Жүректегі ауыл

Еліңнің аты – халқыңның жады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп атап көрсеткен еді.

Бұл тіршілік иесінің ішкі толқыныстарын тербейтін, үнемі рухани биіктерге бастайтын құдыретті қасиет. Осынау ұлық ұстанымдар бүгінгі жайнаған қалаларға, түтінін түзу сақтаған ауылдарға, тіпті, қазіргі күні жойылып кеткен қазақтың кешегі құтты қоныс мекендеріне деген шексіз махаббаттан байқалады.
Біз санамалап өткен соңғы санаттағы ауылдардың бірі – Шоңай. Қазір орны жоқ болғанымен, әркімге өз Меккесіндей болған, азаматтардың жүрегін оңдырмай жаралаған ауылдың тағдыры тым күрделі еді. Кеңес үкіметі 1929 жылдан бастап жеті-сегіз киіз үйден құралатын ауылдардың оншақтысын бір жерге топтастырып, артель, соңынан колхоз құрды. Колхоз кезінде, бертінгі құрылымдық өзгерістер уақытында Шоңайдың шоқтығы биік еді. Ауыл тұрғындары ұжымдық еңбекке ұйымшылдықпен кірісіп, қоғамдық өмірдің барлық саласында айта қаларлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Олардың қатарында орден, медальдармен марапатталған Мүбәрак Қизатов, Изат Шәйменов, Нұрым Мусин, тағы басқалары бар. Түрлі мамандықты игерген шоңайлықтардың аты республикамыздың барлық өңірлерінде дерлік құрметпен аталады. Ж.Байқанов, А.Баширов сияқты азаматтар Мәскеудің өзінде техника ғылымдарының және медицина ғылымдарының кандидаты атағын қорғаған. Ал, Бота Құсайынов Көкшетау облыстық білім басқармасының басшысы болса, республикалық «Бурабай» сауықтыру орталығын ұзақ жылдар басқарған Қайырлы Құрмановтың еңбегі «Парасат», «Құрмет» ордендерімен бағаланды.
–Ұлы Отан соғысы жылдары біздің ауылдың 42 түтінінен майданға аттанған боздақтардың елуі қантөгіс қырғында ерлікпен қаза тапты,–дейді Шоңай ауылының тумасы Есет Нұралин. Тың жерлерді игеру науқаны басталғанда, ауылымыздан 5-6 шақырымдай жерден, қалың орманның ғасырлар бойы өскен қарағайларын қиратып, ертеден ата жұртымыз болған қасиетті мекеннің іргесінен «Симферополь» совхозы құрылды. Шоңай шаң астында қалды. Астық өсіруге құнары төмен, мал шаруашылығына ғана лайықты жерлерді жыртып, егіске пайдалану жоғарыдағы биліктің ірі қателігі екені артынан дәлелденгені мәлім. Осыдан келіп, біздің елдің адамдары жұмыс іздеп біразы жаңа совхозға, аудан орталығы Красноярға, басқа да жерлерге көшуге мәжбүр болды. Осылайша ел орнында жетімсіреп ата-бабаларымыздың зираты ғана қалды, жүректерде өшпес өкініш пен сағыныш қалды…
Газет оқырманы бұдан әрі әңгіме қозғамады. Бірақ, сөз ауанының астары түсінікті еді. Жүрегі атамекен деп соғатын азаматтар ауылдың атаусыз қалмауын аңсайды. Шоңай ауылының қайта жаңғыруы неғайбыл. Қалай дегенде де, бір белгі қалуын армандайтын жандардың ішкі дүниесін түсінуге де болады…
Біз осы орайда, Шоңай атауының төңірегінде түсінік бере кетуді жөн көрдік. Шоңай әйгілі Бұқар жыраудың «Ақбоз аттар мен ақ атан хикаясында» («Әй, Абылай, Абылай!», толғаулар, «Жалын» баспасы, 1993 жыл, 65 бет)
…Қалмақтың кетіп кенеуі,
Ойындары осылды.
Тауасар, Қара, Шоңайым,
Сендерменен шоңайдым.., –
деп әспеттелген халық батыры.
Қожамқұлдың баласы Шоңай 1700 жылдар шамасында туып, 1760-1770 жылдары қалмақтармен шайқаста мерт болған деп жобаланады. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында қазақ жасақтарының бәрі бір тудың астына бірігіп, Қабанбай батырдың басшылығына қарағаны айтылады. Шоңай алғашында Қабанбай жасағының мыңбасы, кейінде түменбасы, соңында Қабанбайдың оң қолы болды деген деректер де бар…
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар