Ұстаздық – жүрек қалауы еді!

«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға, ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай жырлағандай, мұғалімдік мамандық қай заманда да өз беделін жоймайтыны анық. Ұстаздық жолға жүрек қалауымен келген Мәнсия Әбжановамен болған әңгімемізден кейін «ұстаз ұлы тұлға» деген сөздің дұрыс айтылғанына көзіміз жете түскендей.

Кейіпкеріміз 1980 жылы Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Кеңеткөл ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Ауыл мектебінде оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығы оянып, түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болыпты. Жоғары оқу орнына түсерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық байқаудан әкелген жүлдесі алдына шамшырақ болып жағылып, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне бірден грантқа оқуға қабылданады. 2001 жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, Бурабай ауданы Қатаркөл селосындағы Әбілқайыр Досов атындағы орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Сонымен бірге, Қатаркөл ауыл шаруашылығы колледжінде аудармашы қызметін қатар атқарып, білім алушыларға іс жүргізу пәнінен сабақ берді. Мәнсия Әбжанованың жұмысқа деген жауапкершілігін байқаған колледж басшылығы оны директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындады.
Ұлағатты ұстаз 2005 жылы Қатаркөл ауылында болашақ жары Ниязбек Әбжановпен танысып, екеуі отбасын құрады. Кейін жолдасының жұмыс бабымен отбасы Біржан сал ауданына қарасты Макинка ауылына қоныс аударады. Міне, содан бері кейіпкеріміз Макин орта мектебінде еңбек етіп келеді. Бір жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Осы негізгі жұмысымен қоса, Макинкада орналасқан әлеуметтік медициналық мекемеде, нақтырақ айтсақ, «Мейірім» деп аталатын қарттар үйінде аудармашы болып жұмыс істейді. Айта кетейік, кейіпкеріміздің көп жылдар бойы құқық қорғау саласында қызмет еткен жолдасы Ниязбек Әбжанов та бүгінде Макин орта мектебінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінен сабақ береді.
Өнегелі отбасының төрт баласы бар. Үлкен қыздары Махаббат Көкшетаудағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында оқиды. Екінші қыздары Меруерт те оқушы. Бейбарыс пен Ханшайымы балабақшаға барады. Балалары ән айтқанды жақсы көреді. Бұл қасиет оларға аналарынан дарыған. Себебі, Мәнсия Сәбикенқызы жастайынан өнерге жақын, ақындық қабілеті де жоқ емес. Осы арада, оның Зеренді ауданында тұратын белгілі айтыскер ақын, мәдениет саласының ардагері Күләш Рақымжанованың туған сіңілісі болып келетінін айта кеткеніміз артық болмас.
«Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейілді» келеді демекші, Мәнсия Әбжанованың шәкірттері шетінен дарынды. Мәселен, 10 «а» сынып оқушысы Виктория Стаматова былтыр өзге ұлт өкілдерінің арасында өткен аудандық «Сәлем саған, туған жер!» патриоттық әндер байқауында және «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты облыстық сайыста жүлделі екінші орындармен марапатталса, 6 «а» сынып оқушысы Меруерт Әбжанова аудандық байқауда Абайдың шығармаларын жатқа оқып, екінші орынды еншілеп қайтқан. Сондай-ақ, 5 және 9 сынып оқушылары Аяулым Жұмахан мен Раббия Жасанова Баянғали оқуларында аудан әкімінің сертификатымен марапатталған.
Бізбен әңгіме барысында ұлағатты ұстаз Аяжан Қасымова, Айғаным Кенжебек, Татьяна Крамаренко секілді тағы бірқатар шәкіртінің есімін мақтанышпен атап өтті. Ұрпағымызды білім және тәрбие нәрімен сусындатып жүрген бала жанының бағбаны Мәнсия Сәбикен қызы білім саласына қосқан үлесі үшін Ақмола облыстық білім басқармасының, Біржан сал аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен және мақтау қағаздарымен марапатталған. Педагог-зерттеушінің аудан әкімінен алған Алғыс хаты да бар. Осы ретте, орыстың атақты педагогы Константин Ушинскийдің «Егер мұғалім өз бойына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз» деген нақыл сөзін кейіпкерімізге қарата айтқымыз келіп отыр. Себебі, Мәнсия Әбжанованың ұстаздық жолда кемелділікке жетуге қабілеті зор.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар