Мәдениет

Қашықтықтан байланыс жасау кедергі емес

Ақмола облысының мәдениет мекемелері елімізде жарияланған төтенше жағдайға қарамастан өз жұмыстарын қашықтықтан одан әрі жалғастырып, өнер сүйер қауымға қызмет көрсетіп келеді

Облыста карантин режимі енгізілгеннен бері облыстық тарихи-өлкетану музейі, басқа да көптеген ұйымдар өз жұмысын қашықтықтан жүргізе бастады. Музей қызметкерлері үйлерінде отырып-ақ өздерінің зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырып, түрлі мақалалар ұйымдастыруда, музей қорында сақталған жәдігерлерді катологтау жұмыстарымен айналысуда. Ал, музейге барып істейтін қызметкерлер онлайн-форматта іс-шаралар өткізудің жоспарын әзірледі. Оларды музей сайтынан және Фейсбук, Инстаграмм желілерінен тамашалауға болады.
– Бір ғасырлық тарихы бар музейімізде «Жәдігерлер тарихтан сыр шертеді» онлайн жобасы іске қосылды. Көптеген жылдар бойы ғылыми қызметкерлеріміз музейдегі бірегей жәдігерлердің топтамаларын жинақтады, олардың ішіндегі үздік танылғандары экспозициялық залда ұсынылған. Ондағы әрбір қойылған заттың, құжаттың немесе артефактың өзіндік мән-маңызы бар. Олар белгілі бір адамның ғұмырын, отбасының бастан кешкендерін, яғни, туған жердің тұңғиық тарихынан сыр шертіп тұр. Міне, осы орайда, жоғарыдағы жобаны жүзеге асыру үшін алғашқы бейнежазба әзірленді. Ол музей орналасқан ғимараттың тарихы жайлы түсірілді. Келесі бейнежазбалар да Ақмола тұрғындары үшін қызықты да қызғылықты болары сөзсіз, – дейді музей директорының орынбасары Анар Дүйсенбаева.
Наурыз айының соңында Атбасардағы Ілияс Есенберлин атындағы мұражайдың ғылыми қызметкерлері онлайн-режимінде «Өмір өзен» автобиографиялық кітабына шолу жасады. Оның авторы бүркеншік аты Асан Номад болып табылатын жазушының баласы Қозыкөрпеш Есенберлин. Аталмыш кітап 2004 жылы орыс тілінде жарық көрді. «Ілияс», «Махаббат», «Диляра» атты үш бөлімнен тұрады. Бүгінгі күні аталған кітаптың бірінші бөлімнің аудиожазбасы жасалды.
Ал, Степногорск тарихи-өлкетану мұражайы сәуір айының басынан «Жеңіс Батырлары» атты дәрістер циклін онлайн түрде іске қосты. Онда Степногорск жерінен шыққан Ұлы Отан соғысының батырлары туралы материалдар қамтылған.
–Біздің басқа филиалдарымыз да карантин уақытындағы жұмыстарын жос-парлап, онлайн режимінде өткізетін іс-шараларын әзірлеуде. Олар да белсенді іске кірісіп, онлайн режимінде бейнедәрістер, тақырыптық экскурсиялар, әдеби шолу шараларын ұйымдастырып жатыр, – деген жауап алдық облыстық тарихи өлкетану музейі қызметкерлерінен.
Сонымен бірге, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы да осы күндері өз жұмыстарын қашықтықтан белсенді дамытуда. «Біз оқырмандарымызға қашықтықтан қызмет көрсету үшін «Жанды кітап» жаңа форматын енгіздік» дейді кітапхана директорының орынбасары Галина Савенкова. Онда қазір «Абай және мен» атты кітапхана студиясы жұмыс істеп, Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының ұстаздары, кітапханашылар мен студенттер Ұлы Абайдың, Дулатидің, Ілияс Есенберлиннің және тағы да басқа ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы айтып, насихаттауда. «Жанды кітаптың» кейіпкерлері бірнеше минутқа автордың өзіне айналып, олардың іс-қимылдары мен сөйлеген сөздеріне жан бітеді, сюжеттер образға енгізіліп, басты кейіпкерлердің сезімдері әрекетпен көрсетіледі. Сонымен бірге, бұл жерде оқылып отырған шығармаға сілтеме жасалады. Қатысып, тамашалап көрулеріңізге болады.
Кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімі авторлық келісім жасалған жергілікті ақын-жазушылардың сандық форматтағы шығармаларын әлеуметтік желілерге белсенді салып тұрады. Кез-келген желі қолданушысы үйінде отырып оларды оқи алады. Сонымен бірге, кітапхана «жерлес жазушылардың топтамаларын» сандық форматқа ауыстырып, 3D кітаптарын жасауда.
–Республикада бірінші болып біз өзіміздің белсенді оқырмандарға 60+ желісін аштық, онда кітапханашылар оқырмандарға кітаптарды үйлерінің есігіне дейін апарып береді, бұған қоса, олар «Үйде оқимыз» атты бейнежазба түсіруде. Міне, осылайша біз электронды кітапхана жасап жатырмыз: әдебиеттерді сандық форматқа көшіріп, сандық форматтағы жарияланымдардың сапасын арттыру үшін редактор-бағдарламасымен жұмыс істеудеміз. Біз қазір шығармаларды «Magjan.kz» тарихи-әдеби порталында үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жариялау жұмысына дайындалудамыз, – дейді кітапхана директоры Талғат Ыбыраев. Сондай-ақ, ол: «Цифрлық Қазақстан» жобасын іске асыру шеңберінде қазақ ұлттық электронды кітапханасына біз ақмолалық авторлардың сандық форматтағы 250 кітабын тапсырдық, –деді.
Көпшілік жұмыстар бөлімі «Jandy kitap» челленджін ұйымдастыруда, онда қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары оқылатын болады.
Фейсбукте және кітапхана сайтында кітапханашылар танымал композиторлардың өмірбаянымен қоса, музыкалық шығармалардың тарихымен таныстыру үшін бейнешолулар жасауда, яғни, олар «Жаңа форматтағы классика» онлайн-айдарын жүргізуде. Ал, «Полиглот» жобасы аясында шетел әдебиеті бөлімі жас оқырмандарға бейне форматта үш тілде сабақтар өткізеді.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

(Скриншоттар облыстық өлкетану музейінен алынды).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар