КӨКЕЙКЕСТІ

Жан індеті

(Қазір бәріміз күрделі ахуалды бастан өткеріп жатырмыз)

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

(Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінен)

Әлемге аса қауіпті коронавирус атты індет Жер шарына күн сайын жайылып барады. Біздің елге де келіп жетті, шығын да бар. Енді не де болса, осынау індетті бірлесіп жеңуге тиіспіз, тіпті міндеттіміз!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың елімізде төтенше жағдай енгізуі және Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­лары­мен қатар, басқа өңірлерде де карантин жариялануы батыл әрі қажетті шара еді. Халықты аман сақтау міндетін діттеген бұл шаралар ел ішінде толық қолдауға ие болып отыр. Және де Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұс­қауымен арнайы қордың құрылуы да коронавирусқа қарсы тұтас ел болып қарсы тұрудың батыл қадамы.

Бүгінде осы адам баласының ақылы мен парасатын жегі құрт болып жеп, рухани жағынан жүдетіп, аздырып та тоздырып жатқан қауіпті тағы бір індет бар ма деп те ойланамыз. Бәлкім, ол жан індеті шығар! Сол жан індетінен қалай айығамыз?! Осы біз дүниенің арбауына түсіп, өзіміздің адам екенімізді де ұмытып кетуге айналған жоқпыз ба?! Бұған дәлел, әріге бармай-ақ біздің әке-шешелеріміз өз айналасына ешкім айтпай-ақ, үкіметтің қаулысынсыз-ақ, қайырымдылық қорларын құрмай-ақ, ешкімге жарияламай, жарнама жасамай-ақ өздері қолдарынан келгенше жақсылық жасап жатпаушы ма еді?! Енді қайырымды болуды, кемтарға қолұшын беруді, көмек көрсетуді айту керек, сол үшін жиын өткізу керек, қаулы шығарту керек… Адам екенімізді ұмытып кеттік пе дейтінім осыған орай айтылып отыр.

Жаратқанның адам баласын озбырлықтан, зорлық-зомбылықтан, дүниеге тойымсыздықтан соңғы рет сақтандырып отырғаны ма екен әлде бұл!? Біз, бәлкім, енді өмірге басқаша қарайтын болармыз. Өмірдің қымбат екенін ұғына түсерміз! Алпауыт мемлекеттер де адам баласының өміріне жауапты екендіктерін тереңірек сезіне түсер. Қақтығыстар, соғыс дегені­ңіз тыйылар! Жер бетіндегі адам баласының барлығының бақыт­ты болуына хақылары бар екендіктерін ұғынар билеушілер мен саясаткерлер. Қамшының сабындай қысқа ғұмырыңда дүниенің бар байлығын жиып алып, бауырыңа басып жата алмасыңды да ұғынармыз, бәлкім.

Қолымызға тиген билік пен бай­лықтың қызуымен есіре жүріп, Құдайын танымай кетуге айналған адам баласын бір оқ шығармай-ақ жойып жіберуге болатынына әлемді алаңдатып отырған мына коронавирус айқын көз жеткіздіре түскендей! Тіпті ендігі арада шынжыр табанды танктің де, зымыраныңның да, әлемнің кез келген нүктесіне әп-сәтте жететін атом бомбасының да қажет болмауы мүмкін…

Дүние жаралғалы адам баласы бірімен-бірі жауласып жатқанын да не етерсіз?! Сол жаулықтың қашан бітері әлі де беймәлім. Жер беті адам қа­нына да суарылған алапат қыр­ғынды соғыстар да өтті. Тағы да соғы­самыз деп қаруын сайлап және де сол қарудың небір жаңа түрлерін жасап шығару әлі де жалғасып жатыр. Дү­ниенің астан-кестеңін шығаратын қуатты қаруларын жұмсауға батылдары тағы да жетпей отырған алпауыт ел­дер адамзатты жер бетінен жоюдың бір құралы – бактереологиялық қаруды да «іске» қосудан тайынар емес. Иә, бак­тереологиялық қару қолдануға ты­йым салынған. Алайда халықаралық талап­тың орындала қаларына сенім бар ма?

Қазір ғылыми лабароторияларда түрлі қатерлі індет тарататын мик­робтар, вирустар бар екендігі жасырын емес. Адам баласын сеспей қатыратын індеттерді бақа-шаянға және неше түрлі жәндіктерге егіп, сынап көру де жетілдіріліп келе жатқаны анық. Өз мемлекетінің қауіпсіздігін қорғау үшін осындай қадамға бара отырып, тұтас адамзаттың өмірін қатерге тігуге бола ма екен? Адам баласының ақыл-парасаты қайда? Жанымыздың індетке ұшырағаны да осы емес пе екен?!

Әрине адам баласы соның ішінде біздің халқымыз да бұл індетті аман-сау жеңер де, өтер де бұл кеселден. Бірақ осы коронавирустың жалпы адамзатқа тигізген кесірі мен кеселі, опаты мен апаты бізге өмір бойы сабақ та болатын жайы бар екендігін ұға алсақ етті. Әлмисақтан бері мұсылман қауымының өлген кісіні жерлегеннен кейін ешқайда соқпай, бірден тек өз үйлеріне ғана қайтатыны да, үйге келісімен дәреттеніп, киген киімдерін қағып-сілкіп тазаланатыны да түрлі індетті таратып алмаудың бір тамаша өнегесі екен-ау!

Қу дүние үшін таңның атысынан күннің батысына дейін жанталасар адам баласы коронавирустың өте қауіпті екенін енді ұғына бастаған­дай. Соның ішінде біз де бармыз. Бұл індет адам баласына қауіп төндір­ген індеттің соңғысы болса бір сәрі. Қазір әлем ғалымдары мәңгілік мұздықтардың еруі және климаттың күрт өзгеруіне байланыс­ты адам­зат бұрын-соңды білмеген, ғылымға беймәлім індетке кезігетінін көптен айтып та келеді. Және де біздің кез келген қалаларымыздағы көпқабатты тұрғын үйлердің жертө­лелері қысы-жазы борсыған судан бір құрғамайтыны да, жаз болса маса­ның, түрлі құрт-құмырсқаның, тышқандар мен егеуқұйрықтардың жайлы мекендеріне айналғаны да жасырын жай емес. Көшелердегі жуынды мен тамақ қалдықтары тасталатын жерлерде егеуқұйрықтардың еркін жорғалайтынын да көріп жүрміз. Тіпті егеуқұйрықтың ауылды жерлерде де көбейіп бара жатқанды­ғы алаңдатады. Міне, осы жайлар­дың өзі біздің небір қатерлі індеттің үстін­­де өмір сүріп жатқанымыз емес пе? Қазақстан қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйлердің анти­сани­тарлық жағдайына ендігі арада көңіл бөлу аса қажет деп санаймыз. Осы іске деген жауапкершілікті арттыру үшін Үкіметтің тиісті қаулы қабылдағаны да артық болмас еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адамзаттың тағдыры ғалымдардың қолында» деген аталы сөз айтты. Бұл біздің елімізде ғылым мен ғалым­дардың жағдайына ендігі арада өзгеше көзқарас қалыптасар деген сенім ұялатады. Президенттің ғылым мен ғалымдардың жағдайына көңіл бөле бастауын қуана құптаймын. Біз бір мезеттік атақ-даңқ үшін қаржыны легионер футболшыларды сатып алуға, басқа да бір алаулы-жалаулы дүниелерге есіре жұмсаймыз. Ендігі арада ғылымды, талантты ғалымдарды қолдауға, вирусолог ғалымдар мен мамандарды даярлау ісіне барынша көңіл бөлуге тиістіміз. Қазақстандағы санитарлық және гигиеналық жұмыстардың қазіргі жайы мен жағдайы мемлекеттік деңгейде қайта қаралып, осы саланы барынша нығайтуға күш салынуы тиіс. Және де түрлі эпидемиялық жағдайда киетін бетперде, қорғаныс киімдерін шығару, дезинфекция жасауға қажетті дәрі-дәрмектерді жасап, өндіру ісін, инфекциялық осы заманғы ауруханалар салуды ендігі арада тұрақты жолға қойған дұрыс болар еді деп ойлаймыз.

Қазақ – құдайы халық. Бұл індет­тен де аман-сау өтетінімізге сенім­дімін. Тек тәртіп, тазалық, төтенше жағ­дайдың талаптарын сақтай білуі­міз шарт!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі

КӨКШЕТАУ

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Egemen Qazaqstan 7 сәуір 2020 жыл.

 https://egemen.kz/article/228091-zhan-indeti-qazir-barimiz-kurdeli-akhualdy-bastan-otkerip-dgatyrmyz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар