз Дүйсенова.

Төтенше жағдайға байланысты мектептерге енгізілген қашықтықтан оқыту әдісі кезінде оқушылар мен ата-аналар барлық жағдайға түсіністікпен, шыдамдылықпен, сабырлықпен қараулары тиіс.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар