Сұхбат

Теріс діни ағымдарға жол берілмейді

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі АҚШ-та болған мыңдаған адамның өмірін қиған лаңкестік оқиға жаңа ғана есік қаққан 21-ші ғасырдағы адамзат үшін үлкен қатер – лаңкестік екендігін айқындап бергендей болған еді. Содан бері әлемнің әр түкпірінде орын алып жатқан дін атын жамылған қаскөйлердің қолымен жасалған лаңкестік әрекеттерден қаншама жазықсыз жандардың өмірі қиылуда.

Бұл қатерден біздің еліміз де сырт қала алмады. Қазіргі таңда діни экстремизммен күрес еліміз үшін мемлекеттік маңызы бар мәселе болып отыр. Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы дін істері бөлімінің бастығы Болат Қасенов өңірдегі діни бірлестіктермен жұмыс, қатерлі ағымдардың ықпалына ерушілікке тосқауыл қою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы өз ой-пікірімен бөліседі.
– Ақмола облысында көптеген ұлт өкілдері тұрады. Осыған орай, адамдар әртүрлі діндерді ұстанады. Жалпы, облыстағы діни ахуал туралы не айтасыз?
– Қазіргі күні облыста заңды түрде тіркеліп, жұмысын жүргізіп жатқан 190 діни бірлестік бар екен. Тарата айтар болсам оның – 89-ы ислам дінін ұстанушылардың бірлестіктері, 45-і – православие, 43-і – протестанттық шіркеу, 11-і – католиктер. Осы дәстүрлі діндерге қоса, 1 – «Бахай» дінін ұстанушылар мен 1 Халықаралық Кришна санасы қоғамы бар. Бұл аталған діни бірлестіктердің бәрі де дін саласындағы заңнамалар шеңберінде өз қызметтерін атқарады және құзырлы орган болып саналатын біздің тарапымыздан ұдайы бақылауда.
Дегенмен де, заң талаптарына мойынсұнбайтын дін өкілдері де бар. Қазір облысымыздың аумағында 10 тіркелмеген Евангел-христиан баптистері жұмысын жүргізеді. Біз олардың өкілдеріне әлденеше рет ескерттік, әкімшілік шаралар да қолдандық, бірақ та, Құдайдың ғана заңына бағынамыз дегенді желеу еткен аталмыш бірлестік өкілдері ескертулерімізді құлақтарына қыстырар емес. Олар жұмыстарын ашық жүргізбейді, десе де ресми емес дерек көздерінен баптистердің жасырын түрде діни рәсімдерді жасайтыны туралы хабар бар.
Заң талаптарына сай Құдайға құлшылық ету рәсімдері арнайы жабдықталған ғимаратта немесе бөлмеде жүргізілуі тиіс. Қазір облысымызда 150 құлшылық ету нысандары бар. Олардың – 89-ы мұсылман мешіттері, 28-і православие шіркеулері, 11 католик костелі және 22 протестанттардың мінәжатханалары.
– 1990-шы жылдарда сол кездегі заңымыздың олқы тұстарын пайдаланып алыс-жақын шет елдерден миссионерлердің ағылып келіп, жастарымызды жат діндерге тартқандығы есімізде. Қазіргі кездегі бұл саладағы жағдай қандай?
–Діни уағызды заң талаптарына сай құзырлы органда арнайы тіркелген миссионерлік қызметпен айналысуға құқы бар адамдар ғана жүргізе алады. Және миссионерлік қызметпен айналысатындардың бәрін бақылауда ұстаймыз, олардың заң шеңберінде қызмет етуін, заңды бұзбауын қадағалаймыз.
Бүгінгі күні облысымыздың аумағында 78 адам миссионерлік қызметпен айналысады және олардың бәрі заң негізінде тіркеліп, жұмыс істеуде. Сол миссионерлердің 22-сі Польшадан келгендер, 7-уі Филиппин азаматтары, 5-уі Ресейден, 1-еуі Германиядан келген. Қалған 43-і Қазақстан азаматтары. Тарата айтар болсақ, 32 миссионер православие дінін уағыздаса, 32-сі католицизмді, 14-і протестанттық діни бағытты уағыздайды. Миссионерлер тарапынан заң бұзушылық оқиғалар орын алып жатқан жоқ.
–Заң жүзінде тыйым салынған экстремистік діни ұйымдардың өкілдерінің еліміздің әр өңірінде бой көрсетіп жүргендігі туралы БАҚ айтып, жазып жатады. Біздің өңірімізде де тыйым салынған кітаптар таратып, теріс ағымдарды уағыздаған жекелеген азаматтардың сотталғандығынан хабардармыз. Қатерлі ағымдардың таралуына жол бермеу бағытында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Қазақта «жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар ғой. Өздерінің теріс жымысқы әрекеттерін білдірмей астыртын жүргізетіндердің қай жерде де ұшырасып жататыны жасырын емес. Сондықтан, дін қызметкерлерімен, теологтармен бірлесе отырып, біз ең алдымен халық арасында насихат жұмыстарын жүргізуге үнемі және жете көңіл бөлеміз. Бұл орайда, облыс әкімінің жанынан құрылған дін істері жөніндегі арнайы кеңес бар. Түрлі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құрылған 23 ақпараттық-түсіндіру тобы тұрақты жұмыс жүргізеді. Осы ұйымдарда 211 адам қатерлі ағымдардан сақтану туралы жұртшылық арасында насихат жұмыстарын жүргізуге белсене атсалысуда. Ақпараттық-насихат тобының мүшелері облысымыздың барлық өңірлеріне барып, түсінік жұмыстарын жүргізіп тұрады. Осы бағыттағы жұмыста біз ең алдымен, 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы мен 2018-2022 жылдарға арналған еліміздің аумағында діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны басшылыққа аламыз.
Биылғы жылдың басынан бері ғана ақпараттық-насихат тобы мүшелері 11945 адам қатысқан 502 көпшілік шараларын ұйымдастырып, өткізіпті. Облыстық ішкі саясат басқармасының конфессияаралық қатынастарды дамыту және талдау орталығының маман-теологтары жыл басынан бері 50-ге тарта адаммен жеке әңгіме өткізген. Ол адамдардың бәрі елімізде қатерлі ағым саналатын сәлафизм ағымының өкілдері.
Ақпараттық-насихат тобының белсенділері түзеу мекемелерін де назардан тыс қалдырмайды. Өйткені, облысымыздың аумағында орналасқан бірқатар түзеу мекемелерінде теріс діни ағымдардың өкілдері жазаларын өтеуде. Олардың өздері адасқандарымен қоймай, айналасындағы адамдарға да ықпал ету қаупі бар. Осы орайда, біздің ақпараттық-насихат тобының құрамындағы дін саласының білгір мамандары түзеу мекемелерінде түрлі көпшілік шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы жылдың басынан бері 56 жазасын өтеуші қатыстырылған осындай 18 шара өткізілді.
Сондай-ақ, біз насихат жұмыстарына бұқаралық ақпарат құралдарын да кеңінен пайдалануға тырысамыз. Жергілікті ақпарат құралдарында дін тақырыбындағы 430 материал жарияланды. Осы материалдардың 99-ы газет-журналдарда жарияланса, 7-уі телеарналарда телесюжет түрінде берілді. Сонымен бірге, интернет ресурстарда 324 материал жарияланды.
– Қазір жұртшылық көп қолданатын интернет, әлеуметтік желілер арқылы да теріс ағымға тарту жайлары орын алып жатады. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылуда?
– Біздің мамандарымыз әлеуметтік желілер мен интернетті ұдайы бақылауда ұстап отырады. Интернетте теріс ағымдарды насихаттайтын сайттар көп кездеседі. Мамандарымыз сондай сайттарды тауып, теріс ағымдарды насихаттайтын мақалаларды алып тастауды жүзеге асырады. Биылғы жылдың басынан бері басқарма мамандары «Instagram», «Тelegram», «Вконтакте» әлеуметтік желілерінде жазылған дәстүрлі діндердің қағидаларына қайшы келетін 261 мақаланы тапты. Ол мақалалардың бәрі «Кибербақылау» жүйесіне енгізілді.

Сұхбатты жазып алған Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар