Сұңқар көңіл самғаса…

қарымды қаламгер, марқұм Ілияс Қарағозиннің шығармашылығы хақында

Уақыт-құдырет! Міне, барлық саналы ғұмырында қарымды қаламын серік етіп, Арқа өңірінің жылт еткен жаңалығын жарыққа шығару жолында жүйелі жұмыс жасаған белгілі журналист Ілияс Әшімұлының бұл фәниден бақилыққа көшкеніне де жылға жуық уақыттың өрмегі ауыпты.

Алайда, араға айлар түсіп, жылыстап күндер өткенімен, қадірлі қаламдасымыздың кісілік келбеті уақыт салмағымен сомдалып, көзден кетсе де көңілден кетер емес.

Ілияс ағамыз шежірелі Ереймен өңіріндегі атақты Күншалған тауының баурайындағы Бөктергінің тумасы еді. Сүмбідей ақ қайындары сұлулық жарыстырғандай сылаңдап, тау төсінен шыққан сансыз бұлақтың мөлдір суы сылдырлап аққан Күншалған табиғаты қандай десеңізші! Құнарлы топырақтан өңген дәндей адам да туған табиғатына тартады. Ежелгі Ерейменнің биік дулығысындай аспанмен астасқан киелі Күншалғанның кәусар бұлағынан су ішіп, саумал ауасымен сусындаған Ілияс Қарағозиннің де таланттан құр алақан болуы мүмкін емес еді. Отыз жылға тарта бір ұжымда қатарласа қаламдас болып жүрген жылдарда Ілияс ағамыздың өнердің қай саласынан да қаражаяу емес екендігіне талай тәнті болған едім.
Газет жұмысында Ілекеңнің қай жанрға қалам тартса да, жеріне жеткізе жазатынын білетінбіз. Редакция тапсырмасымен кезінде Олжабай ақынның өмірі мен шығармашылығы хақында сериялы мақалалары жарыққа шыққанда, біз Ілекеннің қазақ ақындық өнерін тереңнен зерделеген зерттеуші, Олжабай Ңұралыұлының шығармашылығына ерекше қанық шежіреші екендігін жаңа қырынан таныдық. «Арқа ажарында» жарық көрген «Арқаға аты әйгілі Олжабай ең» атты мақаласында: «Осы уақытқа дейін көркем әдебиетте де, мерзімдік басылымдарда да мемлекет қайраткерлерін, батырлар мен ақындарды, түрлі тарихи тұлғаларды біржақты жазу жиі кездеседі. Олар – көбінесе ешқашан қателеспейтін кемеңгер, жауына мүлдем алдыртпайтын құдыретті күш. Кейде тіпті мифтік дәрежеге дейін көтеріледі… Ақынның өмірі-өлеңі. Бірінсіз бірінің күні тұл. Жыр жүрегі Олжекеннің өзі десек, ол өткен өмірін өлең жолдары арқылы кейінгі ұрпаққа сайрап айтып тұрғандай. Егер осы сырлы сезімге ақын жөніндегі кейбір деректерді қиыстыра отырып өрбітсек, оның дара тұлға ретіндегі болмыс-бітімі айқындала түсетіні анық», – деп Ілияс Қарағозин ақын шығармашылығын зерттеуде тосын үрдіс, тың бағыт ұсынады. Осы ойын, айтылмыш мақалада терең зерделеп, Олжабай Нұралыұлының ақындық, қайраткерлік бейнесін жаңа қырынан жан-жақты ашады.
Ілекең өзінің қырық жылға ұласқан журналистік жолында Ереймен өңірінен шыққан талай-талай тарихи тұлғалар мен озық ойлы замандастары туралы тебірене қалам тартты. Бұл реттен келгенде, Ілияс Қарағозинді шежірелі Ерейменнің жылнамашы-журналисі десе де болғандай. Оған халық ақыны Бекболат Меркемелиденұлы хақындағы «Қыран тілді Бекболат», 1916 жылғы Ереймендегі ұлт-азаттық қозғалысының хас батыры, атақты мерген Жанайдар Ыбырайұлы туралы жазған «Хас мерген еді Жанайдар», Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Балташ Дүйсенов туралы жазған «Іздейтұғын Ереймен бар артыңда» атты және басқа ел азаматтары хақында жазған толымды-толымды мақала-очерктері дәлел.
Газет жанрының романы – очерк болса, өзінің шығармашылық ғұмырының ең бір шұрайлы кезеңін өткізген «Арқа ажары» газетінде Ілияс Қарағозин нағыз очеркист қаламгер ретінде танылды. Ілекеннің мерзімдік басылымдарда жарық көрген «Кенші мұраты», «Жұлдызы жанса жігіттің», «Інім туралы сыр» атты очерктері оқырмандарының жоғары талғамынан шығып, тілшілік жолға түскен жас буын журналистердің «очерк» жанрын жазуда сабақ алатын шеберлік үлгісіне айналған шынайы туындылар ретінде танылған.
Мәселен, І.Қарағозин өзінің «Тау жайлап, қыр қыстаған» атты очеркінде: «Жер қайысқан қалың жылқы сонау өркеш-өркеш қыраттардан төмен қарай құлдилап келеді. Дүбірі құлақ жарып, тас қашаған алмас тұяқтарынан жан-жағына жарқыншақ шашылады. Қалың жылқы келе суға бас қойды. Жазға бергісіз күзгі күн шуағынан әбден қаталағандай, бауырынан су кешіп, тұнығын сүзіп ішіп барады», деп сайын дала еркесі – жылқы табынының табиғатпен тұтастыған шұрайлы тіл, керемет көрініс арқылы суреттеп, сөз өнерінің құдыретімен шынайы полотно жасайды Міне, бұл очеркист журналистің қаламынан шыққан туындысындағы шеберлік үлгісінен бір ғана мысал. Қарымды қаламы арқылы шығармалар жинағына кірген оңдаған очерктер мен бірнеше көркем әңгімелерін қалдырған Ілекеңнің шұрайлы ойынан туған мұндай қайталанбас суреттер қаншама!
Жалпы, күні бүгінге дейін танылған үш мыңға жуық мамандық атаулының ішіндегі ең ауыры да азаптысы атанған алғашқы ондықтың қатарында журналист мамандығы да бар екен. Ал, сол азапты да абыройлы мамандықтың, жолына барлық саналы ғұмырыңды сарп етіп, қаламыңды қолыңнан түсірмеу – шынайы азаматтық табандылықтың айғағы болса керек. Ілияс Қарағозин нақ осындай жүрек қалауымен таңдаған журналистік мамандығына өзінің барлық саналы ғұмырын, бойына біткен бүкіл табиғи қабілетін толық арнап өтті. Сондықтан, оның шығармашылық еңбегінің шұрайлы болуы да заңдылық.
Ілияс Әшімұлының ақындық қабілеті де бір төбе. Жүрек қалауымен таңдаған журналистік мамандығына адалдығын танытып, ол ақындық жолға дендеп түспеді. Алайда, біз оның артында қалған аздаған поэзиялық мұрасынан-ақ Ілияс Қарағозиннің шын мәніндегі лирик ақын екендігін танимыз. Мәселен, оның «Қоржынкөл» деген өлеңі Ілекеннің табиғат тылсымдарын тап басатын нағыз лирик екендігін көрсетеді.
Ақ шағала аспанда,
Толқыннан шабақ аңдиды.
Көл беті толас тапқанда,
Дем алып, қамыс қалғиды.
Қандай анық сурет! Сонымен бірге ақын Ілекең «Сұңқар көңіл» деген өлеңінде:
Сұңқар көңіл самғаса да қиянға,
Бірақ, өзім шыға алмадым қияға.
Бүркіт салған саятшыдай төменде,
Қарап тұрмын шыңды айналған қиялға,–
деп адамның ішкі толқынысының пернелерін тап басады.
Бүгін қатарлас қаламдасымыздың шығармашылық мұрасын ақтара отырып, марқұм Ілияс Әшімұлының қаламынан шыққан туындыларының құндылығына тағы бір мәрте тәнті болдық. Қатар жүрген күндердің ғибраты да ұғына білгенге ұлықтауға тұрарлық.
Ендеше, «орнында бар оңалады»! Осыншама шығармашылық мұрасы бар Ілияс ағамыздың да ұлағаты жаңғыра бермек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар