Серігім еді мына жарық – жалғанда!

Мына өмірді қанша дүние – жалған десек те, тіршілігін жасап жатқандарға бақыттың бақшасы. Оның жарық әлемінің аясында Ілияс екеуміз қосылған кезден бір жастықта басымыз түйісіп, жарты ғасырдан астам – 52 жыл 6 ай ғұмыр кештік.

Ақ жаулықты, кимешекті әже атанғаныма да біраз болды.

Енді Ілиясым бұл пәниден бақиға ұзаған, араға жыл түскен уақытта, көңілдегі мұңды күйімді «баяғыда…» дейтін әңгімемен қозғағалы отырған жайым бар. Өйткені, жасар жасымның күні төбемнен ауып, егделіктің етегінен ұстаған шағымда ғұмырыма серік болған, жүрегіме жылулық нұрын төккен, ықылас-мейірінің шапағатын арнаған шаңырағымыздың қайыспас қара нарындай салмақты жүгін көтере алған Ілиясым жайында бір ауыз естелік сөз айтуды өз парызым санадым.
Қазақтың қай жері де табиғатының көркемдігімен ерекше ғой. Бірақ, Ерейменнің келісті келбеті, басына бұлт оралатын Ақдіңі, таң шапағын ерте қабылдайтын Күншалғаны, баурайындағы мөлдір бұлақтары кәусәрімен мейір қандыратыны жүрегіме сағыныш сезімін құяды. Бұлай дейтінім Ілияс екеуміз Күншалғанның етегіндегі аралары қозы көштік Шәкей мен қойы қоралас, ел-жұрты аралас Ортақшыл ауылдарының тумаларымыз. Шәкейде жетіжылдық мектепті бітірген соң, білімін әрі қарай жалғастыратын шәкірттер Еркіншілік (қазіргі Ерейментау) ауданының орталығы болған Благодатное (қазір Олжабай батыр ауылы) селосындағы интернаты бар жалғыз ғана орта мектепте бас түйістіретін. Менен бірер сынып жоғары оқыған Ілияс та, өзім де сол Благодатное орта мектебінен қанаттанып шықтық.
Ауыл баласының сол тұстағы алғашқы еңбек қадамы жыл он екі ай бір-бірімен сабақтаса өрілетін шаруашылық тірлігінен басталады. Ілияс та мектеп бітірген соң «Ленинский» кеңшарында трактор рөліне отырды, көп ұзамай үш жыл міндетті әскери борышын өтеуге аттанды. Елге оралысымен 1963 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсті. Оның қолына қалам ұстар қарымды қаламгерлік қадамы, міне, сол тұстан бастау алады десем, қателесе қоймаспын.
Орта мектепті аяқтаған соң менің де өмір жолым ұстаздықпен сабақтасты. Жалпы, біздің отбасымызды ұстаздар әулеті десе де болады. Үлкен ағам Балташ Сыздықұлы Дүйсенов Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін үздік бітірген, атақты академиктер
П.Персидскийден, В.Сападан, ғалым, астрофизик Г.Тихоновтан тәлім мен тәрбие алса, Баян апам биолог, ал, менің өзім Павлодар педагогикалық институтын физика пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша аяқтадық.
Осы институтта оқып жүргенде алғашқы бір-бірімізге деген ықыластық сезім аға мен қарындастың, ауылдастың арасындағы сыйластық хат-хабар алмасудан, біртіндеп шынайы сүйіспеншілікке қарай ұласқанын да аңғармай қалдық. Әсіресе, Ілиястың маған көңілі ала-бөтен еді. Қолы босай қалғанда, сондай-ақ, мереке күндерінде ту шалғайдағы Алматыдан әдейілеп ұшақпен ұшып келетінін айтсамшы… Сол өміріме серік, шаңырағыма тірек, ұлдары Ғалымжан, Бауыржан, Дидарға, қызы Маралға, немерелеріне қабырғалы қамалдай қорған бола алған Ілиясымсыз биыл жаңа – 2020 жылдың босағасынан аттадық. Амандық болса, алда 80 жасқа толған күнін атап өтсек деген арман да жүрек түкпірінде жатқан еді. Бірақ, тағдырдың жазуы басқаша болды.
Екеуміздің бас құрауымыздың өзі ерекше оқиға. Екеуміз де студентпіз. Ілияс Павлодар қалалық АХАЖ бөліміне менің келісімімді алып, осы кеңсенің табалдырығынан аттарда ішке кіруден бас тартқаным бар. Өйткені, сол сәтте анамның: «Қызым, әкең қызығыңды көре алмай кетті. Оқуыңды бітіріп, дипломыңды алған соң тұрмысқа шығасың. Тегіңді өзгертіп, басқа азаматтың атына жазылып кетесің-ау», – деген сөзі санамда найзағайдай жарқылдаған болатын. Мұны тегі сұңғыла мінезді Ілияс сол сәтте мен айтпай-ақ түсінді ме, қасымыздағы құрбым Қайнелді қолтығына іліп алып, ішке кірді де кетті, Көп ұзамай екеуі жайраңдап шықты. Сөйтсем, құрбым неке куәлігіне мен болып қол қойыпты. Бұл жайды Ілияс арада апта өткенде барып айтты. Өзім өң мен түстің арасында жүрген қалыпта болғандықтан, олардың не істеп, не қойғандарына мән де бермеген екенмін. Сонда ғана оның мені өз тегімде қалдырғанын бірақ білдім.
Үйлену тойымыз студенттер арасында болғандықтан, Павлодар қаласының «Ертіс» аталатын ең тәуір мейрамханасында қызықты думанмен өтті. Осындағы Мұрат нағашымның үйіндегі жеңгем Надия етегі бисермен әдіптелген қалыңдыққа лайық әдемі көйлек кигізді. Бұл тойға Ерейменнен ешкімге сыр шашпай жасырын түрде үлкен жеңгем Раушан, сіңілім Бақыт, жақсы сыйлас болған досымыз, балалар дәрігері Қуандық Исабаев келді. Кейін қазақтың құдалық жол-жоралғысымен тойымыз Ерейментауда жалғасын тауып, мен туған шаңырағымнан Шәкей ауылына келін болып ұзатылдым. Бұл 1967 жылдың қыркүйек айы болатын. Келер жылы тұңғышымыз Ғалымжан Павлодар қаласында өмірге келіп, біріміз әке, біріміз ана атанғандық. Әттең, дүние-ай, сол Ғалымжанымыз мединститутта оқып жүргенінде, 25 жасында, жазғы демалысында 30 маусымда көлік апатынан қапияда қаза тапты. Бұл қаза мені де, Ілиясты да қатты күйретіп, жүрегімізге жазылмас жара салып кетті, артында алданышымыз болып Арда есімді немереміз қалды.
Ілияс отбасылы болған соң ҚазМУ-дегі оқуын сырттай бөлімге ауыстырды, мен дипломымды алып Ерейментау қаласындағы №2 орта мектепке физика пәнінің оқытушысы, ал Ілияс аудандық «Прогресс» (қазір «Ереймен») газетіне әдеби қызметкер әрі жауапты хатшы қызметіне орналастық. Отбасымыз көбейіп, Ерейментауда ұлымыз Бауыржан мен қызымыз Марал туды. Үш бөлмелі пәтерге қолымыз жетіп, ел қатарына қосылғандай бақ-қуатты тірлікке көштік.
Өзгерістің бәрі Ілиястың ҚазМУ-ды бітірген жылынан басталды. Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінің Ерейментау және Сілеті аудандарындағы меншікті тілшісі қызметіне шақырды. Ауданға іссапармен аяқ басқан газет қызметкерлерінің бәрі, бір шынаяқ шай болса да, үйімізге бас сұқпай кетпейтін.
Бірде газеттің сол кездегі басшысы Әнуар Ипмағамбетов ағамыз үйімізге қонаққа келді. Өздерінің мен жоқта қандай әңгіме тындырғанын білмеймін, дастарқан басында: «Ілияс қарағым, сенің сөзің сөз болғанымен, мынандай пәтерді тастап кетуге тегі келін көне қоймас?» – дегені.
Әнуар ағаның бұлай дейтін жөні бар. Жеті жыл бір мектепте қызмет етіп, әбден орнығып қалдым. Екі ставкамен жұмыс істеймін. Енді үйді де, жұмысты да тастап, күтіп отырған «нағашымыз» жоқ, Целиноградқа баруға аса құлықты да емеспін. Екеуінің әңгіме төркінен аңдағандағы менің көңіл-күйім осындай еді. Соны сезді ме, Әнуар аға: «Балжан келін, Ілиясың қарымды қаламгер, өтімді жазатын журналист, мына аудандық деңгейде қанатын кеңінен жая алмайды. Оған дүбірін қыздыратын қаламгерлер ортасы керек»,–деп менің іштей қарсылығымды сындырғандай болды. Тіпті тез арада Целиноградтан пәтер алуға қолдау көрсететінін де шегелеп айтты.
1974 жылдың аяғында Ілияс пәтер алғандығын телефон арқылы хабарлады. Менің орныма сабақ беретін мұғалім табылғанша мектептегі үшінші тоқсан басталып кеткендіктен, 1975 жылдың 12 наурызында Целиноградқа біржолата көшіп келдік.
Ілияс жұмысына тиянақты, тындырымды, жазғандарының бәрін шашау шығармай жинастырып отыратын ұсынықты жан еді. Редакциядағы жұмыстың жай-жапсарын сұрай бастасам: «Сенің алдыңда жүздеген шәкірт, олардың ата-аналары бар. Мен олар туралы сенен сұраған емеспін. Ендеше түздегі шаруаны отбасында бықсыту саған да, маған да абырой әпермейді», – деп шорт кесетін.
Облыстық газетте жұмыс істеп жүргенінде арнайы жолдамамен Алматы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілді. Целиноградтағы үш бөлмелі пәтерді тастап, үш баламды жетелеп, өзім №5 кешкі орта мектептің директоры қызметінен қол үзе Ілиясымның соңынан ілестім. Алматыда жағдайымыз жаман болған жоқ. Жылға жетпес уақытта өзім оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істеген «Юбилейный» мектебінен екі отбасына арналған жер үйден екі бөлмеге ие болдық.
Бірде Әмір-аға Нүркішев сырқаттанып, Алматыға ауруханаға келіп жатты. Ілияс екеуміз қолымыз қалт еткенде оған барып тұрдық. Соңғы барғанымызда Әмір-аға: «Ілияс, елге қайт, қартайған әке-шешеңе қарайлас, сен солардың ұлдан жалғызысың ғой», – деді.
Осы сөз қамшы болды ма, партия мектебінің дипломын алып, партияның ОК-нің «Қазақстан» баспасындағы істеп жүрген жұмысын тастап, қайтадан Целиноградқа келдік. Ол өзінің үйреншікті «Коммунизм нұры» газетіне орналасты. Совет құрылысы, партия тұрмысы бөлімдерінің меңгерушісі, жауапты хатшы, газет атауы «Арқа ажары» болып өзгергенде шолушы қызметтерін атқарды. Өндіре, көз майын тауыса, қолынан қаламын тастамай жазған кезеңдері болды бұл. Бұған оның 2010 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрген шығармаларының жинағындағы деректі повестері, ел-жер жайлы хикаяттары, Ереймен өңірінің айтулы сөз зергерлері мен ақындары, 1916 жылғы көтеріліс көсемдері, хас мергендер Жанайдар, Молдажан, Баласыздық т.б турасындағы мақалалары, сюжеттік очерктері, өзінің өлең-жырлары айғақ.
Оның 25 жылдық күміс тойымызда жазған мынандай жыр жолдары бар. Онда:
Дархандық әуелден тән ана атыңа,
Дем бердің жырларымның қанатына.
Жиынға сенсіз барсам құрдастарым,
Көрінер қоспайтындай санатына.

Дәл қазір абзал ана шағыңдасың,
Әрдайым ақиқаттың жағындасың.
Жүрегің – ізгіліктің қайнар көзі,
Адал жанға ағыңнан жарылғансың, –
делінген. Мұнысын мен маған берген шынайы мінездемесі және де жүрекжарды ыстық сезімі деп білемін.
Ілиясымның журналистік қызметі елеусіз қалған жоқ. Бірнеше медальдарға, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» төсбелгісіне ие болды, Ақмола елордасы – астанаға айналғандағы сүбелі мақалалары үшін ең үздік журналистік байқау материалдарының жүлдегері атанды. Оның алғашқы әңгімесі жас жазушылардың «Арман қанатында» кітабында жарық көрді. Ұзақ жылдар «қазақтың қамал – қорғаны» атанған, республикалық деңгейдегі «Бөгенбай батыр» қорына басшылық жасады.
Әрине, көңілдегі көп ойдың бәрін қотара ақтара алмағаным рас. Бірақ, мына дүние жарық – жалғанда өміріме серік болған абзал азаматым Ілияс Әшімұлы Қарағозин туралы еске алу күнінде осылайша толғануды жөн көрдім. «Жаны жәннаттың бақшасынан орын алсын!» – деген тілектемін.
Балжан СЫЗДЫҚОВА,
зайыбы.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар