Облыстық әкімдікте

Белгіленген міндеттер жедел әрі нақты іске асырылуы тиіс

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде облысымызда болып өткен

қатты желдің зардаптарын жою жөніндегі жұмыстардың барысы, аймақта бой көрсете бастаған көктемгі су тасқынының алдын алу, сондай-ақ, коронавирус пандемиясының жайылуына байланысты облыста енгізілген төтенше жағдай кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бірқалыпты ұстау мәселелері қаралды.

–Секундына 30 метр  және одан да жоғары шапшандықпен соққан қатты жел мен дауылдың салдарынан облыс орталығы мен кейбір аудандарда электр қуатымен жабдықтау тоқтап қалды.–Бірқатар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың шатырлары зақымданды. Отызға жуық адам әртүрлі жарақаттар алды. Өкінішке орай, табиғат апаты Бурабай ауданында бір адамның өмірін қиды,– деді облыс әкімі.

Ермек Маржықпаев марқұмның отбасы мен туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Қазір коммуналдық қызмет пен азаматтық қорғаныстың барлық күш-мүмкіндігі табиғат апатының салдарын жоюға бағытталып отыр. Келтірілген шығынның көлемі есептелуде. Қатты желден зардап шеккендер тиісті көмек алады.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советовтың хабарламасына сәйкес облыстың 189 елді мекенінде электр жарығы өшіп қалған. Бүгінгі күні бұл жағдай қалпына келтірілді. Облыс орталығы мен Степногорск қаласындағы, сондай-ақ, 12 аудандағы 43 әлеуметтік, 6 коммерциялық нысан мен 70 тұрғын үйдің шатырларына келген зақым қайта орнына келтірілуде.

Осы күндері Жабайы өзені де арнасынан тасып, Сандықтау ауданының орталығы Балкашин селосында екі үйдің ауласына су кірді. Құтқарушылар күшімен 7 мың текше метр су сорылып,  өзеннің жағалауындағы бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілуде.

–Бүгінгі таңда облыстағы сауда орындары қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Азық-түлік өнімдерінің тапшылығы байқалмайды,–деді аппарат кеңесінде хабарлама жасаған кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов. – Күн сайын облыста 300 тонна сүт өнімдері, 77 тонна ет, 123 тонна құс еті, 2,2 миллион дана жұмыртқа, 1 мың тонна ұн және басқа да тауарлар өндіріледі. 9 азық-түлік түріне шекті баға белгіленген. Оны ескермей, азық-түлік бағасын көтергендерге ақшалай айыппұл салынады. Мұндай әкімшілік істерді аудан әкімдері, облыстық маңызы бар қала әкімдері мен олардың орынбасарлары қарап, тиісті шешім қабылдайды.

Өкінішке орай, облыстың өзінде өндірілетін азық-түлік өнімдеріне бағаны көтеріп қою фактілері де орын алуда. Айталық, «Смолл» супермаркетінде картоптың 1 келісі 159 теңге тұрады. Ал, «Жекебатыр» базарында оның бағасы 115 теңге. Сондай-ақ, өткен демалыс күндері орталық базарда ет тапшылығынан оның 1 келісінің бағасы 2500 теңгеге дейін көтерілгені белгілі болды. Қазір облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бұл жағдай тұрақтандырылып, орнына келді.

Аймақтық тұрақтандыру қоры төтенше жағдай кезінде азық-түлік өнімдерінің тиісті қорын жасап отыр. Қоймаларда бүгінгі таңда 1885,3 тонна азық-түлік бар. Қаладағы нан пісіретін кәсіпорындармен салмағы 550 грамм бір бөлке нанды 88 теңгеден сату жөнінде қосымша келісім-шарттар жасалды. Аудан және қала әкімдері қоймалардағы негізгі азық-түлік тауарларының қорын күн сайын қадағалап отырулары қажет.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі комитеттің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Алмат Фазыл төтенше жағдай енгізілгеннен бері Көкшетау қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа бағасы 10 пайыздан 42 пайызға дейін өскендігін тілге тиек етті.

–Қазақстан Республикасының заңы бойынша бағаны негізсіз көтерген сауда субъектілеріне тек әкімшілік қана емес, сонымен бірге, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған,–деді ол.

Аппарат кеңесінде сондай-ақ, білім, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, Көкшетау, Степногорск қалалары мен бірқатар аудандардың әкімдері сөз сөйледі. Сонымен бірге, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко мен Қорғалжын, Бурабай аудандарының әкімдері Берік Жанбаев және Әсет Мұздыбаевтың есептері тыңдалды.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев  аппарат кеңесін қорытындылай келе, белгіленген міндеттерді жедел әрі нақты іске асыру жөнінде тиісті нұсқаулар берді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар