Ұстаз – ұлағатты ұғым

Ата-анамның отбасында ұстазға деген құрмет ерекше болатын. Себебі, әкем марқұм мектепте істеп, тарих пәнінен сабақ берген-ді. Көзі тірі кейбір оқушылары әлі күнге дейін ол кісіні зор алғыспен еске алады.

Ардақты әкемнің жолын қуып, осыдан 52 жыл бұрын Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, Көкшетау облысы Қызылту ауданындағы №1 орта мектепке 1973 жылы мұғалима болып келген едім. Тапжылмай, осы оқу орнында 21 қызмет етіп, жүздеген оқушыларыма білім бердім. Өз балаларымыздың болашағын ойлап, 1994 жылы облыс орталығына отбасымызбен қоныс аударып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарих факультетінде істеп жүргеніме міне, 26 жыл болады. Аллаға шүкір! Адал еңбегімнің арқасында «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталып, университет тарапынан да талай марапаттауға ие болғанымды, ҚР Педагогика ғылымдары академиясының мүшелігіне қабылданғанымды мақтаныш тұтамын. Рүстем есімді ортаншы балам менің жолымды қуып, тарих факультетін тәмамдап, магистр атағына ие болғанына да қуаныштымын.
Мұның бәрін неге жазып отырмын? Жастарға үлгі болсын деген оймен. Қандайда мақала, эссе, естелік болсын, жеке басыңның жеткен жетістіктері, еңбек жылдарың оқырмандарға үлгі болмақ. Жалпы сөз жалықтырады, нақты сөз қызықтырады.
Біздің буын жастайымыздан қазақ даласының ғұлама ойшылдарының кітаптарын оқып, ой-толғамдарын бойына сіңіріп өсті. Алаштың ардақты да асыл азаматтарының «қазақ баласы білімге жақын болуы керек» деген өткір пікірлері, ұлы Абайдың ұмытылмас өсиеттері, Ыбырай Алтынсаринның теңдесі жоқ ақыл-кеңестері миымызға қонып, күш-жігер бергенін қалай айтпасқа?! Белгілі ғалым, білімді ұстаз, жерлесіміз Зейнелғабиден-әл-Омскауидің өз ғылыми туындыларында «Қазақ баласын 12 жасқа дейін өз тілінде оқыту керек. Одан соң жетпіс тілге үйретсең де, ол ана тілін ешқашан ұмытпайтын болады» деп айтып кеткен өсиеті әлі күнге дейін маңызды. Сонау Жапония елінің зиялы қауымы сондай тәртіпті қазіргі таңда жастарының құлақтарына құйып, бойларына сіңіруде.
Аяқ астынан тарап кеткен КСРО кезінен бастап ұстаз қауымына деген көзқарас әрдайым оң болды. Мектеп табалдырығын аттап, өмір өзенінің ағымына қосылып, сонау Мәскеуден, Ленинградтан, басқа да Кеңес Одағының ірі қалаларының университеттерінен, өзіміздің Алматыдан терең білім алып, ғылымға бет бұрған адамдар қаншама! Алысқа бармай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде жарты ғасыр ұстаздық етіп жүрген, Абылай хан, Шоқан Уәлиханов, Уәли хан, Көкшетау қаласы, Ақмола облысы туралы қаншама кітап жазып шығарған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуев Петропавл пединститутының түлегі. Осындай ғалымдар баршылық.
Қазіргі таңда ел басқарып отырған, өте білімді, білікті дипломат, бес тіл меңгерген, БҰҰ бас хатшысының беделді орынбасары болған, талай Еуропа елдерін көрген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр республикалық ұстаздар конференциясына қатысып, сөз сөйлеп, мұғалім қауымын бір қуантып тастады. Бос келмей, ұстаздар жалақысын төрт дүркін көтеретінін мәлімдеді. Мұғалімдерді әурелеп, мәжбүрлеп, үркітіп-қорқытып, ірілі-кішілі қоғамдық жұмыстарға тартуға тыйым салғанын жеткізді. Жергілікті әкімдерге осы жөнінде қатаң бұйрық берілетінін хабарлады. Осыны естіп, бір серпіліп қалғанымыз жалған емес, шындық.
Бұл дегенің нені аңғартады? Мемлекетте, қоғамда Қазақстан басшысы Қ. Тоқаевтың пәрменімен ұстазға деген көзқарастың өзгере бастағанын. Жасырып не керек, соңғы жылдары мұғалімдердің беделі күрт төмендеп кетті. Оған себеп, Батыс елдеріне еліктеу. Біздің кезімізде класта кезекші болу, еден сыпыру, тақтаны сүрту еш қиындықсыз, міндетімізге кіретін. Ондай тәртіп бала кезден еңбекке, ұқыптылыққа, тазалыққа, ұжымшылдыққа, ұйымшылдыққа баулитын. Ал, қазір небір ата-аналар кеуделерін керіп, оғаш мінез көрсетіп, ұстаздарға ауыр-ауыр сөздер айтып жатады. Соның салдарынан көптеген балалар жалқаулыққа, енжарлыққа бой алдыруда. Бұл ащы да болса, шындық. Жасырудың керегі жоқ. Бұған жалпы қоғам болып жол бермеуіміз керек. Ертеңгі күні Қазақстанның болашағын, экономикасын, халықаралық қауымдастықта беделін көтеретін бүгінгі шәкірттер. Сондықтан, оларға деген талап қатаң болуы өте орынды. Босаңсуға болмайды. Геосаясатта өз орнымыз болу үшін, алып көршіміз Ресей, Қытай елдерінен қалып қоймау үшін ұрпағымыз білімді, білікті, жігерлі де ақылды болуы бүгінгі күннің талабы.
«Ауруын жасырған өледі» дейді атам қазақ, сондықтан, кемшілікті айтпай, жасырып қалуды жөн көрмедім. Ақиқат қашанда керек. Қалың ұстаздар қауымын өткен Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, баршаңызға мол бақыт, зор денсаулық, ақылды шәкірт, ата-аналардың салиқалы қолдауын тілеймін!
Күлше ЖАПАРОВА,
Ш. Уәлиханов атындағы КөКшетау
мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, білім саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар