Қазақ білсін!

Сүт тағамдары

Айран-шалап. Айранға суық су қосып, сапырып, шөлдегенде ішетін сусын. Айран-шалап деп кейде жалпы ақты да атаған. Оны ыстық күндері сусын ретінде қолданады.
Боза. Тарыдан, қонақтан, жүгеріден, күріштен тағы басқа астықтардан жасалатын ішімдік. Оны сусын ретінде де қолданады. Бозаның құрамына жарма, ашытқы, су қосады. Араластырылған қойыртпақты қайнатады. Ашыған қойыртпаққа су қосып аралас-
тырып, сүзіп алынады. Дайын болған бозаның күші дайындау әдісіне байланысты. Бозаны Қырғыз халқы жиі қолданады.
Іркіт. Құрт қайнату, кейде майын алып, іркітін сусынға ішу үшін сабаға, күбіге жинап ашытқан айран-қатық, шикі сүт. Іркіттің басын піскен сүттен ұйытып алып, сабаға құяды, кейде іркітті пісіріп, сапырып, сусын орнына да ішеді. Іркіт өте тоқ сусын. Қойдың іркіті, сиырдың іркіті, пісілген іркіт, пісілмеген іркіт, сабаның іркіті, күбінің іркіті деп аталатын түрлері бар.
Қаймақ. Бұл тағамның бірнеше түрлері бар: піскен қаймақ, шикі қаймақ, кілегей қаймақ, бал қаймақ, тағы басқалары. Олар май айы-
ру, шайға қату, талқан былғау және әртүрлі тағамдарға қосу үшін, кейде қаймақ күйінде пайдалану немесе басқа тамақтарға (нанға, бидайға, тарыға және басқа да кондитерлік тағамдарға) жағып жеу үшін әзірленеді. Піскен қаймақ пісірілген сүттің бетінен алынады, ол көбінесе сүтпен бірге шайға қатылып, бидай мен талқанды былғап жейді. Шикі қаймақ шикідей тұндырып қойған сүттің бетінен немесе сепаратор машинасына тартылған сүттен алынады. Кілегей қаймақтан да сары май алынады. Сірне немесе шырынды қаймақ деп, беті бір рет алынған сүтті пісіргенде тұратын майы жұқа аз қаймақты айтады. Қатықтың қаймағы деп ұйыған айран, қатықтың бетінде тұрған қаймақтарды атаған.
Уыз. Жаңа төлдеген малдың төлі емгеннен кейінгі алғашқы сүтінен пісіріледі. Өте дәмді ірімшік болады. Төл емгеннен кейінгі сары уыз бүйенге, ішекке құйылып, етпен бірге пісіріледі. Бұл уыз қазақ халқының мал төлдейтін айлардағы сүйсініп жейтін тағамы. Сиыры бұзаулаған адам бірінші уызынан көже жасап, қуанышын көрші әйелдерімен, басқа да туыстарымен бөліседі. Көжені молырақ жасау үшін уызды салқын жерге жинап сақтайды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар