Әкім – іс үстінде

Індеттің алдын алу – аса маңызды

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Ақмола облыстық Қоңыратбек Құрманбаев атындағы туберкулезге қарсы диспансерінде болып, емдеу орнының ұжымымен кездесті және мұндағы арнайы ашылған бөлімшеде коронавирустан емделіп жатқан сырқаттармен онлайн режимінде жүздесіп, хал-жағдайларын сұрап білді.

Өңір басшысы алдымен, диспансердің ауласы мен музейін аралап көрді. Атқарылған жұмыстарға назар аударды. Ұжымға алғысты сөзін арнады.
– Осыдан бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиямен күреске тартылғандарды қосымша қолдау шаралары туралы мәлімдеме жасады. Бұл жөнінде сіздерге белгілі, оларды дұрыс және қажетті шаралар деп санаймын. Өз кезегінде біздің тарапымыздан да қолдау көрсетілуде. Инфекциялық бөлімшенің барлық қызметкерлері 150 мың теңгенің көлемінде сыйақы алды. Алты мезгіл тегін тамақ ұйымдастырылған, жұмыс істеуге және тұруға қолайлы жағдайлар туғызылуда. Облыс бойынша коронавирус жұқпасымен күресу және біздің тұрғындарды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуда. Меншік түріне қарамастан, барлық құрылымдар жұмысқа тартылған. Жекеменшік кәсіпорындар біздің азаматтар үшін маскалар тігіп, антисептиктер шығаруда.
Бүгінгі таңда біздің облыста 638 адам медициналық бақылауда, олардың 272-сі ауруханаға жатқызылған. Коронавирус жұқпасы 18 адамда анықталып отыр. 16 сырқат Көкшетау қаласындағы облыстық туберкулезге қарсы диспансердің инфекциялық бөлімшесінде, 2 адам Нұр-Сұлтан қаласындағы фтизиопульмонология орталығында орналастырылған. Үй карантинінде – 366 адам. Жалпы, 1382 төсек-орын дайындалған. Олардың 135-і инфекциялық, 221-і провизорлық және 570-і карантиндік мақсатта. Бүгінгі таңда барлық балабақшалар мен мектептер жабылды. Көптеген ұйымдар қашықтықтан жұмыс істеуде. Тұрғындармен карантин кезінде коронавирустың жаңа ошағын туғызбау үшін барынша оқшаулану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сіздер күрделі жағдайда жұмыс істеп жатырсыздар. Қазір әрбір медицина қызметкері мен қарапайым адам белгілі бір қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Бүгінгі таңда сіздердің одан әрі қайда тұратындықтарыңыз жөнінде ұйымдастыру мәселесі қаралуда. Оның бірнеше нұсқаларын қарастырудамыз. Бұған қоса, сіздерге инфекциялық станционарлардың қызметкерлері ретінде жоғары тәуекел тобына жататындықтарыңызға байланысты 20 ең төменгі жалақы мөлшерінде қосымша төлемақы төлеу шаралары қарастырылған. Осылайша негізгі кірістеріңізге қоса, әр медицина қызметкеріне 850 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы аласыздар. Қазір аурудың тез тарауының алдын алу өте маңызды. Мен сіздерге осы жолда қажымас қайрат, күш-жігер және сергек көңіл-күй тілеймін. Біздің тарапымыздан карантиндік шараларды күшейту жолымен вирустың жұғуының алдын алу үшін барлық шаралар қолданылатын болады. Бүгінгі таңда облыстағы дәрігерлердің тұрмыстық жағдайларын жақсартуға да көңіл бөлудеміз. Облыс орталығында медицина қызметкерлеріне арналған 40 пәтерлік тұрғын үй құрылысына қаржы бөлінді,–деді облыс әкімі өз сөзінде.
Диспансердің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов өз сөзінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді. Бүгінгі таңда ауруханада 135 адам емделуде. Былтыр туберкулезбен ауырғандар саны 12 пайызға азайды. Үнемделген қаржы аурухананың материалдық-техникалық қажеттілігіне жұмсалады.
Облыс әкімі коронавирус індетін емдеуге арналған бөлімшенің жұмысымен танысты. Мұнда сырқаттар мен оларды емдеп жатқан ақ халатты абзал жандар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Ермек Маржықпаев онлайн режимінде коронавирус індетіне шалдыққан жандардың хал-жағдайын сұрап білді. Науқастар жағдайларының жақсы екенін айтып, алғысын білдірді. Облыс әкімі олардың тез арада жазылып кетуіне тілектес екенін жеткізді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар