Дәрігер

Тауға да ұрып, тасқа да ұрып сау басын,
Пенде шіркін, кеш ойлайды тәубасын,
Дәрігерді жаратқан ғой тәңірім,
Адамдарға рахымы мол болғасын!

Айнымаған адал ант пен сертінен,
Адам үшін еңбек еткен еркімен,
Дәрігерге құтқар дейміз бір сәтте,
Жылдар бойы жиған өмір дертінен!

Ертең қандай болар екен күнім деп
Емханаға кірген кезде дірілдеп,
Қарсы алады салауатты сабырмен
Ай сәулелі аппақ адам күлімдеп.

Бір өзіңе аударғанда зейінін,
Сезінесің періштедей пейілін.
Дертке дауа, жанға қуат болғандай,
Дәрігердің көзіндегі мейірім!

Жан қуантып жанардағы жылылық,
Оянады үзілмеген бір үміт.
Дәрігердің инесінің ұшында,
Қанша жанның тағдыры тұр ілініп.

Мың аурудың табамын деп бір емін,
Аямаған адамдардан тілегін,
Өмір отын сақтап қалған, өшірмей,
Дәрігердің аялаңдар жүрегін!

Баянғали Әлімжанов

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар